Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

Жамбыл облысында алты жасар баланың өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Ауруханадағы бала
Фото: ЖИ

Жамбыл облысының Құлан ауылында алты жасар баланың күтпеген жерден қайтыс болғаны белгілі болды. 

Бұл туралы блогер Абдулла Жолаев хабарлады. Оның айтуынша, баланың жағдайы бірнеше күн бойы нашарлап тұрғанына қарамастан, дәрігерлер уақытылы көмек көрсетпеген.

«Бала 29 қыркүйектен бері өзін нашар сезінген. Туыстары бірнеше рет емханаға жүгінгенімен, нақты көмек ала алмаған. Баланың тәтесі тізерлеп тұрып дәрігерлерден жалынып сұраған. Тек 7 қазанда ғана оны зорға ауруханаға жатқызған. Бірақ ауруханада жатқан күннің өзінде нақты диагноз қойылмаған. Дәрігерлер тек „Креон“ деген дәріні берумен шектелген. 10 қазан күні таңертең баладан айрылып қалдық», — деп жазды блогер баланың туыстарының сөзін келтіріп.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл фактіні растады. Ведомствоның ресми жауабында баланың ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылғаны айтылған.

«2025 жылғы 7 қазаннан бастап балаға тиісті тексерулер мен ем жүргізілді. Науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. 10 қазан күні сағат 06:55 шамасында бала кенеттен көз жұмды. Өлім себебі анықталып жатыр. Арнайы тергеу басталды», — делінген басқарманың жауабында.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Көпшілік денсаулық сақтау жүйесіндегі салғырттық пен жауапсыздықты сынға алды.

Айта кетейік,  Осы ауруханада бұдан тура екі жыл бұрын дәл осы баланың анасы да қайтыс болған.