Жамбыл облысында кәсіпкерлер мемлекеттен 321 млн теңге жымқырған

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды бөлу кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттер әшкереленді.
Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Тексеру нәтижесінде, 2015–2022 жылдар аралығында «Меркі тәжірибе шаруашылығы» және «Жеміс-жидек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары өздерінің қол астындағы қызметкерлермен келісіп, жүзім мен жеміс ағаштарының көшеттерін сату жөніндегі құжаттарды қолдан жасағаны анықталды. Олар мемлекетке тапсырған есептерінде сатылған өнімнің көлемін қасақана бірнеше есе асырып көрсеткен.
Бұл схема арқылы кәсіпкерлер мемлекеттік субсидия түрінде 321 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.
Қылмыстық іс сотқа жетіп, нәтижесінде ЖШС басшыларына 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оларға 10 жыл мерзімге мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда қызмет атқаруға тыйым салынды.
Соттың үкімімен алаяқтық схемасына көмектескен бес қызметкер де жауапкершілікке тартылып, олар 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Прокуратураның мәлімдеуінше, бұл – ауыл шаруашылығына арналған қаржылай қолдауларды заңсыз иемденуге қарсы күрестің нақты нәтижесі. Ведомство болашақта мұндай деректердің алдын алу үшін мемлекеттік субсидиялау тетіктеріне бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.