Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:44, 18 Қараша 2021

«Жамгыр төктү...»

None
None

Сазы сырлы Садық аға – белгілі өнер иесі өмірден өтті...

«Күн күркүрөп, жамгыр төккен,

Ошол күндөр қайда кеткен?

Жаштыгымдай же кечеэги,

Қайрылбай кетеби!..»

Қырғыздың қазаққа кеңінен танымал осы әнін естіген сайын Сәкең –  Садық аға едел-жедел есіме түседі. Оның себебін айтайын.

Садық Құнанбаев қиыр шет, қиғаш жердегі алып аудан – Мойынқұмның (Жамбыл облысы) атақ-абыройын асырған асыл перзентінің бірі. Әрине, әсем әнімен, өрісті өнерімен, адамдық қадір-қасиетімен ерекше-тұғын. Ол Қазақстан композиторлар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, республика ақпарат саласының үздігі, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы еді. Еді деп отырғаным, әуезді ән-әуенімен туған елін, жерін, адамдықты, махаббатты жалықпай жырлап, әрдайым әсемдікті әспеттеген қайран Сәкең қазір арамызда жоқ, жақын арада қырқы берілмекші...

Жан-жүрегін жарып шығып, 21 жасында жазған тұңғыш әні «Мойынқұм жастарының вальсі» еді. Одан соң да талай тамаша туындының авторы атанды. Арасында «Анама», «Сенің бейнең», «Орамал», «Талдыөзектің талдырмашы», «Бетпақдала – бай дала», «Айналдым Алматымнан», «Тәуелсіздік толғауы» сияқты әдемі әндері бар.

Кәсіби композитор ағамыздың қаламы да жүйрік-тін. Көп әндерінің сөзін өзі жазған. Кезінде өлеңдері мен дастандарының басын қосып, «Менің Мойынқұмым» атты жинағын жарыққа шығарған. Айтқандай, 2018 жылы «Өнер» баспасынан «Садықтың сазды әндері» деген, нотасымен берілген кітабы оқырман қолына тиді. 70-жылдары ол кісінің «Мойынқұм» ән-би ансамблінің құрамында Мәскеу мен алыстағы Португалия мемлекетінде өнер көрсеткенін де айтқаным жөн шығар.

Енді, міне, 77 жасында есімі елге мәлім ардақты азамат бақилық дүниедегілердің қатарын толықтырды...

Көзі тірісінде Сәкеңмен жақсы араласып, үйінде талай рет қонақта болдым. Сонда дастархан басында отырған Уайділда мен Гүлсайра, Болат пен Әсем, Қабылан мен Орынкүл, Мақсат пен Шәкәрман, Алматай, Науат, Роза және Бота – бәріміз ол кісіден өз әндерін айтып беруді өтінетінбіз. Осы орайдағы сөзіміз алдымен «Мойынқұм жастарының вальсінен» басталатын-ды. Аяқ жағында әдетімізше «Жамгыр төктүні» орындауды қиылып сұрайтынбыз. Сонда қара баянын қолына алған Сәкең мен Сәуле жеңгей (төрт-бес ұл-қыздың аяулы анасы, ол өте жақсы әнші) екеуі қосылып, сезіміңді теңіздей тербететін, жаныңды мұңға батыратын, жүрегіңді шымырлататын осы бір сұмдық сұлу әнді шыңына жеткізе шырқайтын. Сонда көңілің толқып, көзіңе жас та келіп қалатын...

«Күн күркіреп, жаңбыр төккен,

О, сол күндер қайда кеткен?

Жастығымдай – қимасымдай,

Қайырылмай кетесің!..»

Сөйткен Садық аға да Алланың қалауымен артына қарайламай, қайырылмай, қайтпас сапарға асыға аттанып кетті, жалған дүние деген — осы...

Әрине, уақытында белгілі композитордың әндері, өнері, өмірі жайында аз жазылған жоқ. Сондықтан бүгінгі әңгіменің негізін осылай әдіптеуді жөн көрдім.

Р.S. Жуырда газеттен профессор, аграрлық университеттің ардагері Несіпжамал Байболтаеваның да өмірден өткенін білдім. Садықтың ет жүректі ерекше елжірететін «Анама» атты әнін алғаш айтқан жан еді. Кезінде оның орындауындағы бұл ән Қазақ радиосынан жиі берілетін.

Марқұмның иманы жолдас болсын...

Тегтер: