Жамбылдағы «көше кодексі»: Қарашөкеев қылмысты сөгіспен жеңбек

Жамбылға «заң мен тәртіп» қағидасы әлі жетпепті. Жаңа оқу жылы басталған бойда Жамбыл облысында бір апта ішінде екі бірдей оқушы қазаға ұшырады.
Алдымен Көкқайнар ауылында 15 жастағы жасөспірім жоғары сынып оқушыларының соққысынан көз жұмды. Ал жақында Тараз қаласындағы №47 мектептің 9-сынып оқушысы сыныптасының қолынан қаза тапты. Қазір қоғам арасында Жамбыл облысында бандитизм белең алып кеткен. Қарашөкеев жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр, жастар «көше кодексімен» жүреді, заң орындалмайды» деген сынды наразылық сөздер тарап жатыр.

Жамбылдағы оқушылар өлімі
12 қыркүйекте Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында 10-сынып пен 11-сынып оқушылары арасында футбол ойыны кезінде жанжал шығып, соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Жоғары сынып оқушыларының соққысынан 10-сыныптың бір оқушысы ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Полиция сол күні-ақ 16 және 17 жастағы екі күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғаған, тағы 3 жасөспірімге бұзақылық бойынша айып тағылған.
Араға бірнеше күн салып, Тараз қаласындағы мектептердің бірінде тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 9-сыныптың екі оқушысы мектеп әжетханасында сөзге келіп қалып, сыныптасы жасөспірімді жүрек тұсынан ұрып өлтірді деген күдік бар. Облыстық полиция бұл деректі растады. Кәмелетке толмаған күдікті қамауға алынып, тергеу басталды. Бұл кейінгі 3 күн ішінде тіркелген екінші оқушы өлімі еді.
Оқушылар арасындағы мұндай қылмыстар – аймақтағы әлеуметтік тәрбиелік жұмыстың олқылығын көрсететін қауіпті белгі. Жамбыл облысында кейінгі уақытта бұған ұқсас бірнеше қайғылы жағдайлар орын алған. Мәселен, былтыр 14 жастағы оқушы қатарластарының соққысынан мерт болған іс бойынша мектеп директоры қайғылы оқиғаны жасыруға тырысты деп айыпталған. Мектеп басшылығы ата-аналарға «ашық айтпауды» ескерткені анықталып, директорға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Баласының өліміне дейін бірнеше мәрте мектептегі әлімжеттік туралы шағымданған ата-ана жанайқайы дер кезінде еленбеген. Бұл жағдайлар білім ордаларында тәртіп пен қауіпсіздік шаралары тиісті деңгейде емес екенін аңғартады.
Жамбыл облысындағы «Көше кодексі»
Сарапшылардың пайымдауынша, жасөспірімдер арасындағы қатыгездік пен топтық зорлыққа көбіне бейресми «көше кодексі» ықпал етеді. Яғни балалар арасында күш қолдануды дұрыс көретін, өзара мәселелерді жұдырықпен немесе «банда» заңдарымен шешуге бейіл қауіпті субмәдениет бар. Мұндай «абыройын күшпен қорғау» психологиясы кеңестік кезеңнен қалған «рэкеттер әлемі» түсініктерімен ұштасып жатыр. Өкінішке қарай, Жамбыл облысында осы тәрізді бейресми бандитизм әдебі әлі де толық жойылмағаны кейінгі оқиғалардан байқалады.
Жоғарыдағы екі оқиға да топтасып немесе жеке-дара күш көрсету нәтижесінде адам өліміне соқтырған ауыр қылмыстар. Бұл фактілер жасөспірімдер арасында агрессияның шектен тыс деңгейге жеткенін көрсетеді. Әсіресе Шу өңіріндегі жағдай көпті алаңдатты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кейбір ауыл жастары өздерін «қылмыс әлемінің серкесі» секілді ұстап, кішілерді қорқыту арқылы бедел жинауға тырысатын көрінеді. Мұның артында ата-ананың бақылауының әлсіреуі, мектеп пен тәртіп сақшыларының профилактикалық жұмысты босаңсытуы жатуы мүмкін.
Қылмыстық субмәдениеттің мектептерге енуінің тағы бір белгісі – жоғарыда айтылғандай, кейбір білім беру мекемелерінде орын алған оқушы өлімін жасыру әрекеттері. Мысалы, 14 жастағы Мирас мерт болған былтырғы оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі ата-аналарды «үндемеуге» үгіттеген. Бұл қылмыс әлеміндегі «бәрін іште сақтау» тәрізді жазылмаған заңдарды еске салады. Мұндай «омерта» принципінің білім саласына дейін жетуі өте қауіпті құбылыс.

Қарашөкеевтің реакциясы
Оқушы өлімдері қоғамда резонанс туғызған соң, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев шұғыл жиын өткізіп, оқу жылы басталғалы бері кәмелетке толмағандар жасаған ауыр қылмыстар жиілеп кеткенін айта келе, жағдайдың ушығып тұрғанын мойындаған. Жиын қорытындысында Ербол Қарашөкеев бірқатар лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартқан. Атап айтқанда: облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Серік Сәлемовке, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке және облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке де сөгіс берілген. Тіпті Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа «қатаң сөгіс» түрінде жаза қолдану тапсырылған.
Алайда әкімдік тарапынан жасалған бұл шаралар мәселені түп-тамырымен шеше ала ма? Қарашөкеевтің тәртіптік жазаға тартқандары – негізінен жергілікті атқарушы билік пен білім саласының өкілдері. Яғни облыс әкімі жауапкершілікті өзінің орынбасарынан бастап, қала-аудан әкімдері мен білім басшыларына жүктеді де, өзіне сын тағылған жоқ. Әкімнің сөзіне қарасақ, бар кінә жергілікті деңгейдікі, ал облыс басшылығы тек «нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын, бірақ оның орындалуынан нәтиже шықпағанын» айтумен ақталды. Мұндай жағдайда шенеуніктерді сілкілеп алу – алғашқы қадам ретінде дұрыс шығар, бірақ түйткілдің түбіне үңілсек, жағдай әлдеқайда терең әлеуметтік проблемаларға барып тіреледі.
Осы оқиғалардан соң Қарашөкеевтің ұйымдастыруымен құрылған арнайы жұмыс тобы әр мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінен кеңейтілген сауалнама алып, олардың құқықтық сауатын арттыру шараларын қолға алмақ екен. Әрине, профилактика қажет-ақ. Дегенмен аймақта қалыптасқан бейресми «кодексті» түп-тамырымен жою үшін тек сауалнама мен дәріспен шектелу аздық етеді.
Қарашөкеевтің екі жылы
Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысына әкім болып 2023 жылы тағайындалды. Алайда бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде оның аймағында бірнеше келеңсіз жайттар орын алып үлгерді. Солардың бірі – өткен жылдың желтоқсанындағы Қордай ауданындағы ветеринария бөлімінің басшысы Ғалым Сабыралының өзіне қол жұмсамақ болуы. 2024 жылдың 10 желтоқсанында Қарашөкеев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде облыстың жетістіктері жайлы брифинг өткізіп жатқанда, Қордай ветеринария бөлімінің басшысы негізсіз тексерулерге шыдай алмай, қолының тамырын кесіп жіберген.
«Жас Алаш» бұл туралы мақала да жазды. Ветеринарлық саладағы дау тамыз айында жаңа облыстық басқарма басшысы тағайындалған соң басталған екен. Ғалым Сабыралыны облыс орталығына ауысуға үгіттеген басшылық оның бас тартуын «бағынбаушылық» санап, үсті-үстіне тексерістермен қысым көрсеткен. Үш ай бойы Қордай ауданының ветеринары қызметкерінің жұмысына болмашы кемшіліктер үшін бірнеше сөгіс беріліп, әр апта «тырнақ астынан кір іздеген» ревизия Ғ.Сабыралыны ақыры экстремалды қадамға итермелеген. Қызығы сол, екі жыл бұрын, 2022 жылы Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі қызметінде жүріп Қордайдың ветеринария жұмысын көріп, «бүкіл елге үлгі» деп жоғары бағалаған екен. Яғни министр ретінде мақтап кеткен құрылымды облыс әкімі ретінде басқара алмай, сол саланың үздік маманы қайғылы жағдайға душар бола жаздаған еді.
Тағы бір сорақы жайт – 2025 жылы шілде әлеуметтік желілер мен тәуелсіз ақпарат көздерінде Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Нұрсұлтан Болатбековтің президентке үндеу жасап, өз мекемесіндегі «крыша» мен жемқорлық схемалары туралы айтты. Ол инспекция басшылығын пара алу мен беру, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және заңбұзушылықтарға қатысы бар деп айыптады. Болатбеков бірнеше жылдан бері коррупциялық схемаларға қатысудан бас тартқаны үшін қысымға ұшырап келе жатқанын мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемелері көліктік бақылау инспекциясында бұрыннан келе жатқан заңбұзушылықтардың барын тағы да бір дәлелдегендей. Себебі биыл сәуір айында Жамбыл облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Д.Кемелов ауыр жүк көліктерін өңір аумағында кедергісіз өткізгені үшін кәсіпкерлерден бірнеше мәрте пара алғаны үшін ұсталды. Сот Кемеловті кінәлі деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Оның делдалдары мен пара берушілерге де қомақты айыппұл салынған еді. Болатбековтің мәлімдемелеріне қарағанда бұл заңсыздық әлі де тыйылмаған секілді.
Жоғарыдағы фактілер Жамбыл облысындағы әлеуметтік ахуал мен басқару сапасына қатысты бірқатар жайттың бетін ашты. Ербол Қарашөкеев әкім болып келгелі көп уақыт өтпесе де, өңірде бала қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіп мәселелері өткір күйінде қалып отыр. Әзірге Қарашөкеев бұл дабылдарға «нақты тапсырмалар берумен» және орынбасарларына сөгіс жариялап, төменгі буын басшыларын жазалаумен ғана шектеліп келеді.

Асқар Беков, журналист: Әкім аймақтағы барлық оқиғаға жауап беруі керек
– Жамбылдың осындай аты Кеңес заманынан бері шығып келеді. Мұны өңір тұрғындары «легенда» жасап жіберген. Бұл нәрсе тұрғындардың буын-буынына сіңіп кеткен. Үлкендер мұндай оқиғаларды аузының суы құрып отырып айтады. Мен 2000 жылдарға дейін Жамбыл облысында мектепте оқыдым. Сол кезде Таразда «ана жерде біреуді атып кетті, пышақтап кетті» дейтін әңгімелерді естіп, оқитын едік. Міне, 25 жыл өтті, әлі де сондай ақпарат оқимыз. Барлық оқиғада құқық қорғау органдары қылмыскерді ұстады дейді, әке-шешесімен тиісті жұмыстар жүргізілді дейді. Болды, сонымен іс жабылады. Ары қарай мұндай істер жалғаса береді.
Демек, бұл жерде мәселе бір ғана адамды ұстауда емес, қоғамды тәрбиелеуде болып тұр. Бірақ мұның тетігін әкім, осы салаға жауапты мамандар қалай табатынын өз басым білмеймін. Бұл дерт, бәлкім, Жамбылда ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде бар шығар. Мен мұндай оқиғаларға ден қойып келе жатқаныма екі-үш жылдың жүзі болды. Кейінгі екі жылда Будапеште өмір сүрдім. Қайтып келгенім 2 айдай болды. Сол уақытта БАҚ беттерінен бірде-бір рет келеңсіз оқиға туралы оқымадым. Өзім де көшеден ешқашан мұндай дүние көрмедім. Будапеште 2 млн халық тұрады. Бірде-бір рет жол апатын байқамадым. Жолға таласып, төбелесіп жатқан жан жоқ. Адам факторы арқылы бір рет те заңбұзушылық кездестірмедім. Ал бізде бір күннің ішінде жол апатынан 30 адам қаза тапты. Демек біздегі проблема халықтың психологиясында. Жұрттың психологиясы тыныш емес. Тұнып тұрған қарбалас пен күн көруге ұмтылыс.
Жамбылдағы сияқты оқиғалардың шешімі басқада, соның кілтін таба алмай жатырмыз. Бірақ оған билік басындағылар да, жергілікті басшылар да үңілгісі, ешкім мойнына алғысы келмейді, бәрі карьерасын ойлайды. Тыныш қана тағайындалған мерзімін өтеп, «от звонка до звонка» дегендей, Жамбыл облысында бәрі қағаз жүзінде керемет болып тұрса болды. «Отчетін» жауып, бастысы, саяси аренадан кетіп қалмаса жетеді.
Негізі әр облыстың басшысы – әкім аймақтағы барлық оқиғаға жауап беруі керек. Жамбыл жағдайын алып қарасақ, сол білім департаменті, құқық қорғау органы, түптеп келгенде, әр мектептің директорына дейін әкімге қарайды. Облыста әкімнің айтқаны заң ғой, ол – кіші президент. Біздің саяси аренада министрдің статусынан әкімнің статусы жоғары. Бәріне таңдау берілсе министрді емес, әкім болуды таңдайды. Себебі бір облысқа қожайынсың. Демек, әкімсің бе – жауап бер. Өңірден чемпион шықса бар абыройды мойныңа іліп алғың келеді де, проблема болса қашқың келеді. Ол дұрыс емес, бәріне бірдей болу керек.
Жамбыл облысында заң да, тәртіп те жоқ
Жамбыл облысы – тарихында талай қиындықты өткерген, көпұлтты, динамикалық аймақ. Мұнда әлеуметтік салаларда ғана емес, этносаралық қатынастарда да кейде шиеленіс бой көрсеткені мәлім. Сол себепті өңір басшысы ретінде Ербол Қарашөкеевке жағдайды жіті бақылауда ұстап, кез келген қауіптің алдын алу міндеті жүктелген. Өкінішке қарай, соңғы бір жылдағы оқиғалар бұл міндеттің ойдағыдай орындалмай жатқанын аңғартады. Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік те, шенеуніктер арасындағы жемқорлық та – қоғамды іштен ірітіп, болашаққа қауіп төндіретін құбылыстар. Ал Қарашөкеев мырза әзірге мәселенің салдарымен күресіп әуре. Егер мектептегі тәрбие жұмысы жайына қалса, полиция мен әлеуметтік қызметтер профилактиканы шындап қолға алмаса – «көшенің жабайы заңын» балалар өздері қалыптастыра бермек. Полиция демекші, Жамбылдағы полиция департаментінде де әзірге тыныштық болмай тұр. Тамыз айының соңында басшының орынбасары ұсталса, қыркүйектің басында полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев қарамағындағылардың заң бұзуына байланысты отставкаға кетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның басты қағидасы» деп айтты. Содан кейін өңір-өңірлерде, БАҚ беттерінде осы қағиданың берік ұстанылып келе жатқаны туралы қаншама материал жарияланды, «заң мен тәртіп» мемлекет деңгейінде насихатталды. Аймақтар осы қағиданы орындауға тырысты. Алайда бұл ұстаным Жамбыл облысында керісінше жүретін секілді. Кейінгі айдағы оқушылардың өлімі, жемқорлық – бәрі де өңірде заңның үстемдігі емес, «көше кодексі» мен бейресми бандитизмнің күшейіп тұрғанын көрсетті. Егер «заң мен тәртіп» қағидасы қағазда ғана қалып, өмірде жүзеге аспаса, Жамбыл облысы әлі де рэкетизм көлеңкесінен шыға алмай отыр деген сөз.
Қазір Жамбыл өңірінде әкім болған Бөрібай Жексембиннің қызметінен алыну оқиғасы талқыланып жатыр. 2009 жылы тікелей эфирден Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықтың арызын тыңдайтын дәстүр болған. Сондай бір эфир кезінде Жамбыл облысы тұрғындары аймақта балаларын мектепке жіберуге қорқатынын, заңсыздық пен «беспредел» туралы айтып, бір күнде Жексембинді қызметінен алдырып тастаған көрінеді. Қазіргі оқиғалар да соған ұқсап келеді...
Айтпақшы, «Жас Алаш» өңір басшысына кейінгі орын алып жатқан оқиғаларға байланысты «жеке саяси жауапкершілігіңізді қалай бағалайсыз?» деген мәнде бірнеше ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР