Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:51

Жамбыл облысында күрес жатығуынан кейін 22 жасөспірім ауруханаға түсті

Ауруханадағы бала
Фото: ЖИ

Жамбыл облысында күрес бойынша оқу-жаттығу жиынынан кейін Қызылорда облысынан келген 22 жасөспірім ауруханаға жеткізілді.

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке сәйкес, 21 қаңтар күні кешкі сағат 22:40 шамасында 12-17 жас аралығындағы кәмелетке толмаған спортшылар Мерке ауданы аумағындағы «Тұран» демалыс аймағынан аудандық көпсалалы орталық ауруханаға түскен. Алдын ала диагноз – этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит.

Аурудың себептерін анықтау және ықтимал инфекция көзін табу үшін науқастардан зертханалық талдаулар алынған, сондай-ақ тағам өнімдерінің үлгілері тексеруге жіберілді. Қорытындылар күтілуде. Оқиға бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жүргізіп жатыр, ақпарат Мерке аудандық полиция бөлімінде тіркелген.

Жалпы демалыс аймағында 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы болған. Ауруханаға түскендердің жағдайы жеңіл деп бағаланып, барлығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Қалған қатысушылар тексерістен өтті, олардан ауру белгілері анықталған жоқ, профилактикалық шаралар жалғасып жатыр.