Жамбылдағы алғашқы жасанды анимация

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде ескі фотоларға жан бітіп, видеоға айналғанын, тіпті баяғы сурет пен жаңа суреттерді бір-біріне байланыстырып жатқандарын да жиі көріп жүрміз.
Мұның бәрін жасаған жасанды интеллект екенін бірі білсе, бірі білмес. Жасанды интеллектке қатысты күн сайын сан алуан пікір айтылады. Дегенмен бір нәрсе анық, ЖИ бизнес пен қоғам үшін көптеген артықшылықтар ұсынады. Ең бастысы, ол тиімділікті арттырып, жұмыс шығындарын азайтты және күнделікті қайталанатын тапсырмаларды 70%-ға автоматтандырады. Мәселен, тек технология емес, медиаға да жасанды зият әбден кіріп, орнығып жатыр. Өткен жылы өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өткен «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалы аймақта тұңғыш рет жасанды интеллект арқылы қазақ ертегісінің анимациясын жасап шықты. Бұл телеарна дизайнерлерінің күнделікті жұмыстардан бөлек, заман талабына сай бейімделіп, республикалық арналарда қолға алына бастаған ЖИ-мен жұмыс істеу бағытына бет бұруы десек те болады. Жасанды интеллекттің көмегімен дайындаған аннимациялық қазақ ертегісі кішкентай тышқан мен алып арыстанның достығы туралы хикаяға құрылды.
«Күні кеше президент те Ұлттық Құрылтайда осы салаға мән беру керектігін айтқан еді. Осыған байланысты да JAMBYL телеарнасы кішкентай көрермендері үшін ертегілер әзірлеуді қолға алды. Бүгін біз алғаш рет жасанды интеллекттің көмегімен дайындалған анимациялық қазақ ертегісін ұсынамыз. Кішкентай тышқан мен алып арыстанның достығы туралы бұл хикая – кішкентай көрермендеріміз үшін тамаша тарту. Әрбір кадр – шығармашылық пен интеллекттің үндесуі. Әрбір көрініс – үміт пен сенімнің бейнесі деп айта аламыз. Енді арманды бейнелеу үшін тек қиял ғана емес, жаңа технология да бірге жұмыс істемек», – дейді телеарна басшысы.
Шынымен-ақ бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері ізденісті үзбегені шарт. Бұл ұжым үнемі ізденіс үстінде көрерменге ой салатын дүниелерді дайындап, ұсынып жүр. Телеарнаның негізгі мақсаты – осы, креативті индустрияны дамыту. Филиал деп отыруға болмайды, қазіргі трендтен қалмау, көрерменнің сұранысына лайықты жұмыс істеу маңызды.
«Осыған дейін біз анимациялық туындылардың біразын жасағанбыз, мысалы, «Тектұрмас» этно-мәдени орталығының тарихы туралы, өзіміздің ағамыз, белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловтың өнегелі өмірін жастарға насихаттау мақсатында анимациялық роликтер әзірлеген болатынбыз. Графиканы, моушн дизайнерлік жұмысты пайдалануда біраз іс атқарылып жатыр. Дегенмен жасанды интеллектті телеарнаның қай жұмысына пайдалансақ деген сұрақ туды. Міне, анимациялық роликке қолданып, бастадық. Ал идея қайдан туды дегенге келсек, әлеуметтік желілерде немесе телеарнада біз Тараздың тарихын өскелең ұрпаққа насихаттау үшін фотосуреттерді үйлестіріп, жасанды интеллектті пайдаланып, ертегі жасап шыққанбыз. Ол әлеуметтік желіде мыңдаған қаралым жинады, көптеген адам бөлісті. Бұл кішкентай бүлдіршіндеріміздің арасында осы дүниеге сұраныстың барын көрсетті. Шығармашылық топпен ақылдаса отырып, қазақтың ертегілерін анимациялық жолмен жасауға тоқталдық. Әрі балабақшаларда «Әжемнің ертегісі» жобасы қолға алынып жатыр ғой, оны тек ауызша тыңдамай, балаларымыз әлеуметтік желі, телеарна арқылы бейнелі түрде көрсе, әлдеқайда сіңімдірек болар деген оймен тоғысты. Осындай жобамыз барын облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Серік Сәлемовке барып, айтқанмын, ол кісі қолдады. Жергілікті атқарушы органның ұсынысымызды қолдауына рақмет айтамын», – дейді телеарна басшысы Гүлбаршын Қайратқызы.
Ғалам жасанды интеллектіні толық пайдалануға, ашуға барын салып жатыр. Кейбір бағалаулар бойынша, 2030 жылға қарай бұл сала әлемдік ІЖӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етпек. Ал 2027 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығын капиталдандыру 400 миллиард доллардан асады. Жаһанды жаулаған жаңа сала жұмысты автоматтандыруға, оңтайландыруға, күрделі мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік береді. Мысалы, медицина, автомобиль өнеркәсібі, қаржы саласында жасанды интеллект үдерісті мейлінше жеделдетеді. Тіпті диагностиканың дәлдігін жақсартады, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Айта берсек, жақсылығы мен тиімділігі жетерлік. Тек қарқынды дамуына ілесе алуымыз қажет-ақ. Телеарна қызметкерлері де жасанды интеллектпен мультфильм жасау мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты. Алдағы уақытта ұжым «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының, жергілікті биліктің қолдауымен сериялық мультфильм дайындауды да ойластырып отыр. Ал қазіргі уақытта кішкентай көрермендерге ұсынылған алғашқы ертегіні әзірлеуде дыбыстау қиынға соғыпты. Оған Мәдениет саласының үздігі Асқарбек Сейілхан, «Атамекен бизнес» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Асқар көмектескен. Jambyl телеарнасының ұжымы осы азаматтарға алғысын айтуда.
Айта кетейік, Jambyl телеарнасында бүгінде 67 адам еңбек етеді. Тұрақты түрде 33 хабар көрерменге жол тартса, оның 70 пайыздан астамы өзіндік өнім болып табылады. Телеарна аптасына бес рет түрлі форматта тікелей эфирлер ұйымдастырса, күнделікті «Айқын Ақпарат» жаңалықтар бағдарламасы 3 рет тікелей эфирден көрсетіледі. Міне, енді, жасанды интеллекттің көмегімен әзірленген анимациялық туындылармен телеарна өнімінің қатары артып отыр.
С.Бақберген