Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:48, 21 Қазан 2023

Жамбылдағы жарылысқа кінәлі деп танылған сарбаздардың үкімі айқай-шумен аяқталды

1
Фото: из открытых источников

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылысқа кінәлі деп танылған сарбаздардың үкімі айқай-шумен аяқталды. Шымкент гарнизонының әскери соты 18 адамның өліміне қатардағы қос жауынгерді айыпты деп танып, әрқайсысына 9 жылдан жаза кесті. Сондай-ақ сотталған сарбаздар 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды Zhasalash.kz KTK арнасына сілтеме жасап.

Ал тергеу кезінде күдікті деп танылған төрт офицер жазадан құтылып кетті. Әскери борышын өтеп үйіне қайтуына бір ай қалған сарбаздар сот үкімімен келіспей, шу шығарды. Тіпті туыстары да қырғын салып, адвокаттар мен қарауыл жасақ жаға ұстасып қалды. 

Шымкент гарнизонының әскери сотындағы процестің соңғы үкімін тыңдауға келгендердің қарасы қалың болғанымен, кіші зал таңдалыпты. Сондықтан сотталушылардың туыстарын екі бөлмеге бөліп отырғызды. Оған да сыймағаны терезеден сығалауға мәжбүр болды. Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылысқа кінәлі деп сотталып жатқан 6 әскеридің төрт офицері тілшілердің арасына жайғасса, қатардағы қос жауынгер әйнек тордың ішінде отырды. Ақпан айынан бері қаралған 800 томнан тұратын істі судья өте ұзақ оқыды.

Оқиға кезінде әскери бөлім бастығының міндетін атқарған Аслан Бақытжанов, оның орынбасары Руслан Несіпқалиев пен тағы екі офицер Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков шенінен айрылғанымен, кінәсіз деп танылды. Судья 82 адам жараланып, 18 әскеридің өмірін қиған жарылысқа қатардағы жауынгер Әсет Әшірбай мен Ерболат Тұранов айыпты дейді. Сондықтан қос сарбазға 9 жылдан жаза кесті.

Бөрлібай Қайыпов, Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы:

- Тұранов Ерболат, Әшірбай Әсет, әрқайсының жәбірленуші өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш 43 мың 700 теңге сомасын мәжбүрлі түрде ...

- Бала жазықсыз кетіп жатыр!

- Ей, жағыңды қарыстыр, сот үкім оқып жатыр. Сотты сыйламасаң, далаға шығып кет!

Үкім оқылар-оқылмастан, сотталған сарбаздар мен туыстарының жан дауысы шықты. Анасының қолынан соңғы мәрте ұстап үлгерген жауынгерлерді қарулы жасақ жабылып жүріп тордан әзер алып шыққан еді. Артынан қаумалаған жақындары сот өкілдері және әскерилермен жаға жыртысты.

Тоғыз жыл арқалаған сарбаздардың жақындары тергеу кезінен бастап небәрі 22 жастағы жігіттерге қысым көрсетіліп, ауыр айып мойнына қасақана ілінгенін айтады.

Жанар Қадырова, сотталушы Е.Тұрановтың анасы:

- Баламды диверсия деген статьямен қорқытады. Шақырады да 27 жылға бәрібір жіберем дейді. Балам көнбейді. Онда да айтады, 18 адам бізден сұрап тұр, кім өлтірген деп. Қазір мекенжйыңды берем, әкешешеңді білесіңғ тасталқан қылады дейді. Балам амалсыз солардың айтқанына көнді, бұны айтқан подполковник Мамытбаев. Сосын балам амалсыздан келіседі. «Мен сіздерді ойладым, мама» - дейді.

Ал сарбаздардың адвокаты «сотта келтірген бірде-бір дәлеліміз назарға алынбады» деп отыр. Әскери борышын өтеп бітуіне бір ай ғана қалған қос сарбаз үш қабат қорғанышы бар тас қамал қойманы бұзып, жапырақтай шүберекпен өртеді деген мыйға сыйымсыз деп отыр.

Сағадат Әміре, сотталғандардың қорғаушысы:

- Қалдарбек өзінің жауаптарын көрсету барысында сол топырақ үйіндісінің жанына келіп, «мен осы жерде көрдім, Әшірбайды» деген жері, топырақ үйіндісінің артында тұрған адамды ол 450 метр жерден көзі рентген болмаса, көруі мүмкін емес. Ол соны көрдім деп отыр. Шын айыпталушыны табу, анықтау тергеу органдарының құзыретіне кіреді. Солар анықтауы қажет еді. Жеңіл жол табылып, дайын тұрған екі сарбазға іліп жіберді ме деген күдігім бар.

Еске салсақ, 2021 жылы тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімшенің қару-жарақ қоймасы жарылып, 18 адам қаза тапқан. Тағы 82 адам жараланған болатын. Бұл іс бойынша 250-ден астам адам жәбірленуші деп танылды. Осыған дейінгі сот отырысында мүлкі бүлінгендер мен жараланған жәбірленушілер дәл осы сарбаздардың кінәлі дегеніне сенімсіздік білдірген еді. Бірақ олар сот үкімін тыңдауға келген жоқ. Судья да тілшілерге сұхбат бермей қойды. Ал 9 жылға сотталып, 25 миллиард теңге шығынды өтеуге міндеттелген қос сарбаздың жақындары мен адвокаты апелляциялық сотқа жүгінеміз деп бекініп отыр.