Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

Жамбыл тұрғыны өзгенің малын сатып, 14,5 миллион теңгені құмар ойынға жұмсаған

Қойшы
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қаңтарына дейін Жамбыл облысының тұрғыны базарда 184 қой, 17 сиыр және 10 бұзау сатып, одан түскен 14,5 миллион теңгеден астам қаражатты құмар ойындарға жұмсаған. 

Бұл мал оның жұмыс берушісіне тиесілі болған. Қылмысы әшкере болғаннан кейін, ер адам сот алдында жауап берді.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы — «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену» бойынша айып тағылған. Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылы сотталушы мен жәбірленуші жазбаша еңбек келісімшартын жасап, ер адамға 63 ірі қара мен 423 қойды бағу тапсырылған.

Сеніп тапсырылған малдың бір бөлігін сатып жіберіп, ол түскен ақшаны иесіне қайтармаған. Қаражаттың барлығын құмар ойындарға жұмсаған. Салдарынан иесіне 14,5 миллион теңгеден астам залал келген.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды толығымен өтеп беруге уәде берген. Жәбірленуші бұл шығын өтелгенін растап, соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

«Тұрар Рысқұлов ауданы сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған үш жылға бас бостандығын шектеу және жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды», – деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енді.

Тегтер: