Жамбыл облысындағы жарылыс: зардап шеккендер саны 60-қа жетті
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс салдарынан зардап шеккендер саны 60 адамға жетті, деп хабарлайды «Жас Алаш» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Тараз қаласының №1 ауруханасына түрлі жарақаттармен 60 адам түсті, оның ішінде 11 әскери қызметкер бар (сауалнама мәліметтері нақтылануда)», — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында «Жамбыл облысына қорғаныс, төтенше жағдайлар министрлері, ішкі істер министрінің орынбасары ұшып кетті. Жақын маңдағы ауыл тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды», — деп жазды.
Сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.