Жамбыл облысында киберқылмыс 30 пайызға көбейген

Цифрлық кеңістік адам өмірінің барлық саласына етене еніп, күнделікті әрекеттеріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны рас.
Осындай кезде интернет желісіндегі қауіп-қатер де өрши түсті. Әсіресе онлайн алаяқтық түрлерінің түрленіп, күрделеніп бара жатқаны бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жамбыл облысында бұл құбылыстың ауқымы артып, киберқылмыстардың саны 2024 жылы 30 пайызға көбейген. Бұл тек сандық дерек емес, бұл цифрлардың тасасында сан соғып қалған тағдырлар, үміті үзілген қариялар, ақшасынан айырылған азаматтар тұр. Соның ішінде Жамбыл облысы бүгінде киберқылмыстың жиі тіркелетін өңірлердің бірі ретінде ерекше назар аудартып отыр. Жергілікті құқық қорғау органдары осы сандық қылмыстарға қарсы жүйелі түрде әрекет етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізе бастады.
Мәселен, Бас прокуратураның мәліметінше, Жамбыл облысында соңғы жылдары 300-ден астам адамды алдаған қылмыстық топ мүшелері ұсталған. Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен құрылған Cyberpol атты ведомствоаралық жедел топтың үйлесімді жұмысы нәтижесінде 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықта 300-ден астам интернет алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінген 12 тұлға қолға түсті. Бұл – ұзақ уақыт бойы жасырын әрекет еткен, құрылымы ұйымдасқан және әрекет ету тәсілдері күрделенген топтың әшкереленуі деген сөз. Оған айқын мысал ретінде Жамбыл облысының тұрғыны бастаған қылмыстық топ әрекетін айтуға болады. Бұл топтағы жеті адам үш жыл бойы Тараз қаласында жалға алынған кеңседе екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан интернет арқылы жалған несиелер рәсімдеп, 147 адамның ақшасын иемденген. Жалпы келтірілген шығын көлемі 101 миллион теңгеден асып түскен. Осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес, 2025 жылғы 10 қаңтарда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 30 мамыр күні іс сотқа жолданған. Тағы бір оқиға Байзақ ауданында орын алған еді. 2025 жылдың қаңтарынан наурыз айына дейінгі аралықта ерлі-зайыпты жұп WhatsApp мессенджері арқылы халыққа нарықтағы бағадан төмен бағада ыдыс-аяқ сатамыз деп жарнама жасап, 200-ге жуық азаматты алдап соққан. Құны 120 миллион теңгеден асатын қаржыны заңсыз жолмен иемденген бұл қылмыстық іс бойынша да ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес 2025 жылғы 4 сәуірде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, қазіргі таңда облыстық полиция департаменті тергеуді жалғастырып жатыр. Аталған істің прокуратура бақылауында екені де атап өтілді. Бұл деректер Жамбыл облысында интернет алаяқтықтың тек жалғыз-жарым әрекет емес, жүйелі және ұйымдасқан сипатқа ие екендігін көрсетеді. Қылмыскерлер жалған несиелеу, онлайн сауда, төмен бағадағы жарнамалар секілді айла-шарғыларды шебер пайдаланып, қарапайым азаматтардың сеніміне селкеу түсіріп келеді. Әсіресе ақпараттық сауаты төмен, онлайн операциялармен жиі айналыспайтын, егде жастағы адамдар жиі құрбан болып жатыр.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар да аз емес. Осындай күрделі кезеңде технологияның өз тілімен жауап қату қажеттігі туындап, құқық қорғау органдары қоғаммен жаңа форматта қарым-қатынас құра бастады. 2024 жылдың 12 қарашасында Жамбыл облысының прокуратурасы мен полиция департаменті интернет алаяқтықтың алдын алу және оның жолын кесу ісінде тиімділікті арттыру мақсатында «CYBER SHEKTEU TARAZ» атты Telegram-ботын таныстырған еді. Бұл бастама тек формалды шара емес, нақты нәтижелерге бағытталған жаңа заманауи құрал ретінде қарастырылады. Аталған бот интернеттегі алаяқтық әрекеттерді анықтап, оларға жедел жауап қайтару үшін азаматтардың белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Боттың негізгі мақсаты — интернет алаяқтықтың алдын алу, оның жолын кесу, сондай-ақ бұл қылмыстарды ашу барысында мемлекеттік органдардың өзара әрекетін күшейту. Жүйенің функциясы арқылы кез келген пайдаланушы келесі мәліметтерді жедел түрде жолдай алады: қауіпті сілтемелер, алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған жарнамалар. Бұл мәліметтер «Кибернадзор» атты орталық базаға енгізіліп, тиісті органдар тарапынан тексеріліп, алаяқтардың өзге де істерге қатыстылығы анықталады. Бүгінде аталмыш боттың көмегімен өңірде 83 интернет-алаяқтық фактісі әшкереленген. Оның ішінде дропперлерге қатысты қылмыстар да бар. Сонымен қатар бот арқылы жиналған мәліметтер негізінде банктер тарапынан жәбірленушілерге қойылған 59 миллион теңгеден астам қарыздардың өндіріп алынуы тоқтатылған.
Telegram-боттың тиімділігі тек ақпарат жинаумен шектелмейді. Оның көмегімен құқық қорғау органдары интернеттегі қылмыстық әрекеттерді жылдам бұғаттап, кибералаяқтарды басқа істер бойынша да әшкерелеуге мүмкіндік алып отыр. Сонымен бірге халыққа ыңғайлы болу үшін ботқа қосылу реті көрсетілген бейнеролик пен QR-код арқылы жедел тіркелу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенім мен әрекеттестікке құрылған цифрлы көпір десек болады. Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Абдиров Талас ауданындағы тұрғындармен кездесу барысында боттың басты миссиясын атап өтті.
«Интернет алаяқтықтың алдын алу және оның жолын кесу қазіргі қоғамда аса маңызды. Бұл тек бір органның емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігін қажет ететін мәселе. Біз бұл платформа арқылы халықтың да осы күресте серіктес болуын қалаймыз. Жамбыл облысының полиция департаменті де азаматтарды интернет алаяқтықпен күреске белсенді араласуға шақырады. Қылмысты көре тұра үнсіз қалмау, күдікті сілтемені көрсе дереу хабарлау кез келген адамның азаматтық парызына айналуға тиіс. Алаяқтардың тұзағына ең көп ілігетіндер – егде жастағы адамдар. Бұл қоғамдағы цифрлық теңсіздіктің нақты салдары екені белгілі. Сол себепті, мұндай бастамалар тек құқықтық қауіпсіздік емес, әлеуметтік әділеттіліктің де кепілі болмақ», – дейді ол.
Интернет мүмкіндіктер алаңы ғана емес, алаяқтар әрекет ететін көлеңкелі аймақ екенін де естен шығармағанымыз жөн. Қауіпсіздік тек мемлекеттік жүйелердің емес, әрбір азаматтың саналы қатысуымен қамтамасыз етіледі. «CYBER SHEKTEU TARAZ» боты – цифрлы қоғамның ортақ қорғаны. Оның көмегімен интернеттегі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қойып қана қоймай, болашақта қауіпсіз әрі сенімді онлайн кеңістік қалыптастыруға үлес қоса аламыз деп сенеміз.
С.Бақберген
Жамбыл облысы