Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:34, 06 Шілде 2023

Жамбылда 7140 жас баспанаға мұқтаж

None
None

«Үйі жоқтың – күйі жоқ». Жамбыл облысы бойынша 35 жасқа дейінгі 327 271 жас болса, оның 7140-ы баспана кезегінде тұр.

Бұл ретте былтыр өңірде «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бұл бағдарлама негізінде сол жылы 35 жасқа дейінгі 40 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. 5 жыл мерзімге жасалған жоба бойынша алдағы жылдары аталған бағдарлама бойынша «өз үйі – өлең төсегі» болатын жамбылдық жастардың қатары көбейе түсетіні айтылған. Осы орайда «Жамбылда жас мамандар жеңілдікпен баспана алу үшін не істеу керек?», «Бұл бағдарламаның шарапатын кімдер көре алады?» деген сұрақтарға Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жауап берді.

«Жаңа бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп жүзеге асыруда. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы мұғалім, дәрігер, мейірбике, спорт және мәдениет саласының мамандары, журналистер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми қызметкерлерге мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан кем болмауы қажет. Әлбетте, табысы да ескерілетін болады. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Біздің облыс Астана, Алматы және Қарағанды қалаларының тәжірибесіне сүйеніп отыр. Ал «Отбасы банк» жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектеспек.

Өз кезегінде «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова банк тарапынан жасалатын жұмыстарды түсіндіріп өтті. «Тұрғын үй сатып алуға «Отбасы» банкі 15 миллион теңгеге дейін заем береді. Егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражатынан төлей алады. Бастапқы жарна – 5, сыйақы мөлшері – 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар», – дейді банк қызметкері.

Аталған тұрғын үй бағдарламасы бір жарым жылға жуық уақыт қаралып, талқыланып, әбден сүзгіден өтіпті.

Бұл жоба былтыр пилоттық жоба ретінде басталғаны белгілі. Бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген 21 жас маман, білім беру саласының 12, 3 жас журналист және екі-екіден мәдениет пен спорт саласының жас мамандары баспаналы болды.

Биыл осы бағдарлама қайта жалғасын тауып, үміткерлер 10.07.2023 – 20.07.2023 күндері аралығында құжаттарын тапсыруы тиіс. Бұйырса, биыл 140 жамбылдық жас отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бұл ретте бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге көбейіп, 2 миллиард теңгені құрап отыр. Айта кетерлігі, бұл бағдарламаға тек Жамбыл облысының жастары ғана қатыса алады. Өтініштер e-zhambyl.kz сайты арқылы қабылданады.

Тегтер: