Жамбыл облысы полициясының басшысы қызметінен кетті

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, полковник Бақытжан Малыбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Малыбаевтың өзі рапорт жазып, соған байланысты ішкі істер министрінің бұйрығымен атқарып отырған қызметінен босатылған. Ол бұл лауазымда бір жылға жуық уақыт — 2024 жылғы 24 қыркүйектен бастап істеген еді.
Бұған дейін Жамбыл облысы полициясы бастығының орынбасары Тимур Ниталиев қызметінен қуылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Осы оқиғадан кейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомствода кадрлық тазалау жүріп жатқанын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 3 күн ішінде 2 мектеп оқушысы қаза тапты. 12 қыркүйекте Жамбыл облысының Көккайнар ауылында 15 жастағы жасөспірім жоғарғы сынып оқушылары ұрып, көз жұмса, бірнеше күн өтіп Тараз қаласындағы №47 орта мектептің 9-сынып оқушысы да қайтыс болды.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға мектептің әжетханасында болған. Әзірге ресми ақпарат жоқ, алайда болжам бойынша, сыныптасы оны ұрған.
Осы оқиғалардан соң қоғам арасында Жамбыл облысында бандитизм белең алып кеткен. Қарашөкеев жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр, жастар «көше кодексімен» жүреді, заң орындалмайды» деген сынды наразылық сөздер тарап жатыр.
Jas Alash бұл туралы көлемді мақала жазды. Оны мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.