Жамбылдағы жаңа зауыттар мен жаңа мүмкіндіктер

Инвестициялық жобалардың маңызы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізетін тікелей және жанама әсерлерін, пайдасын қарастыру қажет.
Инвестиция – кез келген мемлекеттің экономикалық қуатын арттыратын, ұлттық байлықты молайтатын, өндіріс салаларын жаңғыртатын қуаты күшті қару. Сол себепті әлемдік тәжірибеде инвестициялық жобаларды іске асыру тек қаржы тарту немесе жаңа кәсіпорын ашумен шектелмесе керек, ол тұтас экономикалық құрылымның өзгеруіне, еңбек нарығының қалыптасуына, инновациялық жаңалықтардың өмірге енуіне, аймақтардың даму қарқынына ықпал етеді. Жобалардың жүзеге асуы арқылы жаңа зауыттар салынып, кәсіпорындар ашылады, инфрақұрылым дамиды, жұмыс орындары көбейеді. Мұның бәрі тікелей халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сол себепті де ел президенті биыл халыққа жолдауында инвестициялық жобалардың мәні мен маңызын баса назарға алады. Қазір инвестициялық жобаларға дүниежүзінде талас күшейгенін атай өтіп, сөз басын дәл осы тақырыппен бастауы да бекер емес.
Осы орайда республика аймақтары да инвестициялық жобалардың көбеюін, дамуын жіті назарға алып отыр. Мәселен, соңғы жылдары Жамбыл облысында индустриялық-инновациялық даму бағыты ерекше қарқын алып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына тың серпін беріп отыр. Өңірде жалпы құны 289 млрд теңгені құрайтын 48 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, олардың аясында жаңа өндіріс орындары ашылып, халықты тұрақты жұмыспен қамту ісі кеңінен өріс алды. Мәселен, 2023 жылы аймақта 13 жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастап, нәтижесінде 577 тұрғынға еңбек ету мүмкіндігі жасалды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш одан да жоғарылап, бір ғана жылдың ішінде 35 өндіріс орны іске қосылып, 1 453 адамға тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Жаңа өндіріс ошақтарының қатарында ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор жобалар бар. Олардың ішінде «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы, құрылыс индустриясына қажет өнімдер шығаратын KORCEM цемент зауыты, сондай-ақ химия өнеркәсібінде айрықша орны бар Karatau Chemicals кәсіпорны атап өтіледі. Биылғы жылы да инвестициялық белсенділік бәсеңдемей, жалпы құны 175,2 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылмақ. Жыл қорытындысымен іске қосылатын осы жобалардың нәтижесінде тағы да 1 500 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі еңбек нарығы айтарлықтай жанданбақ.
Бұлай деуімізге де себеп көп. Өңірдің инвестициялық ахуалының артуын нақты деректер де дәлелдейді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 301,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 48,1 пайызға өсім көрсетті. Бұл – өңір экономикасының дамуына отандық және шетелдік инвесторлардың сенімі артқанын айғақтайтын көрсеткіш. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қолайлы инфрақұрылымдық жағдайдың жасалуы да үлкен рөл атқарды. Атап айтқанда, Тараз қаласында орналасқан индустриалды аймақ толықтай инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлер үшін тиімді алаңға айналды. Алдағы жылы мұнда шағын өнеркәсіптік аймақ ашылып, есік шығару, шыны өндіру, тамшылатып суару жүйелерін әзірлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын дайындау, бетон бұйымдарын өндіру сынды әртарапты бағыттағы кәсіпорындар жұмысын бастамақ. Мұнымен қатар аудандарда Талас, Сарысу-1, Сарысу-2, Меркі және Құлан субаймақтары құрылып, олардың әрқайсысы өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына жаңа тыныс бермек. Экономист Жанбота Сәкеннің айтуынша, инновациялық технологияларды қолданбай, тек дәстүрлі өндіріс түрлеріне сүйену елдің дамуына тосқауыл болатын үлкен қатер.
«Қалалар мен облыстардағы индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда жаңа кәсіпорындардың бой көтеруі жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймайды, сонымен бірге шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Себебі ірі зауыттар мен өндіріс орындары ашылғанда, оларға қызмет көрсететін қосалқы кәсіпорындар, логистика орталықтары, сервистік қызметтер, тамақтану орындары, тұрмыстық және инфрақұрылымдық салалар қатар дамиды. Бұл мультипликативті әсер деп аталатын құбылыс, яғни бір ғана инвестициялық жобаның өзі ондаған басқа экономикалық қызмет түрлерін дамытады. Нәтижесінде өңірдің экономикасы әртараптанып, халықтың табысы артып, әлеуметтік жағдайы жақсарады. Инвестициялардың тағы бір маңызды қыры – инновациялық даму мен ғылымды қажетсінетін өндірістердің қалыптасуы. Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдері ғылым мен білімге негізделген экономиканы құруға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан инвестициялық жобалар аясында жаңаша ойлау мәдениеті қалыптасып, инженерлік-техникалық кадрлардың кәсіби біліктілігі артады. Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының өндіріс орындарымен әріптестігі нығайып, жас ғалымдар мен студенттердің жаңа жобаларға қатысу мүмкіндігі туады. Мұның өзі адами капиталдың сапасын арттырып, елдің интеллектуалдық әлеуетін көтереді», – дейді маман.
Жаңаша серпін алған тағы бір маңызды бастама – Jibek Joly арнайы экономикалық аймағының қайта жаңғыртылуы. Бүгінде аталған аймақ Орта Азиядағы бірегей өндірістік орталықтардың біріне айналып отыр. АЭА аумағы 805 гектарға дейін кеңейтіліп, қосымша 400 гектар жерде жаңа субаймақ құрылды. Мұнда әлемдік деңгейдегі ірі жобалар шоғырланған. Жел генераторларын құрастыратын зауыттың алғашқы кешені іске қосылып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға үлес қосып отыр. Сондай-ақ өндірістік кремний зауыты, жүгеріні терең өңдейтін Орта Азиядағы ең ірі кәсіпорын (жыл соңына дейін өнім қабылдай бастайды), жылына 3 миллион тонна темір бұйымдарын өндіретін металлургиялық зауыт, сутегі асқын тотығын шығару өндірісі, желатин зауыты, мототехника өндірісі, натрий цианидін өндіретін өндіріс және басқа да ауқымды жобалар қолға алынған. Сонымен қатар биыл қараша айында қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы «Еврохим Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі өндіріс кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылмақ. Бұл жоба елдің химия өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
С. Бақберген
Жамбыл облысы