Жамбылдықтар Нұржігітовке сенбейді
Жамбылда айлығы шайлығына жетпейтіні жанына батқан жұмысшылардың жанайқайы жиілеп кетті.
«Қазфосфат», ТЭЦ, «Локомотив» теміржол мамандары, ТарМУ жұмысшылары… Енді, міне, күні кеше Меркідегі күре жолдың бойын күтіп-баптап, күйбең тірлік кешіп жүрген қарапайым жұмысшылар наразылыққа шықты.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» ақылы автожолының жұмысшылары жалақыларын ала алмай, компанияға шағым айтқандары жұмыстан шығып қалған.
— Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, соңғы үміт артып, сенеріміз сіз болып тұрсыз. Тендерді ұтып алған компания «Шымкентспецкомплекс» айлығымызды төлемей жатыр. Шағым айтқан үш адамды жұмыстан босатамыз деп бопсалауда. Медсақтандыру төленбейді. Жұмысшылар ауырған жағдайда ауруханалар қарамайды. Компания басшылығына Бейбітқазы Әмірбеков келгелі осындай жағдайлар пайда болды. Мәселемізді жазбаша «ҚазАвтоЖолдың» басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаевқа 4 мәрте жолдап, мардымды жауап ала алмадық. Олардың тарапынан компания басшылығына ешқандай шара қолданылған жоқ. Аудан әкімдігі 1 ай көлемінде шешіп береміз деді. Бірақ олардың да қолынан ештеңе келмеді. Біз тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңге қарай қайтадан кері қадам жасап жатқандаймыз, – деп президентке үндеу жолдады жергілікті жұмысшылар.
Жұмысшылардың сөзінен ұққанымыз – жыл басталғалы жалақылары кешігіп, соңғы айларда айлықтарын ала алмаған, еңбек демалысына уақытылы шыға алмаған, зейнетақы төлемі мен медсақтандырулары төленбеген, шағым айтқандарды жұмыстан шығарамыз деген. Өз кезегінде Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков 1 айда мәселелеріңізді шешіп береміз деп сайлау өткенге дейін алдаусыратып келген. Енді есегі судан өткен әкім «өз қотырларыңды өздерің қасып алыңдар» дегендей «Күл болмасаң, пұл болдың» керін келтірген.
Жалпы, меркілік жұмысшылар бұл мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтен көмек күтпепті. Әкімнің наразы топтан бойын аулақ ұстайтынынан ба екен, әлде, әлі келмейді деді ме екен, әйтеуір соңғы сенеріміз деп президентке үндеу жолдап отыр.