Жамбылдық жас жобасына инвестор іздеп жүр
«Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу». Электр энергиясын өндіретін жоба ойлап тапқан Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Қанат Тәжіхан оны жүзеге асыру үшін демеуші-инвестор іздеп жүр.
Жас өнертапқыш қалқымалы күн панелін жасап шығару үшін екі жыл уақытын жұмсапты. Қанаттың The Future Solаr Power Plant деп аталатын қалқымалы күн панелінің ерекшелігі сол, ол жер бетіне емес, су бетіне орнатылады. Жоба жүзеге асса, кәдімгі күн электр станцияларына қарағанда 65 пайызға дейін көп энергия өндіруге мүмкіндік туады деп көзделуде.
Жас өнертапқыш жобасын жүзеге асыру үшін алдымен күн электр станцияларының кемшіліктерін зерттеген. Ол үшін арнайы Жуалыға «Бурное Солар» күн электр станциялары орналасқан жерге барып, тәжірибелер жүргізеді. Сондағы Теріс-Ашыбұлақ су қоймасына өзінің қалқымалы күн панельдерін орналастырып, өз жобасының 65 пайызға дейін көп энергия өндіретінін тәжірибе жүзінде дәлелдеп шығады.
Оның айтуынша, қалқымалы күн панельдерінің артықшылықтары аз емес. Атап айтсақ, құрылғыны орнату үшін арнайы жер дайындаудың қажеті жоқ. Оның орнын кез келген уақытта ауыстыра беруге болады. Панель су қоймаларын эвтрофикациядан, яғни буланудан, балдырлардың өсіп кетуінен сақтайды. Ал ең негізгісі, көп энергия өндіреді.
Өнертапқыш бұл жобасын түрлі халықаралық зияткерлік жарыстарда, ғылыми байқауларда да қорғапты. Нәтижесі өте жақсы. Бүкіл Азия елдерінің жас өнертапқыштары қатысатын «Ingenious project – 2022» халықаралық ғылыми жобалар байқауында І орын, Франция астанасы Париж қаласында өткен «The Big Progress» халықаралық байқауында І орынды иеленген. Француздар тіпті жас таланттың талабын көріп, өз елдеріне шақырту да жіберіпті.
«Мен өз жобамды өз елімде жүзеге асырғым келеді. Егер жобамды жүзеге асыруға демеуші тапсам, біз жасыл энергияны дамытып, толық энергия алып жатқан тұңғыш мемлекет болар едік. Францияға шақыртқанда бармаған себебім де сол.
Жоба туралы алғаш рет 9 сынып оқып жүргенде ойыма келді. Біріншіден, мен еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешуге үлесімді қосқым келеді. Себебі біздің елімізде, әсіресе оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшы. Мысалы, тек бір жыл ішінде еліміздің солтүстігінде – 8, оңтүстігінде – 12 пайызға электр энергиясын тұтыну мөлшері артқан. Бұл мәселені шешу үшін елімізде көмір, газды пайдаланып, атом электр станциясын соғу ұсынылуда. Бірақ халқымыздың біраз бөлігі атом электр станциясын соғуға қарсы, ал көмір экологияға зиян. Ол көмірқышқыл газын бөледі әрі сарқылатын ресурс. Біз жасыл энергияға, дәлірек айтсақ, күннен электр энергиясын алуға өз деңгейінде мән бермейміз, оны жай қосымша энергия көзі деп санаймыз. Егер жасыл энергияға мемлекет тарапынан шындап қолдау көрсетілсе, зор табыстарға жетер едік», – дейді жоба авторы.
Айта кетерлігі, Қанаттың бұл жалғыз жобасы емес. Ол Қалдыбай Барысхан есімді сыныптасымен бірге жасанды интеллект арқылы қоқыстарды 5 түрге бөліп сұрыптайтын робот құрылғыны да жасап, жетілдіру үстінде.
Бұл күндері Таразда жас өнертапқыштардың республикалық сайысы өтіп жатыр. Үш күнге созылатын сайыста оқушылар өз қолдарымен автокөліктер мен кемелердің, әуе көліктерінің шағын үлгілерін құрастырып, оларды ашық алаңда сыннан өткізеді. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен үздік деген 17 команда арнайы қатысуда.
Техникалық шығармашылық пен өнертапқыштық қабілеті жоғары жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған республикалық шара кезінде ондаған жоба таныстырылды. Сайыс барысында жеткіншектер өздері ойлап тапқан модельдердің мүмкіндіктерін көрсетуде.
«Әр қатысушы жобасының өзіндік ерекшелігі бар. Баға беру кезінде сапасына, пішініне, тіпті бояуына дейін мән беріледі. Ең бастысы кеменің техникалық құжаттары болуы шарт. Суреттер, сызба нұсқаларының болуы міндетті. Одан кейін автордың кемені суда басқару шеберлігі де ескеріледі», – дейді бас төреші Қанат Әбдірашитов.
Жалпы жарыс авто, әуе, зымыран үлгілері сияқты 15 түрлі бағытта өтіп жатыр.
«Бұл біздің облысымызда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Маңыздылығы біріншіден, жастар жылы аясында өткізіліп отыр. Екіншіден, балалардың техникалық өнертапқыштыққа қызығушылығын ояту болып табылады. Көптеген ірі жобалардың барлығы осы балалардан бастау алып жатады», –дейді облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Есеев.
Бұл сынға Жамбыл өңірінен 2 бірдей команда қатысып жатыр.
Айта кетейік, қазір аймақта оқушыларды инженерлікке баулитын 6 техникалық шығармашылық орталық жұмыс істеп тұр.