Жамбыл облысында қаза тапқан жасөспірімнің анасы мектепте үнемі әлімжеттік жасалатынын мәлімдеді
12 қыркүйекте Жамбыл облысының Көккайнар ауылында 15 жастағы жасөспірім жоғарғы сынып оқушылары ұрып, қаза тапқан болатын. Оқушының анасы мәлімдегендей, мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында ақша бопсалау, қысым көрсету және жүйелі түрде ұрып-соғу әдетке айналған.
Оның айтуынша, баласын өлтіргендердің барлығы бірдей әлі қамауға алынбаған, қолда жеткілікті дәлелдер болса да, кейбір күдіктілер еркін жүр. Анасы ұлының өлімін оның туған інісі көз алдында көргенін айтып, бұл жағдайдың шын мәнінде қандай ауыр соққы болғанын жеткізді.
Бұған дейін кейбір ақпарат құралдарында оқушының өлімі «футбол ойыны кезіндегі қайғылы жағдай» деп сипатталған болатын. Алайда анасы бұл нұсқаны жоққа шығарып, оның артында жүйелі түрде орын алып келген қорлық пен зорлық жатқанын алға тартты.
Жамбыл облысында бұған дейін де өңірде мектеп оқушылары арасында болған әлімжеттік пен соққыға жығу салдарынан бірнеше өлім тіркелген. Осы қайғылы жағдайдан кейін бірнеше күн өтіп Тараз қаласындағы №47 орта мектептің 9-сынып оқушысы да көз жұмды.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға мектептің әжетханасында болған. Әзірге ресми ақпарат жоқ, алайда болжам бойынша, сыныптасы оны ұрған.
Осы оқиғалардан соң қоғам арасында Жамбыл облысында бандитизм белең алып кеткен. Қарашөкеев жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр, жастар «көше кодексімен» жүреді, заң орындалмайды» деген сынды наразылық сөздер тарап жатыр.
Jas Alash бұл туралы көлемді мақала жазды. Оны мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.