Жамшед бізді неге менсінбейді?
Жақын жерде, үйімнің жанындағы дүңгіршектердің бірінде ұзақ жылдар бойы өзге ұлттың бір азаматы көкөніс, жеміс-жидек сатады.
«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, хан базардан арқаламай-ақ ала салайын деп, анда-санда барып тұратын жайымыз бар. Бағасы басқа базарлармен салыстырғанда, айтарлықтай қымбат. Мейлі, әңгіме бағасында да емес. Мүмкін, тұрған жері орталық болғандықтан, жалдамалы жері тым қымбат болған соң, солай шығар дедік. Бірақ мені мазалаған басқа мәселе еді.
Жамшед атты сатушының ұлты өзбек немесе тәжік екені түрінен байқалып-ақ тұр. Түркітілдес болған соң, қазақ тілінде керек затымды сұрасам, маған «я не понимаит, русский понимаит» деп, өзі де орысшасы өзбекшесінен де түсініксіздеу үн қатқаны. Мен содан оған айттым: «Жәнім әшейін, бала, екеуміз еуропалық емеспіз, түбіміз біз түркіміз, яғни түркітілдеспіз, орысшадан қойып, өз тілімізде тілдессек, әлдеқайда түсінеміз бір-бірімізді», дедім қайтер екен деп. Ол болса «что, что вы говорите, я не понимает» деді тағы да. Содан ашуланып, алып жатқан затымды қайта төңкеріп, кетіп қалдым.
Біраз күннен соң жаңағы дүкенге қайта бардым. Бұл жолы басқа сатушы тұр екен, жасы 17-18 шамасындағы жас бала. Содан тағы қазақшалап «анадан мынша келі, мынадан мынша келі сал» деп сұрап едім, ол: «Тате, я незнаит казахский, я русь», дейді. Содан мен ашуланып: «әй, сен тілді түсінбесең, мына елге не үшін келдің, жарығым-ау», деп шыр-пыр болдым. Содан ол бала қасындағы жапсарласқан дүкеннің сатушысы қазақ жігітті шақырған болды. «Нұрбол аға, идемте, переводите мне, что она говорит», дейді. Менің сұрағаным картоп мен капуста, ол сөзді орыс та, тіпті, ағылшын да түсінеді деп ойлаймын. Содан күлкім келіп, оның әрең сөйлеп тұрған орысшасына ыза боп, алам деген затымнан айнып, тағы қайттым. Менікі жәй тексеру еді. Бірақ кетіп бара жатып: «Абайла, қазақша үйрен, кәсіп қылам десең, келген елдің тілін сыйла», деп өзімше ақыл айтып кеттім.
Екінші толғандырған мәселе, осы сатушы екі жігіттің де Қазақстанның азаматтығы жоқ екені анық. Сонда олар біздің елде кәсіптерін емін-еркін дөңгелетеді, ал тілін менсінбейді, халқын көзге ілмейді, тілін жерге таптайды, бірақ ақша табады, табыс көзіне айналдырады.
Әшейінде, 200 теңге салыққа қарызың шықса, барлық есепшоттарды бұғаттап тастайтын біздің елдің қырағы Кіріс департаментінің қызметкерлері не қарап жүр? Ай қарай ма? Мысалы, тек бұл сатушы ғана емес, ондайлар қай базарға барсаң да алдыңыздан шығады. «Барахолканың» ішінде де ылғи өзге ұлттар, арасында қырғыз бен өзбегі, түріктері бар, бәрінде Каspi қосымшасында ақша аударымын жасауға мүмкіндік бар. Ал Каspi банкінің кәсіпкерлер қолданатын бағдарламасы олардың бір де біреуінде жоқ. Болған күннің өзінде олар төлемді «Каspi Gold» аударыммен қабылдайды. Кәсіпкер ретінде тіркелмеген, мемлекетке көк тиын пайдасы жоқ ондай «гастарбайтерлерден» бізге не пайда?! Қаламыздың қақ ортасында тұрып, тілімізді менсінбей, аудармашы шақырып сөйлесетіндей құқықты оларға қай мемлекет береді екен? Өзге елдің суын ішіп, құдығына түкіретіндей, жергілікті халықты менсінбей, жоғарыдан қарап шіренетіндей, оларға ондай сенімді, рухты берген кімдер екен осы?!