Жамбылдық жастардың да айтары бар...
Жастар мәселесі қашан да өзекті тақырыптардың бірі болып саналады. Сол себептен де елімізде жастардың жан-жақты дамуына, өсуіне біршама жағдай жасалынған.
Әсіресе Жамбыл облысында жастардың білімге құштарлығын арттыру мақсатында түрлі байқаулар мен шаралар жиі өткізіліп тұрады.
Нақты тоқтала кетсек, өткен айда ғана Қазақстандағы жастарға арналған Aqyl battle интеллектуалды бағдарламасы басталған болатын. Жарысқа Жамбыл облысының жастары шет қалмай қатысты. Жалпы жарыс 14 пен 35 жас аралығындағы жастарға арналған мемлекеттік тілде жүргізілетін әрі заманауи зияткерлік командалық ойын саналады. Турнир үш кезеңді қамтиды. Яғни бірінші кезеңде өңірлік онлайн Aqyl battle мобильді қосымшасы арқылы өңірлік іріктеу жүргізіледі. Екінші кезеңде өңірлік оффлайн турнир, үшінші кезең Aqyl battle Cup республикалық сайысының филиалы өткізіледі. Аталған сайысқа жамбылдық жастар да қатысып бақтарын сынауда.
Бұдан бөлек, жамбылдық жастар білімге ғана ден қоймай, өңірдің дамуына, жастарды білімге ынталандыруға байланысты өз ұсыныстарын қоса отырып, үлестерін қосып келеді. Мәселен, жуырда өткен үйлестіру кеңесінде өңірлік жастар өңірлердегі жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалдастық етуіне бағытталған шаралар мен жастармен жұмыс жасау барысындағы әдіс-тәсілдерін тілге тиек ете отырып, пікірлерін бөлісті. Оның ішінде жастар ресурстық орталық қызметкерлерінің жалақысын көтеру механизміне жетпіс пайыз мөлшерде ынталандыру үстемақысы мен жалақыдан бөлек қосымша ақы алуына жағдайлар жасауға болатындығы жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мен оқыту, жастар орталықтарының жұмысына сараптама, бағыт-бағдар беру, әрі өзара жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты мәселелер де қозғалды. Одан бөлек жастар орталығының директорлары еліміздің әр өңірінде жастар орталығының жұмыс-жоспарлары әртүрлі бағытта жүргізілетіндігін айта отырып, еліміздің әр өңіріндегі жұмыстардың бағыты мен жобалардың өткізілуін бір ізділендіруді ұсынды. Ал жастардың жақсы жұмыс істеуі үшін әрине бірінші олардың денсаулық жағдайы маңызды. Сондықтан да денсаулық мәселесі де шет қалмай, оған қатысты да ұсыныстар түсті. Мәселен, жастардың репродуктивті денсаулығы мен Жастар денсаулығы орталығындағы жұмыстардың жүргізілуіне байланысты мәселелер де айтылды. Сондай-ақ, жастардың жұмыс жасаудағы штаттық бірлікті стандарттай отырып, Жастар ресурстық орталығының құрылғанына 10 жылдық мерейтойы қарсаңында жастар форумын ұйымдастырып, оған президенттің тікелей қатысуымен өтетін жиында жастарға қатысты кенже қалып бара жатқан мәселелерді талқылауды да ұсынды.
Жамбыл облысындағы жастардың ұсыныстарынан соң артынша Қызылорда облысында жастар орталықтарының жұмысын жақсартуға байланысты арнайы үйлестіру отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов пен ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы М.Есекеева пен Қазақстанның барлық аймағындағы Жастар ісі жөніндегі басқарма басшылары мен Жастар ресурстық орталықтарының директорлары қатысып, өңірлік жастардың айтқан ұсыныстарын, әсіресе жастар ресурстық орталықтарын дамытуға, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңы мен ҚР 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасындағы өзгерістерді кеңінен түсіндіруге байланысты мәселерді талқылаған болатын. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов: «Біз биыл Жастар ресурстық орталықтарының 10 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтеміз және осы уақыт ішінде Жастар ресурстық орталықтары Мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың негізгі саясатын іске асыруда негізгі институционалдық бөлігіне айналып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Жастар саясаты туралы заңындағы тұжырымдамалық өзгерістерге қол қойған болатын. Соған орай өткен жылы 28 ақпаннан бастап заң күшіне енген еді. Сол заңға енгізілген өзгерістер аясында жастар категориясы 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтылып отыр. Әрі осылайша мемлекеттен жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды пайдаланатын жастардың саны үш-төрт миллионнан алты миллионға дейін жетіп отыр» дейді.
Сонымен қатар жиында жамбылдық жастардың ұсынысымен жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған және Neet санатындағы жастармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі мен санаты бойынша, жастардың еңбек жасақтары мәселелері өңірлік деңгейде жетілдіріліп, айтылған мәселелер оңынан шешілетіндігі айтылды.
Жалпы Жамбыл облысында жастарға жағдай барынша жасалынып келеді. Мәселен, Жамбыл облысында жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына біршама жағдай жасалынып отыр. Соған орай биыл кәсіпкерлік бастамаларға 2 жарым пайыздық несие беру тәртібі де қарастырылып отыр. Ал жастарға арналған жеңілдетілген шағын несиені кәсіпкер жастар алуы үшін «Несие корпорациясына» жолығуы қажет. Несиенің шартына келетін болсақ, бес миллион теңгеге дейін ғана несие беріледі. Сонымен қатар несие мерзімі басқа бизнес жобаларына бес жылға дейін, ал мал шаруашылығына жеті жылға дейін 2 жарым пайыздық мөлшерде жылдық сыйақы беріліп отыратындай жағдай жасалынып отыр. Одан бөлек, берешек пен сыйақыны өтеу бойынша несиелеу мерзімінің ұзақтығына байланысты үштен бірінен аспауы керек. Ал несие алушыға қойылатын негізгі талапқа келсек, 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар ғана қатыса алады. Міне, әзірге өңірдегі жастарға жасалынып жатқан жағдайлар осындай.