Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:19, 16 Мамыр 2023

Жамбыл облысында егістік алқаптары құрғап жатыр

None
None

Жамбыл облысының Жамбыл ауданында егіс алқаптары сусыз құрғап жатыр, — деп хабарлайды  Жас Алаш  «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, кейінгі екі аптадан бері диқандар 1,5 мың гектар пияз, картоп және басқа да егістік алқаптарын суғара алмай отыр. Оның үстіне шаруалар сәуір айының ортасынан, яғни суару маусымы басталғаннан бері су тапшылығын көріп отыр. Олардың айтуынша, проблемалардың себебі «Исмаил» арнасын қайта жөндеуден өткізуінің ұзаққа созылуына байланысты. Алдағы күндері су болмаған жағдайда диқандар егінсіз қалып, үлкен шығынға ұшырауы әбден мүмкін.

«40 гектар жерім бар. Наурызда пияз егіп қойдым. Бірақ қазір де оның көшеттері әрең байқалады, кей жерлерде тұқымы мүлдем шықпаған. Мәселе суда болып тұр, арнада су жоқ. Уәде береді бірақ жауапкершілікті толық мойындарына алмайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық егістік қазірдің өзінде құрғап жатыр», — деді аймақтағы шаруалардың бірі Фахардин Шәріпов.

Шаруалардың әр гектарды игеруі — бір миллион теңге. Ол үшін көбі несие алады, түсетін пайдаға сену қиын болып тұр. Шаруалардың айтуынша, суару маусымы басталғалы «Исмаил» арнасы арқылы бір аптаға ғана су беріліп, кейін ол бітеліп қалған. Дәл қазір егіс алқаптары жарты айдан бері су көрмей отыр, мұның бәрі су арнасын қалпына келтірудің кесірінен.

«Бүгін біз үлкен шығынға ұшырап жатырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің егістік алқаптарымызда қазірдің өзінде жалғыз өскіндер бар. Мысалы, бір метрде 80 өсімдік болуы керек болса, қазір көріп отырғандарыңыздай 5-6 дана ғана», — дейді тағы бір фермер Ахат Исмаилов.

Ұзындығы 20 шақырымға жуық суармалы арнаны қалпына келтіру жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталғаны белгілі болды. Ол 2021 жылы аяқталуы керек еді, бірақ жұмыс әлі жалғасып жатыр.

«Пандемия мен жобаға түзетулер енгізуге байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта L-тәрізді блоктарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Біз барлық жұмысты осы аптаның соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни, суды осы аптаның соңына дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — дейді "Қазводхоз" РМК филиалы директорының міндетін атқарушы Ерлан Өтегенов.

Телеарна мәліметінше, 30-ға жуық шаруа қиын жағдайға тап болған. Олар 1,5 мың гектар жерге пияздан бөлек картоп, қант қызылшасы, арпа, жоңышқа екті. Уақыт күн санап емес, сағаттап өтіп жатқандықтан, жұмысты тездетуді сұрайды. Жергілікті билік суаруды қайтадан кешіктірсе, диқандар орасан шығынға ұшырап, егінсіз қалу қаупі бар.

Ал жауапты мамандардың айтуынша, егіс алқабына тағы екі арна арқылы су жіберілген, бірақ 440 гектарға ғана. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленген «Исмаил» суару арнасын бетондау жұмыстары жоспарға енгізілген.

Тегтер: