Жамбыл облысындағы 12 инвестициялық жобаның құны 247,3 миллиард теңге
Жамбыл облысында 2024 жылдың басынан бері 12 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобалар облыстың экономикалық дамуын және инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадам саналады.
Әрбір жоба өз кезегінде экономиканың түрлі секторларына оң әсерін тигізіп жатыр. Бұл жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік салада жүзеге асырылды.
Бұл жайлы 5 қыркүйек күні Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында айтты. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өңірдегі инвестиция тарту және инвестициялық саясаттың негізгі бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Облыста іске қосылған инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобалар түрлі салаларда жаңа мүмкіндіктер ашып, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Болашақта қосымша жобалар мен бастамалар облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл жыл басынан бері 247,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайыз жоғары көрсеткіш. 2024 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 702 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды деген жоспар бар.
Биыл Жамбыл облысында бірнеше маңызды инвестициялық жоба жүзеге асқанын айттық. Оның көбі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік салада іске асты. Өңірдің инвестициялық қоржынында 2,5 триллион теңгенің 70 жобасы жатыр, олар аймақта 6,3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 2024 жылы 228,5 миллиард теңгеге 19 жоба жүзеге асырылып жатыр, соның арқасында қосымша 1 432 жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері 139 миллиард теңгенің он екі жобасы іске қосылып, жаңадан 405 жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында жаңа өңдеу зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм-қиыршық тас шығаратын зауыт, сүт өнімдерін өңдеу цехы бар.
2024 жылы Жамбыл облысында экономикалық өсімі болғаны анық байқалды. Облыстың өңірлік жалпы ішкі өнімі өсті, бұл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қызмет көрсету және сауда салаларындағы өнімділіктің артуымен байланысты. Мұндай өсім экономикалық тұрақтылық пен инвестициялық климаттың жақсарып келе жатқанын көрсетеді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жақын арада инвесторларға ауданы 40 мың шаршы метр болатын заманауи өндіріс орындары пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде салынып жатқан өндіріс орындарының 30 пайызына (шамамен 15 мың шаршы метр) өтінім берілген.
Биыл мамыр айында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Zhambyl Invest дирекциясы құрылды. Дирекция әртүрлі саладағы отыздан аса жобаға қолдау көрсетіп отыр, оның тоғызы жақын арада іске қосылады деп жоспарланған.
Жыл соңына дейін бірқатар ірі өндіріс ошақтарын іске қосу көзделуде. Атап айтқанда, KORCEM цемент өндіру зауыты, Karatau Chemicals пиросульфит өндіру зауыты және Шатыркөл байыту фабрикасы бар.
Жамбыл облысының биылғы экономикалық дамуының көрсеткіші ретінде бірнеше негізгі бағытты атауға болады. Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және әлеуметтік саладағы жетістіктер өңір экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Бұл бағыттар облыс экономикасының өсуіне, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына және экологиялық жағдайдың тұрақтануына ықпал етеді деген үміт бар.
Жамбыл облысы минералды ресурстарға бай. Мұнда қорғасын, мырыш, алтын, фосфорит сияқты пайдалы қазбалар бар. Өңірдің табиғи ресурстардан бөлек, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласындағы әлеуетті де жоғары. Жамбыл облысы Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқаратыны анық. Сол үшін өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобаларды, сауда-экономикалық қызметтерді жандандыра түсу керек.
Еламан Өмірхан
Жамбыл облысы