Жамбылда прокуратура қызметкерінің әкесі жерге таласып жүр
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының тұрғындарын құзырлы орындар түрлі желеумен түртпектеп, қайта-қайта тергеуге шақырып, тыныш жатқан елді дүрліктіріп, мазасын алды.
Аудандық прокуратура тұрғындардың жеріне емексіп, халықты бір-бірден шақырып, қыспаққа алған соң, ел прокуратураның алдына барып, мәселені ашық түсіндіруді талап етті.
Жұртшылықтың жүйкесін жұқартып отырған жағдай – жер дауы. Қазіргідей қиын шақта ешкім жерінен айырылғысы келмейді. Дауды тудырып, өршітіп отырған прокуратура қызметкерлері дейді білетін тұрғындар.
«Жылда соттасамыз. Соттың бәрінде жеңдік. Сонда да тыныштық бермейді. Не масқара? Ауданда прокурор ауысқан сайын соттасамыз. Бұлар бірлікті қалай ма, бүлікті қалай ма? Жерімізді ешкімге бермейміз», – деді ауылдастарының атынан сөйлеген Есенбай Пірімбетов.
Ал ауыл тұрғыны Меделбек Биғазиевтің айтуынша, бұл дау ауданға Меркіден аудан прокурорының орынбасары қызметіне Қуанышбай Қартанбайұлы ауысып келгелі қайта өршіп отыр екен. «Ауыл тұрғындарын бір-бірлеп тергеуге шақырып, әр нәрсені сұрап шұқылап, астыртын әрекет етіп жатыр» дейді.
Осылайша, тергелген істің төрелігін сот шешсе де, тексерістің түбі таусылмай келеді екен. Біткен дауды құзырлы орындардың қайта-қайта қаузауы көптің күдігін күшейтіп отыр. Оның үстіне, бұрынғы жер иеленушінің қызы аудандық прокуратурада қызмет істейтіні, бұл құзырлы орынға көрші ауданнан сол қызбен бірге жұмыс істеген Қуанышбай Қартанбайұлының ауысып келгені, содан бері ауыл тұрғындарын тергеуге шақыра бастағаны жай сәйкестік емес деп топшылайды.
«Бақсақ бақа екен» демекші, бір топ ауыл тұрғыны 5 жыл бұрын пайларын берген жер иеленушіге көңілдері толмай, басқа адамға жер телімдерін береді. Міне, содан бері ол құзырлы орындарға шағымданумен келеді екен. Оның қызы прокуратурада қызмет істейтіні тағы бар. Міне, тұрғындардың тергеу мен соттың ортасында сандалумен шаршадық деуі содан болса керек.
Алайда Т.Рысқұлов ауданының прокуроры Болатхан Қалыбаев тұрғындардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ дейді.
«Иә, қызының бізде жұмыс істейтіні рас. Қуанышбай Қартанбайұлымен Меркіде қызметтес болғаны да рас. Бірақ тартып алайын деп жатыр, «крышавать» етіп жатыр деген жалған сөз. Өсек сөзге еріп, өре түрегелмеңіздер. Соттың шешімі қолдарыңызда тұр. Қазақша айтқанда, нүктесі қойылған. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ», – деп жауап берді.
Болатхан Қалыбаев солай дегенмен ауылдың тағы бір тұрғыны Перизат Сатыбалдиева прокурордың сөзімен мүлде келіспейді.
«Мен, тіпті прокуратураның жанынан өтуге қорқамын. Біресе милициядан да шақыртады. Бұл құзырлы органдар мені кезекпен кезек шақырып: «Сізді сотқа береміз, қаматамыз» деп қорқытып, өлтіретін болды. Мені жайыма қалдырсыншы, тыныштық берсінші», – деді Перизат ханым.
Қазір ауыл тұрғындары бұрынғы жер пайларын берген, бүгінгі өздерін қайта-қайта сотқа сүйреп жүрген адамның атын атауға да жүректері дауаламайды. Бұрын сеніп берген жерлерін дұрыс қарамаған адамға сенімдері кеткен ауыл тұрғындары, кімге барып тыныштық сұрарларын білмей отыр. Көгершін ауылының тағы бір тұрғыны Роза Шоева: «Мен прокуратураны түсінбедім. Біздің жерді әріптестерінің әкесіне әперейін деп жатыр ма? Әлде біздің жерге прокуратура өздері егін егейін деп жатыр ма? Тыныштық берсінші бізге», – деп жалынғандай болды.
Астана қаласында брифинг өткізгелі жатқан облыс әкімі Қарашөкеевтің бұдан хабары бары белгісіз. «Жас Алашқа» шағымданған халықтың тілегі орындала ма, жоқ па, көреміз. Бұл істі үнемі бақылап отыратын боламыз.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы