Жамбылда Жұмысшылар жылы жұмысшы өлімімен басталды
![1](/static/img/image.jpg)
Жамбыл облысы Байзақ ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Олжас Баққараев Мырзатай ауылына барып, халықпен жиын өткізіп жатқанында көрші ауылдағы Диқан орта мектебінде қарапайым жұмысшы Талап Арунов қайтыс болады.
Әкімнің жиынына кетіп бара жатқан басшыларынан тал кесуге тапсырма алған марқұм ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жұмысты жалғыз өзі жасап, өкінішке қарай, басына тал түсіп, тіл тартпай кеткен.
Біз бұл хабарды ести сала марқұмның шаңырағына барып көңіл айтып, Диқан тірек орта мектебіндегі әріптестерімен әңгімелестік.
Алдымен тілдескеніміз завхоз Болат Мырзалиев, ол кісі істің мән-жайын былай түсіндірді:
– Қайтыс болған Талап Арунов деген кісі. Осы мектепте жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылдай болған. Жалғызбасты. Тәрбиелі, тәртіпті, ешкімге зияны жоқ, жұмысына тиянақты болатын. Қар жауған күні таң атысымен келіп, жол ашып қоятын. Жан баласына дауыс көтергенін естімеппін. Берілген жұмыстан қашпайтын, жалпы айтқанда, жақсы адам еді.
Қайғылы оқиға болатын 30 қаңтар күні Талап жұмысқа азанмен келді. Өзімен бірге тал кесуге керекті арқанды ала келді. Тал кесеміз дегенбіз ғой. Әбу Досметов деген екінші жұмысшы келмей қалды. Себебі бір күн бұрын 29 қаңтарда СЭС талабы бойынша кабинеттерді тазарту жұмысын жасап, кварцтан көзі ауырып, сұранып кеткен-ді. Сосын талды Талап екеуміз кеспекші болғанбыз. Мен көрші ауылдағы жиналысқа кетемін де, ол кісінің қасында көркем еңбектен, бұрынғыша айтсақ, еңбек пәнінен сабақ беретін Нұрболат Қашқынбаев қалады. Біз бұл жағдайды жиналыстан шыққанда естіп, сол жерде болған аудандық білім бөлімінің бастығы, ауыл әкімі, учаскелік полиция бәріміз келдік. Ол кезде, өкінішке қарай, Талап жүріп кеткен екен.
![1 1](https://image.zhasalash.kz/zhasalash-photobank/media/2025-02-12/faeaf09b-0590-4ca1-b7a1-c48dc55f60e5.jpeg)
Ал «Т.Аруновтың қасында қалды» делінген Нұрболат Қашқынбаев былай дейді:
– Түскі үзілісте үйге барып келе жатқанымда мектептің алдында Болат Мырзалиев пен Талап Аруновты көрдім. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, тал кесейін деп жатыр едік деп балта сұрады. Мен көркем еңбектен сабақ беремін ғой, кабинетімде балта бар. Бірақ ол ондайға арналмаған, басы бос. Сосын «Әкел көрейінші деп» өзім бір-екі рет шауып көрдім. Басы босап кете берді. Осыдан соң екеуміз ішке кірдік. Балтаның басына сына қақтық, қайрап бердім. Болат қайда деп сұрап едім, бастық өзімен бірге жиналысқа алып кетті деп жауап берді Талап. Қар жауып, күн боранды болып тұрған. Сол аралықта қоңырау болып, оқушыларға тал кесіп жатқан жерден ары жүріңдер, жер мұз, жолдан байқап өтіңдер деп тұрғам. Өйткені мен жарты бірлікпен завучтық қызмет атқарамын. Сол кезде талдың сықыры естілді. Қарасам, Талап тал шауып жатыр, талдың жартысы сынып, төбедегі екінші талға ілініп тұр екен. «Байқа, қаш» деп ғана айтып үлгердім, жаңағы кесілген тал құлап, екеуміз екі жаққа қаштық. Мені Құдай сақтап қалды, Талаптың басына тал құлап, сол жерде тіл тартпай кетті. Қазір ойлаймын ғой, балтаны неге бердім деп. Боран басылып, қар қойған соң, төртеулеп бірге кескенде бұлай болмас па еді деп.
Марқұмның қарындасы Толқынай Арунова директор завхозға тапсырған теректі ағасы кесемін деп жазым болғанын айтады:
– Ағам Талап 1974 жылғы, 3 қаңтарда дүниеге келген. Елгезек, еңбексүйгіш, тілалғыш, адамды айтпағанда, шыбынға зияны жоқ жан еді. Өзі еркек кіндіктен жалғыз, отбасында 5 қызбыз. Кішкентай күнінен Тайлақ деп айтатынбыз. Мен ағаммен бірге тұрамын. Қайғылы оқиға болған күні далада қар жауып тұрған. Мен де сол мектепте биология пәнінен сабақ беремін. Сол күні ауырып, үйде едім. Бейсенбі күні болатын, жеті шелпек пісіріп, таратып үйде отырғанмын. Телефоныма мектептен хатшы қыз хабарласып, «Тайлақ ағай құлап қалыпты, тез жетіңіз» деді. Барғанда білдім ғой. «Қар жауып тұр, жер тайғақта ненің талын құлатып жатырсыңдар» деп ойбайға бастым. Қасында болған Нұрболат ағай «Жаным әшиін қарындасым, мен кес деп айтқан жоқпын, тал кесіңдер деп бастық айтты деп екеуі маған келді ғой» деп шырқырады. Мен түсінетін едім, арақ ішіп, көшеде қаңғып жүрген біреу болса... Өзінен тапқан ғой деп. Ағам ондай адам емес еді ғой...
Бізді өмір ерте үйретті, ерте есейдік. Өмірдің ащы-тұщысын жас күнімізден тартып келе жатырмыз. Біреуге жаман сөз сөйлеп, біреудің ала жібін аттау біздің қанымызда, тәрбиемізде жоқ.
Кейін біліп жатырмын ғой, мектебімізге көрші ауылдардан оқушылар келетін болған. Соған қауіпті деп теректерді кесуді директор завхозға тапсырған. Соңында талды менің ағам жалғыз кесіп, осындай қайғылы жағдай болып отыр.
Осы оқиғаға қатысты белсенді Ақерке Рақымберді шенділердің іс-әрекетіне наразы екенін жеткізді:
«Биылғы жылды, Жұмысшы мамандықтар жылы деп президент Тоқаев жариялағанын қайтейін, оның бәрі жай сөз болып қалатын түрі бар. Байзақ ауданындағы Диқан тірек мектебінде қарапайым жұмысшыға тал кестірген. Абайсызда, басына тал құлап кеткен жұмысшы сол жерде көз жұмған. Осы қайғылы жағдайдан соң, мектеп директоры Сұлтан Усербаев бірден ауруханаға жатып алған. Ал «еңбек демалысына» кеткен білім басшысы Нұрболат Мамырбаев сол күні Сакский моншада, Байзақ ауданындағы мектептердің директорларын жинап алып, құда күтіп жүріпті.
Егер өлген адам, қарапайым жұмысшы болмай, іздер-сұрары бар, дөкейдің інісі болса, Мамырбаев мамыражай жүрмес еді. Жұмысқа шақырылып, өлген адамды жерлеу, қонақ асын ұйымдастыру сияқты іспен айналысар еді. Кедей, қара жұмысшы болғасын, бұл өлім елеусіз қалып кетті.
Ал сол Мамырбаевтың жары, Байзақ ауданындағы №7 жайлы мектептің, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Пірімқұлова қазір шетелде қыдырып жүр. Еңбек демалысы емес, оқушылардың каникул уақытысы емес, сабақ уақытысында бұл не қыдырыс? Күйеуі аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев болса болды, заңды белшеден басу керек па?», – дейді А.Рақымберді.
![1 1](https://image.zhasalash.kz/zhasalash-photobank/media/2025-02-12/f3a2e213-98d2-449d-8469-1e7ba5f285ff.jpeg)
Қазір жұмыс уақытында қайтыс болған Талап Аруновтың қазасы бойынша комиссия құрылыпты. Мектеп директоры Сұлтан Усербаев сол қайғылы оқиғадан соң «ауырып» больничныйға шығып кетсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев еңбек демалысына шыққан. Сұлтан Усербаевпен сол бойы сөйлесудің сәті түспесе, Мамырбаевпен газет баспаға қатталып жатқан кезде пікір алдық.
«Жазатайым оқиға болған 30 қаңтар күні сағат 15:00-де Мырзатай ауылына аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесуіне барғанбыз. Жиын басталар сәтте Диқан мектебінің директоры Сұлтан мектебінде оқыс жағдай болғанын айтып, мән-жайды білуге сұранды. Біз учаскелік полиция бар, басқамыз әкім жиынынан соң бардық оқиға орнына. Ол кезде жедел-жәрдем қызметкерлері, тиісті құқық қорғау қызметкерлері өз жұмыстарын жасаған.
Мектеп аула сыпырушысы Талап Аруновтың қазасы жөнінде сол сәтте жанында болған көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұрболат Қашқынбаевтың айтуынша, мектеп директоры Султан Усербаев завхоз Мырзалиев Болатқа, завхоз Талапқа тал кесуді тапсырады. Тал кесу кезінде оқыс оқиға болып, кесілген тал Талаптың басына құлап, қайтыс болыпты.
31 қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққаным рас. Оған 29 қаңтар күні өтініш беріп, бұйрық шыққан. Бұйрықты көрсете аламын. Мен мұндай оқыс жағдай болады деп ойлаған жоқпын ғой. Арнайы орында құда күткенім де рас. Еңбек демалысына сол үшін де шыққанмын. Ол бірақ әлеуметтік желіде жазып жатқандай сол күні емес, 2 күннен кейін, яғни 1 ақпан күні кешкісін. Құдаларымды алдын ала шақырып қойғанмын, демалыс орнына алдын ала ақшасын төлеп тастағанмын, – дейді Н. Мамырбаев.
Марқұм Талап Аруновтың қарындасы Толқынай бізге арыз арманын: «Менің сұрайтыным – осы жағдайға кінәлілер, яғни боранды, қарлы ауа райында тал кесуге тапсырма бергендер, жұмысшысына жаны ашымайтын басшылар жазасын алса екен. Мұндай жағдай екінші қайталанбаса, басқаларға сабақ болса екен деймін. Заңның алдында да кінәлілер жазасын алуы керек қой...», – дейді.
Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп дабырын арттырып, даңқын асырып жатырмыз. Анығында, Жұмысшы мамандықтар жылы құр айғай, ұранмен емес, олардың қақысын қорғаудан басталуы тиіс еді. Өкініштісі, Аруновтың өлімінен соң олай болатынына сену де қиын. Біз де жауапты адамдар жазаға тартылса, жұмысшылардың ақысы, қақысы заң алдында қорғалса екен дейміз.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы