Жамбыл облысындағы балабақшада 10 бала уланып ауруханаға түсті

Жамбыл облысының Меркі ауылында орналасқан «Нұрай» жеке балалар орталығының тәрбиеленушілері уланды.
Полиция бұл факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитарлық ережелерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Оқиға барысында 10 бала ауруханаға жеткізілді. Оларға жедел ішек инфекциясы диагнозы қойылды, ал бір баладан энтеровирус анықталды. Пациенттердің бірі реанимация бөлімінде жатыр, бірақ оның жағдайы тұрақты деп бағалануда. Барлық балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілген.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы инфекция көзін анықтау үшін тергеу жүргізіп, азық-түлік өнімдерінен және ішек инфекциясы тобына жататын материалдардан сынамалар алды. Балалар орталығы екі күнге жабылып, дезинфекциялау шаралары жүргізіліп жатыр. Егер жағдай нашарласа, ауруханада қосымша төсек-орындар дайындалатыны хабарланды.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында да оқушылардың жаппай улану оқиғасы тіркелген болатын. Мұнайлы ауданының №8 мектебінде қыркүйек айының басында оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түскен еді.
Санитарлық тексеріс кезінде мектеп асханасында санитарлық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталды. Аспаздардың жеке гигиенаны сақтамауы, асхананың тазалық талаптарына сәйкес келмеуі және азық-түлік өнімдерінің дұрыс сақталмауы – балалардың жаппай улануына себеп болған.
Сонымен қатар, мектеп асханасында шыбын-шіркейлердің көптеп ұшып жүргені және өнімдердің жарамдылық мерзімі тексерілмегені анықталды. Санитарлық қызмет асханадағы жағдайды «өте нашар» деп бағалады. Нәтижесінде төрт асхана қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тексеру барысында олардың медициналық тексеруден өтпестен, жалған санитарлық құжаттармен жұмыс істегені анықталды. Тексеру нәтижесінде мектеп асханасынан ішек бактериялары анықталып, 12 қызметкерден стафилококк табылды, ал ыдыс жуушы дизентерия тасымалдаушысы болып шықты. Мұнайлы аудандық сотының 2024 жылдың желтоқсан айындағы үкімімен бұл қызметкерлерге айыппұл салынды: біреуіне 40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал қалған үшеуіне 20 АЕК мөлшерінде.