Жамбыл облысында ауыл балалары әкімдік ғимаратында оқып жүр
                                        Жамбыл облысындағы Күшаман ауылының мектебі апатты деп танылған соң, оқушылар мен мұғалімдер жергілікті әкімдік ғимаратына көшкен.
Енді 120-дан астам бала мен мұғалімдер тар бөлмелерде екі ауысыммен сабақ оқуға мәжбүр.
Мектеп директоры Нұржан Саденовтың айтуынша, жаңа оқу жылы мұндай жағдайда басталады деп ешкім ойламаған:
«Наурыз айында комиссия келіп, ғимараттың қабырғалары жарылып, іргетасы шөгіп кеткенін анықтады. Содан кейін мектепті мүлде пайдалануға болмайды деген шешім шықты. Бізді уақытша әкімдік ғимаратына көшірді. Мұнда алты-ақ кабинет бар, соны екі ауысыммен бөліп отырмыз», – дейді ол.
Балаларға да, мұғалімге де қиын
Күшаман ауылындағы әкімдік ғимаратында бір мезетте бірнеше мекеме орналасқан: ауылдық әкімдік, полиция пункті, кітапхана және балабақша. Олардың арасына оқушылар да қосылған соң, ғимарат мүлде тарлық етіп жатыр.
Жергілікті билік ауылға жаңа мектеп салынатынын айтады. Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев:
«Жоба дайын, облысқа жіберілді. Құжаттар сараптамадан өтсе, 2027 жылы жаңа 100 орындық мектеп пайдалануға беріледі», – деп сендірген.
Алайда ауыл халқы бұл уәдеге күмәнмен қарайды. «Біздің мектеп бұдан үш жыл бұрын да жөндеу тізіміне енген. Бірақ қағаз күйінде қалды. Енді тағы екі жыл күтеміз. Балаларымыздың тағдыры не болады?» – дейді ата-аналар.
Ұқсас жағдайлар көп
Мұндай мысал Күшаманмен шектелмейді. Алматы облысының Нұра ауылында да балалар әкімдік ғимаратында білім алып жүр. Ал солтүстік өңірлердің кей мектептерінде балалар көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.