Жамбылдағы фосфор зауытындағы жарылыстан 26 жастағы жұмысшы ауыр жарақат алған
Жамбыл облысындағы ЖаңаЖамбыл фосфор зауытының 26 жастағы қызметкері өндірістегі ауыр жарақаттан кейін екі айдан бері өтемақы ала алмай жүргенін мәлімдеді.
Зардап шеккен Сұлтанбейбарыс Бескемпіровтің айтуынша, цехтағы пеш жарылған кезде оған металл құбыр тиіп, беті мен басынан ауыр жарақат алған.
Жұмысшының сөзінше, қазір ол бір құлағы дұрыс естімейді, бетінің бір бөлігінің сезімталдығын жоғалтқан, тыныс алуы қиындап, тұрақты ауырсынуды сезінеді. Сонымен қатар оның бетінің жұмсақ тіндерінде әлі күнге дейін металл сынықтары қалып қойған.
Дәрігерлер алған жарақатты денсаулыққа ауыр зиян келтіру санатына жатқызған. Алдағы уақытта оған жақ сүйегіне ота жасалып, ұзақ мерзімді ем қабылдау қажет.
Зардап шегушінің заңгері отбасының емдеу шығындарын, әсіресе шетелде операция қажет болған жағдайда, өз күшімен көтере алмайтынын айтты. Оның айтуынша, зауыт емдеу шығындарын толық өтеп, моральдық зиян үшін өтемақы төлеуі тиіс. Талап етіліп отырған өтемақы көлемі шамамен 30 миллион теңгені құрайды.
Оқиғаға байланысты полиция еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Жамбыл облысының еңбек инспекциясы арнайы комиссия тексеру жүргізіп, жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің толық кінәлі екенін анықтағанын хабарлады.
Зауыт басшылығы да оқиға үшін жауапкершілікті жоққа шығармайды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен жұмысшыға материалдық көмек көрсетілген және алдағы емдеу шығындарын өтеуге дайын. Алайда қаржы медициналық мекемелерге тікелей, операциялар мен медициналық қызметтердің құнын растайтын құжаттар ұсынылғаннан кейін ғана аударылатынын мәлімдеді.
Еңбек инспекциясының мәліметінше, биыл Жамбыл облысында өндірісте 24 жазатайым оқиға тіркелген. Соның салдарынан жеті адам қаза тауып, 32 адам жарақат алған. Осы уақыт ішінде 96 кәсіпорын тексеріліп, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 113 дерегі анықталған. Кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДА ӘДІЛЕТ ТАППАДЫҚ!». ЖАМБЫЛДАҒЫ ФОСФОР ЗАУЫТЫНДАҒЫ ДАУҒА ҚАРАШӨКЕЕВ НЕГЕ АРАЛАСПАДЫ?
Айта кетейік, бұған дейін дәл осы «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында еңбек дауы туындаған еді. Жұмысшылар жалақының кешігуіне, әлеуметтік аударымдардың уақытылы төленбеуіне, еңбек жағдайының нашарлығына және кәсіпорын аумағында полицияның кинологиялық қызметпен жүргізген тексеруіне наразылық білдірген. Бұл туралы "Жас Алаш" көлемді мақала жазған еді.