Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

Жамбылда автожолдардың құны 28 миллиард теңге

Автожол

Елдің экономикалық дамуы мен өңірлер арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуде инфрақұрылымның орны ерекше.

Көлік жолдары, инженерлік-коммуникациялық желілер мен әлеуметтік инфрақұрылым елдің ішкі бірлігін күшейтіп, нарықтық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Соның ішінде жол инфрақұрылымы – мемлекеттің экономикалық қуаты мен халқының өмір сапасына тікелей әсер ететін басты факторлардың бірі. 

Қазақстанның автомобиль жолдары желісі – шамамен 96 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар санатына жатады. Мемлекет жыл сайын жолдарды дамыту мен жөндеуге қомақты қаржы бөліп келеді. Мәселен, Тараз қаласында биыл жол жөндеу жұмыстары қарқын алып, жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты.

Қала әкімінің орынбасары Н.Исабековтің айтуынша, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаланың көркін жаңарту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. «Қаламыз күн сайын өсіп, дамып келеді. Жол инфрақұрылымын жаңғырту – урбанистикалық дамудың басты көрсеткіштерінің бірі. Биыл осы бағытта атқарылатын жобалар саны екі есеге жуық көбейді. Бұл – қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуының нақты көрінісі», – деді әкім орынбасары. Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 61,4 шақырымды құрайтын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткелге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мұндай көлемдегі жұмыс соңғы жылдары алғаш рет қолға алынып отыр. Сонымен қатар 100 көшеге және 20 тұрғын алқапқа шағал төселіп, ұзындығы 35,3 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолдары да жөнделеді. Бұл тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, қауіпсіздігін арттырады.

Қазіргі таңда қала бойынша 37 көше, бұрылыс және тұйықта жөндеу жұмыстары басталып, қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде «Бұрыл А, Б, В» тұрғын алқабындағы жұмыстар айтарлықтай нәтижесін беруде. Мұнда жалпы ұзындығы 33,2 шақырым болатын 75 көшеге асфальт жабындысы төселуі тиіс. Қазіргі уақытта 61 көшеде жұмыс толық аяқталды. Қалған 14 көше биыл толық жөнделеді деген мақсат қойылған. Жолдардың жиі бұзылуы, жаңа төселген асфальттың бір маусым өтпей шұрық-тесікке айналуы – құрылыс және мердігер компаниялардың сапасыз жұмысын, техникалық бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Қолданылатын материалдардың стандартқа сай еместігі, жобалық-сметалық құжаттаманың формалды орындалуы жағдайды қиындатады. Жол – тек қозғалыс жолы ғана емес, ол – экономикалық жүйенің маңызды элементі. Автожолдарды теміржол, әуе қатынасы және логистикалық орталықтармен біріктіріп дамыту керек. Бұл жүк тасымалының тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікке серпін берері анық.

82 жастағы қала тұрғыны Бақыт Самыратбеков бұл жұмыстардың тұрғындар үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. «Бұрыл» алқабының тұрғындары мемлекет шарапатын сезініп отыр. Көшемізде жарық, ауыз су бар. Қала әкімдігі екі қабатты асфальт төселеді деп уәде берген. Қазір мердігер мекеме жерді тығыздау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада жаңа жолдың игілігін көреміз. Алғысымыз шексіз», – дейді қария.

Бұдан бөлек, Тараз қаласының басты көшелері Рысбек батыр, Қойгелді және Асқаров көшелеріне де қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Бұл жолдар тек қала тұрғындары үшін ғана емес, жолаушылар ағыны үшін де маңызды бағыт болып табылады.

«Жол жөндеу тек техникалық мәселе емес. Бұл – халықтың сенімі мен үмітіне жауап беру. Әр көшенің, әр бұрылыстың артында адам тағдыры, күнделікті тіршілік жатыр. Сондықтан біз әр жобаға үлкен жауапкершілікпен қарап отырмыз», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, биыл Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 181 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылады. Тараз қаласы сол жобалардың негізгі бенефициарларының бірі болып отыр. Жолдардың сапасы, қолжетімділігі мен ұзақмерзімділігі – мемлекеттің басқару қабілетін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Ендеше, жол жөндеу мен инфрақұрылым саласындағы саясат жүйелі, ашық әрі нәтижеге бағытталған болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс – тек құрылыс емес, ел болашағына салынған инвестиция екенін түсіну – шешуші фактор болмақ. Жалпы алғанда, Тараздағы жол жөндеу жұмыстары – қаланың даму қарқынының нақты көрінісі. Жаңа жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары, сапалы инфрақұрылым тұрғындар өміріне қолайлылық әкеліп, болашаққа деген сенімді нығайтады. Елдің әр көшесіне төселген асфальт – бұл тек жол емес, бұл – дамуға салынған инвестиция дер едік.

С. Бақберген

Жамбыл облысы

Тегтер: