Жамбылда университет жұмысшылары бас көтерді
Жамбылда жұмысшылардың жалақы мәселесіне наразылығы көбейіп, айлығы шайлығына жетпей, ашынған жұрт ұжым болып, көшеге жиі шығатын болды.
Бұл жолы өңірдегі бас оқу ордасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 200-ден астам қарапайым жұмысшысы бас көтерді.
Жолдауда айтылғандай, жаңа жылдан кейін жалақы 20 пайызға көбейеді деп үміттенген университет жұмысшыларының, керісінше, айлықтары 10-50 пайыз аралығында аз шыққан. Мәселен, бұған дейін 140 мың теңге алып келген жұмысшыға жаңа жылдың алғашқы айлығы есебінде 76 мың теңге ғана түсіпті. Көбісі, осы шамада айлықтары азайып кеткеніне аң-таң болып, оқу ордасының басшылығынан мардымды жауап ала алмай, ректорға кіре алмай, амалсыз көшеге шыққан.
Еден жуушы Сара Жанқораева 650 шаршы метр еден жуатынын, сырлау, тазалау, басқа да қосымша жұмыстарды атқаратынын айтады. Айлық көбейеді ме деп жүргенде, аз шыққанына айран-асыр болған. Ешкім ескертіп, түсіндірмепті де. Жұмысшылар талап-тілегін айтып көшеге шыққан соң ғана М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманұлы алдыларына келді.
Ректордың айтуынша, бұл бұрынғы басшының кезінде бекітілген бұйрық екен. Ол өткен жылдың 31-ші желтоқсанында күшін жойған. Ал биылдан бастап жұмысшыларға жалақы төлеудің жаңа тәсілін ойластырып жатқан көрінеді. Ректор, тіпті қызды-қыздымен сенбі-жексенбі жаяу жүретінін, тиісті жерге таксимен баратынын айтып, қызметтік көліктен де қаржы үнемдеп жүргенін жайып салды.
Жалпы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 2300-ден аса қызметкер еңбек етіп, 14 мың студент білім алады. Білімгерлерінің 76 пайызы ақылы негізде оқиды. Оқу ақысы ең төменгі мөлшері 400 мың теңгеден басталады. Сөйте тұра, жұмысшыларына мардымды жалақы төлей алмай отыр.
Айтпақшы, күні кеше осы оқу ордасының оқытушысы 200 мың теңге парамен ұсталғаны жайлы ақпарат та тарады.