Жамбылда жастарды қолдау жаңаша бағыт алмақ
Жастар – елдің дамуы үшін әрқашанда басты құраушы күш саналады. Қай салада болмасын, мәселен, экономика, саясат, ғылым, қайырымдылық болсын, барлығында жастарымыздың белсенділік танытатыны белгілі.
Сол себептен де жастарды қолдауға арналған бағдарламалар да көп. Осы орайда Жамбыл облысында жастарды қолдауға байланысты жаңа жобалар іске қосылып, тиісінше жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, Жамбыл облысында жастарды жеңілдетілген заем арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға 35 жастан асқан, басында соңғы бес жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы ескеріледі. Жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік әрі демеу болмақ. Аталмыш бағдарламаға қатысты «Отбасы» банк Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова: «Осыған дейін Жамбыл облысы Астана, Алматы қалаларының тәжірибелерін жинақтап келді. Жалпы жергілікті билік «Отбасы» банкімен бірлесе отырып, жас мамандарды қолдау үшін осындай бағдарламаларын қолға алып үлгерді. Облыс әкімдігі осы уақытқа дейін жаңа жобаға қаржы бөліп, жеңілдетілген несие беруге көмектесіп келді. Осындай қолдаудың арқасында жастарымыздың көбі баспаналы болды» дейді.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің мәлімдеуінше, биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 140 жас отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отырған көрінеді. Осыған орай биыл «Әулиеата жастары» тұрғын үйді жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2 миллиард теңге бөлініп, жартысы жергілікті бюджеттен қарастырылған. Ал тағы бір миллиарды «Отбасы» банкі тарапынан бөлінген.
Жастарды баспанамен қамтамасыз етуден бөлек, жұмыспен қамту мәселелері де биыл оңынан шешілгелі тұр. Жалпы Жамбыл облысында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың жалпы саны үш жүз елу бір мың 138 адамды, яғни облыс халқының 30,5 пайызын құрайды екен. Бұл туралы Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар есеп беру жиынында айтқан болатын. Енді бұл жастардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне келсек, биыл жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша белсенді шараларға бес мыңға жуық жас тартылған. Осы орайда әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша жұмыстар атқарылып келеді.
Ал рухани тақырыптарға келетін болсақ, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жуырда Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында «Ғылыми шығармашылық және инновациялық дене шынықтыру мен спорт маманының кәсіби құзыреттілігі мен ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілген еді. Шараға әлемнің 9 мемлекетінен өкілдер, профессорлар мен ғалымдар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті. Соның ішінде денсаулық, спортқа қатысты мәселелер талқыланды. «Мемлекеттің жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес, мемлекеттік жастар саясатының негізгі 11 бағыты қарастырылған. Денсаулық сақтау мен саламатты өмір салтын қалыптастыру рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жолы болғандықтан, спортқа да ден қою мәселесі ұмытылмады. Соған орай Жамбыл облысында биылдың өзінде 82 мың 353 адамның қатысуымен 1400 спорттық шара ұйымдастырылды. Ал облыстағы спорт нысандарының саны 2919-ды құрайды. Жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалынуының нәтижесінде бүгінде спортпен айналысушылардың да саны біршама өскен. Бұл жайында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесі 39,6 пайызға жеткен. Сонымен қатар қазіргі таңда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің саны артып келеді. Осы жылы 21 спорт нысанының құрылысы да жүргізіліп жатыр» деген болатын әкімге берген есебінде.
Қорыта айтқанда, Жамбыл облысында Жастар саясатының қолдауымен барлық жұмыс тиісінше жүйелі жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да жастарды қолдауға байланысты жұмыстар жалғасын табады деген сенімдеміз.