Жамбылға жұрт күтпеген Нұржігітов әкім болды
Өткен аптаның бейсенбісінде еліміздің үш өңірінде әкім ауысты. Алғашқы ауыс-түйіс Жамбыл жерінде жасалып, жасы жетпіске таяған Бердібек Сапарбаев орнын бұған дейін ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары болған, жұрт күтпеген Нұржан Нұржігітовке босатып берді.
Осылайша, Молдиярұлы Тәуелсіздік алғалы бері Жамбыл облысының тізгінін ұстаған 10-шы әкім болып отыр.
Жалпы, Сапарбаевты мақтаушы да, сынаушы да көп. Бес облысты басқарған рекордсмен әкімнің еңбектерін жоққа шығаруға болмас. Бірақ Бердібек Мәшбекұлы соңғы уақытта күлкі-келемежеге жиі қалып, қадірі қаша бастады. Тіпті, бұрынғы «Бордюрбек» дейтін сөзге «зар» болғандай, Сапарбаев десе, жұртшылықтың есіне «персик» түсетін болды. Әрине, кеткен әкімді керіп қалғымыз жоқ. Кемшіліктері мен олқы тұстарын, артық кеткен жерлерін қалт жібермей, газет бетінде дер кезінде жарияладық.
Кеткен әкім демекші, Бердібек Сапарбаев кетіп бара жатып, эстафетаны туған інісі (кейбір дерек көздері кіндігінен тарайтын ұлы деп жазып жүрген) Нұрлыбек Нәлібаевқа ұстатып кетті. Сол күні түс ауа Нұрлыбек Мәшбекұлы Қызылорда облысына әкім болды.
Сапарбаевтар жайында сөзімізді осы жерден үзіп, Жамбылдың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов жөнінде айтып өтсек.
Әрине, бұған дейін бір жарым жыл ғана Байзақ ауданына әкім болған, былтыр сәуірден бері облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары қызметін атқарып келген Нұржан Нұржігітовті облыс әкімі болады деп көп ешкім күткен жоқ. Тіпті, «Сапарбаев кетеді» деген хабар тарағанда да, кандидаттар қатарында Молдиярұлының аты аталған жоқ.
Тек, әкім тағайындалар күннен бір күн бұрын ғана бізге аты-жөнін атамауды сұраған сенімді дереккөзі «облыс әкімі Нұржан Нұржігітов болып кетуі бек мүмкін» екенін айтты. Өйткені өңірдегі атқамінерлер арасынан президент әкімшілігінің батасын алып, «өтіп келген» жалғыз осы – Нұржан Молдиярұлы екенін білдік. Ал Сапарбаев расында «жүгін жинастырып», дайын отыр деп жазған болатынбыз.
Нұржан Молдиярұлы 1967 жылғы, еліміз Тәуелсіздік алған 1991-ші жылы Ленинград ауыл шаруашылық институтын «Инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдап, елге оралған. Еңбек жолын сол жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.
Жалпы, Нұржігітовтің қызметтік жолына қарасаңыз, сатылап өскенін көруге болады. Яғни әр жылдары Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы болып жұмыс істеген.
Мұнан соң, Нұржан Молдиярұлы Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Байзақ ауданының әкімі және Жамбыл облысы әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары болды.
Яғни облыс орталығын басқармады, яки қалада қызмет атқармады демесеңіз, Жамбылдың тау-тасы, орман-даласының, ауыл-аймағының мәселесі Нұржігітовке жақсы таныс.
Осы орайда, біз – Жамбылдың су жаңа әкіміне сәттілік тілеп, «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» демекпіз.