Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды

Алматы облысында алқа билер соты Жамбыл облысының экс-әкімі, сондай-ақ «Қазселденқорғау» мекемесінің бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевты, оның орынбасары Әділет Ахатаевты және мердігер Андрей Поплавскийді кінәлі деп тапты.
Тергеу деректеріне сәйкес, Көкірекбаев пен Ахатаев мердігер ұйым директоры Поплавскийден аса ірі көлемде пара алған. Қаражат жалған орындалған жұмыстар актілеріне қол қою үшін берілген – іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған.
Мемлекетке келтірілген шығын шамамен 2 миллиард теңгені құрайды.
Сот үкімі бойынша:
- Кәрім Көкірекбаев – 12 жыл бас бостандығынан айырылды;
- Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский – әрқайсысы 11 жылға сотталды.
Үшеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Айта кетейік, Кәрім Көкірекбаевты 2022 жылдың желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 369 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстаған болатын.
Көкірекбаев 1957 жылдың 28 шілдесінде Жамбыл облысында дүниеге келген. Алматы темір жол көлігі институтын «темір жол инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Шу станциясында локомотив депосында машинисттің көмекшісі ретінде бастаған. Кейін Алматы темір жолының бастығы, Астана халықаралық әуежайының бас директоры сынды лауазымдарды атқарды.
2000 жылы Қазақстанның Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалған. Ал 2002-2008 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында түрлі жоғары лауазымда – вице-президент, басқарушы директор, бас инженер ретінде жұмыс істеді.
2013 жылдың желтоқсанынан бастап 2018 жылдың қаңтарына дейін Жамбыл облысының әкімі болды. Кейін Қырғыз Республикасындағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған. 2019 жылдың тамызында «Қазселденқорғау» мекемесінің төрағасы қызметіне келген.
Қазіргі уақытта ол аса ірі көлемде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.