Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:12

Жамбыл облысы құл иелену дәуірінде жүр ме? Өгейлік көрген, құлдыққа түскен жеткіншектердің тағдыры

Құлдық
Фото: ЖИ

Жамбыл облысының Талас ауданында кәмелетке толмаған балалар құлдыққа жегілген. Оның өзін ешкім білмей қалар еді, әлеуметтік желіде тарап кеткен екі баланың видеосы шу тудырғаннан кейін ғана облыс әкімдігі, құзырлы органдар қимылдай бастады.

Бейнероликте ағалы-інілінің үлкені:

«Мен бес жыл тұрдым ба... Бес жыл бойы көрген қорлығым... Телефонымды алып қойды. Мал бағып жүрміз. Әр өткен көліктен сағат сұраймыз. Көретін қорлығымыз осы ғой. Бұлай қорлық көрмеп едім. Жатсам да, тұрсам да бір нәрсені ойлаймын, туған әкемнің қолына барсам деп. Үйдегі мамам сөйлегісі келеді, бірақ өзі қорқады. Көмектесіп жіберіңіздерші. Бір күні екеуміздің біріміз өлмесек... Көмектесіп жібермесеңіздер», – дейді.

Ал кенжесі өзінің атын атап:

«Бізге көмектесіңіздерші. Бізді алып кетіңіздерші. Қой жайғызады. Қой аз болып қалса да бізден көреді...» – деп, денесіндегі жарақаттар мен көгерген жерлерді көрсетеді.

Артынан өгей әкелері оларға аса қатыгездікпен қарағаны, өзі мал бақпай балаларды жұмысқа жеккені айтылды. Жеткіншектердің сөзінше, олар бір күн сабаққа барса, екінші күні алып қалып, мал бақтырады екен. Он жасар оқушы өз жасына сай төртінші сыныпта емес, екінші сыныпта оқиды, әлі сандарды толық білмейді. Мұндай өмір салтынан шаршаған балалар өткен-кеткен көліктерді тоқтатып, жағдайларын айтса, оған мән берген ешкім болмапты. Кейіннен көрші ауылдағы малшылардың бірі жеткіншектерді видеоға түсіріп, туыстарына байланысқа шыққан. Туған әкелерінің бауырына телефон соққан балалар: «Бүгін келіп алып кетпесеңіз қашам немесе өлем», – депті. Осыдан соң Жанерке Нұрмұхамед інілерін Алматыға алып кеткен.

Ал 6 тамыз күні Көктал ауылының тұрғыны полицияға барып, үш баланың жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Кейіннен олардың Алматы қаласында туған әкелерінің жанында екені белгілі болды. Барлық мән-жай анықталған соң 16 жасар егіз бен 10 жасар бала Тараздағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізілген. Видеоға екі бала түскенімен, шын мәнінде үш жеткіншек «құлдықта» болған.

Белгілі болғандай, балалардың анасы бірінші жұбайынан ажырасқан соң Көктал ауылының азаматымен отбасы құрған. Оның бірінші некедегі балаларынан бөлек, үш кішкентайы бар. Осы бес жылға жуық уақыт ішінде үлкен үш ұл өгей әкелерінен озбырлық көріп келген. Алматыдан Таразға келген соң қабылдап алған орталық мамандары жеткіншектердің денсаулығына айтарлықтай залал келтірілгенін растады. Тіпті екі рет жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты.

Осыған дейін ай қарап келгендер мәлімдемешіл бола қалыпты

Оқиға қоғамның назарына ілінген соң Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева түсініктеме берді.

«Жамбыл облысының Талас ауданында кәмелетке толмаған балалардың құлдықта ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Балалардың тұрған жері анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өңірлік уәкіл Дәурен Бағжанов барлық мән-жайды анықтау үшін балаларға бара жатыр», – деді ол.

Жамбыл облысының полиция басқармасы да бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын мәлімдеді:

«Кәмелетке толмағандар Тараз қаласына жеткізіліп, тергеу амалдарын жүргізу және психологиялық, заңгерлік көмек алу үшін Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Бұған дейін олар толық медициналық тексеруден өткен. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, ол қазір Талас ауданында жұмыс істеп жатыр. Барлық кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады».

Алдымен бала құқықтары жөніндегі уәкілдер мен полиция басқармасы ғана мәлімдеме жасаса, одан соң іске облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ішкі істер министрі Ержан Сәденов те араласты. 9 тамыз күні ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев күдіктінің қамауға алғанын хабарлады. Ал 10 тамызда Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын, оған облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететінін, тексерістер жүргізілетінін мәлімдеді. Енді өңірдегі өзге де білім мекемелері жан-жақты зерделенбек.

Резонанс туып жатқан шақта жауапты әкімдер мен министрлердің «бақылауы» күшейіп, мәлімдемелері көбейеді. Ал бұған дейін мектеп пен білім басқармасының, сынып жетекшілер мен психологтардың қайда қарағаны белгісіз. Одан бөлек, жергілікті әкім мен имам да осының бәрінен хабардар болған деседі. Ол жайлы балалардың әпкесі айтты:

«Көктал ауылының әкімі де, жергілікті имам да оқиғадан хабардар болған. Бірақ ешқандай шара қабылдамаған. Ісімізді бұрмалап жатыр. Балалар Талғарда да, Таразда да тексерістен өтті. Нәтижелер зорлық-зомбылық фактілерін растады. Бірақ аналары өзінің азаматтық некедегі жарының жағында. Көктал ауылының әкімі Қайрат мырза ситуацияны білген. Үйлерінде сондағы мешіттің имамы да болған, бәрін көрген. Алайда біреуі де балалардың жайын ойламаған. Олар да жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бүкіл көрші-қолаң, бүтін ауыл балалардың үйден шықпайтынын, футболдың не екенін де білмейтінін, жағдайдың дұрыс емес екенін білді. Колледж студенті ретінде алатын 120 мың теңге стипендияларын да өгей әкелері алып отырған. Оқытушылар осының бәрін көріп отырып қалай үндемеді? Ал енді тергеушілер істі бұрмаламақшы. Құлдық деген бала байланған және тамақ ішпеген жағдайда ғана деп жатыр. Ал соққылар мен ауыр жұмысқа жегу есептелмейді екен», – дейді Жанерке Нұрмұхамед.

Құлдықтың анықтамасы және жауапкершілігі

Мектептің жауапкершілігіне тоқталсақ. Бұл жөнінде педагог Жанаргүл Ғалымжанқызы айтты:

«Мектепте жүйе бар. Ондағы балалардың жағдайын үнемі бақылауда ұстайтын сынып жетекші мен әлеуметтік педагог. Негізінен сынып жетекші өзі байқаған мәселелерді әлеуметтік педагог пен мектептің психологына жеткізіп, сигнал беріп отыруы тиіс. Ал әлеуметтік педагог әр баланың әлеуметтік картасын толтырады, психолог жалпылай да, жеке-дара да жұмыстар жүргізеді.

Бұл кейсте, баланың сабаққа жиі келмеуі, бет-әлпеті мен өзін-өзі ұстауы, жарақаттары, сол секілді белгілері назардан тыс қалған ба деп қаласың. Шынында, ата-анамен байланыс, тіпті қажет болған жағдайда баланың үйіне бару жағы да қарастырылуы керек. Қандай да бір жағдайлар анықталса, оны мектеп басшылығына жеткізу, ата-анасын арнайы комиссияға апару сынды қадамдар қабылдануы қажет. Әрине, мектеп директоры баланы ата-анадан тартып ала алмайды. Сондықтан керек деп танылса жағдайды білім бөліміне, ондағы жауапты мамандарға жеткізу дұрыс. Осы шаралар орнымен, құжаттармен жүргізілсе, балаларды мұндай жағдайға дейін жеткізбеуге болар ма еді?».

Ал құлдық мәселесі жөнінде заңгер Аружан Қанжігітовадан сұрадық.

«Қазіргі құлдық «нео-құлдық» деген атау алып жүр. Ол біз тарихтан оқыған құбылыс емес. Бүгінде бұл ұғым адамның бостандығын шектеу, оны еркінен тыс, мәжбүрлеп жұмыс істету немесе заңға қайшы әрекеттерді мәжбүрлеп жасауды білдіреді. Әдетте құлдыққа түскен адамнан оның құжаттарын, байланыс құралдарын тартып алады. Тағы таңдау еркі мен қозғалыс еркінен айырады. Зорлық-зомбылық сипаттағы әрекеттер де болуы ықтимал. Адам немесе бала саудасы, жыныстық сипаттағы құлдық, ағза сату сынды неше түрлі қылмыстар осы құлдық ұғымымен жиі қатарласып жүреді.

Елімізде адам саудасы құрбандарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау жөніндегі заңдар бар. Негізінен қылмыстық кодексімізде «адам ұрлау», «адам саудасы», «бас бостандығынан заңсыз айыру», «кәмелетке толмағандар саудасы», «кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тарту» сияқты баптар арқылы қаралады», – дейді маман.

Иә, Қазақстанда қылмыстық кодекстің жыныстық немесе еңбек құлдығына, балаларды сатуға байланысты баптары адам саудасы ретінде қаралады. Мұндай фактімен 2025 жылдың бірінші тоқсанында-ақ 116 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның 54-і «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бабына, 20-сы «Бас бостандығынан заңсыз айыру», 18-і «Адам ұрлау» бабымен. Ал үш жеткіншектің ісі бұл баптарға қатыссыз қаралатын сияқты. Біз осы мәселелерге қатысты сауалдарымызды Жамбыл облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжановқа қойдық.

«Нақтысын құзырлы органдар айта жатар. Ал менің пікірімше, істі құлдық, яғни бас бостандығынан заңсыз айыру тұрғысынан қарауға болады деп айтуға әлі ерте. Оған толық көз жеткізілуі керек, тергеу анықтауы тиіс. Құрылған комиссия көршілермен, мектеппен, өзге де жауапты құзырлы органдар бұл отбасымен қалай жұмыс істеді, сол тұрғыда ақпарат жиналып жатыр. Картинаны толық анықтауға тырысып жатырмыз. Комиссия бірнеше топқа бөлініп жұмыс істеп жатыр, қорытынды жақында шығады», – дейді Бағжанов.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: