Жәмішевтің шарапаты бәріне бірдей тимейді
Осыдан екі жыл бұрын Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Қордың мақсаты – халыққа тиімді көмек көрсету, елді әлеуметтік тұрғыда қолдау. Аталмыш қор ең алғаш құрылғанда «жұмысына үкімет араласпайтын қызметі қоғамдық бақылаумен қамтамасыз етілетін жаңаша қор болады» делінген.
Өз кезегінде бұл қорға Қазақстанның бай-бағландары қаражат аударуға міндеттелді. Қордың демеушілерінің арасынан Тимур, Динара Құлыбаевтардың, Болат Өтемұратовтың, экс-президент Назарбаевтың қорының, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаевтардың, Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Рақышевтардың аты-жөнін кезіктіреміз.
Әу баста елдегі бай-манаптардың тапқанын бөліске салып, «Қазақстан халқына» беруі бізге таңсық көрінген. Өйткені бұған дейін өздері жекелеп байыған байлар «өз асын» ортақ қазанға салып көрген емес. Олар ел қазынасын «сауып», барынша ашкөзденіп байыды. Халыққа беру, елмен бөлісу деген түсінік олигархтардың түсіне де кірмеді. Неде болса халыққа арналған қорға бай-бағланның жарна аудара бастауы қоғам үшін жаңалық болды. Әйтеуір бастама көтерілді, елдегі олигархтар аса бір жомарттық танытпаса да, 50 млн мен 500 миллионның көлемінде қорға жарна аударып қойды. Екі жылда «Қазақстан халқына» қорына 196,6 млрд теңге қаражат түсіпті. Соның ішінде қор жалпы сомасы 90,9 млрд теңгеге көмек көрсеткен. Бұл қаражат қазақстандықтардың денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мәдениет және спорт салаларына көмек көрсетуге жұмсалған. Қордың басшысы – кезінде Қазақстанның «Даму» банкін басқарған, өңірлік даму министрі, қаржы министрі болған Болат Жәмішев.
Жәмішев қор туралы айтқанда, жұмысына шаң жуытпайды. Болат Жәмішев қор аясында денсаулық сақтау саласына жалпы сомасы 103,3 млрд теңгеге қайырымдылық жасалғанын, білім беру саласында 191 тірек мектептің 80 мектебін жабдықтағандарын, аудандық мектептерді робототехника кабинеттерімен жабдықтауға көмектескендерін де жиі айтып, мақтанады. Алайда сала мамандарының пайымдауынша, бұл қордың жұмысын бұдан да ауқымды етуге болар еді.
«Экономика және құқық» институтының маманы, қаржыгер Жасұлан Мақсұтовтың айтуынша, еліміздің «Ұлттық әл-ауқат қоры» туралы Заңына сәйкес 2022 жылдан бері аталмыш қорға «Самұрық-қазына» әл ауқат қоры таза табысының 7 пайызын аударып отыратын болды. Есепке жүгінсек, «Самұрық-қазына» 2022 жылы «Қазақстан халқына» ҚҚ-на 66,6 млрд теңге қаражат бөлген. Аталмыш қор бұл қаражатты денсаулық саласына бағыттағалы отыр. Осы тұста маман денсаулық саласына мемлекеттік бюджеттен онсыз да мол қаражат бөлінетінін, әттеген-айы, денсаулық сақтау министрлігі ол қаражатты ұқсата алмай, халықты әбігерге салып қойғанын мысал етті.
«Қазақстан халқына» қоры арқылы елдегі сирек кездесетін дерттерге қаражат бөлу қарастырылған. Алайда бұған қатысты да қордың шығындары қомақты емес. Алдағы уақытта қордың жұмысын әлеуметтік салаларға, әсіресе халықтың тұрғын үй мәселесін шешуге бағыттаса жөн болар еді», – дейді маман.
Қаржыгердің ойынша, «Қазақстан халқына» қоры арқылы халыққа 2 пайызбен жеңілдетілген несие беріп, елдің тұрғын үй мәселесін шешуге ықпал етуге болады. Себебі қазір елге төмен пайызбен арзан баспана беретін мемлекеттік бағдарламалар тұтынушыларды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Елде арзан ипотекалық бағдарламалар жоқтың қасы.
«Жаңадан қолданысқа еніп жатқан 7-9 пайыздық мемлекеттік бағдарламаларды халықтың қалтасы көтермейді. Бұл бағдарламалар бойынша қарапайым халыққа пәтер алу қиын. Ал мемлекет ұсынатын 2 пайыздық бағдарламалар шын мәнінде жылына 200-300 адамды ғана қамтиды. Бұдан әкімдіктің кезегінде тұрған ең мұқтаж адамдарды баспанамен қамти алмаймыз. Сондықтан қоғамдық қорлардың көмекке келгені абзал», – дейді маман.
Сондай-ақ маман «Қазақстан халқына» қоры елдегі су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамту ісіне де араласуы керектігін айтып отыр.
Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, мұндай қорлардың жұмысы өркениетті елдерде дұрыс жолға қойылған. Төтенше жағдай кезінде Еуропа елдерінің қоғамдық қорлары белсенділік танытып, олардың олигархтары да саналы түрде халыққа көмектесуге даяр тұрады. Ал біз сол отыз жылдан астам уақыт бойы бизнестік әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды меңгере алмай келеміз. Бұған қатысты кезінде, тіпті «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру» бағдарламалары қабылданып, «Жол картасы» арқылы да бай мен кедейдің арасын жақындастырмақ болдық. Енді екі жылдан бері арнайы қоғамдық қор құрып, қарапайым халық пен байлардың арасын жақындастырғымыз келеді. Бірақ бұл бастамаға да елдегі бай манаптар жапа-тармағай атсалысып, іліп әкетіп, бірінен кейін бірі қолдап, «қоғамдық қорға қомақты қаражат аудару арқылы елдің жағдайын көтеріп жіберейік» дей қоймады.
«Тіпті пандемия кезінде де халық ауыртпашылықтан өзін-өзі алып шықты. Тыныс алу аппараттарына дейін қарапайым жұрт өзі жылу жинап алды. Маңғыстауда мал қырылып, жұт болғанда да жем-шөпке халық өзі қаражат жинады. Ел басына күн туса халық өзін-өзі алып шығудың тетігін іздеп жанталасып кетеді. Әлгіндей бай-манаптардың көмекке келіп, қомақты инвестиция салып, бүтін бір ауылға жаңадан үй салып беріп, елдің алдына мал салып берген демеушілерді кезіктірмейміз. Біз әу баста ««Қазақстан халқына» ҚҚ құрылады және оған бай-манаптар жарна аударады. Ол қорға жиналған қаражат халық игілігіне жұмсалады» дегенде осыны күттік», – дейді Ж. Алдабергенов.
Маманның ойынша, «Қазақстан халқына» қорының шарапатын әсіресе ауылдағы ағайынға тигізу керек. Қордың негізгі мақсаты науқас балаларға көмектесу болса, онда бұл істі де шалғай ауылдардан бастаған жөн. Себебі ауыл медицинасының жай-күйі қазір белгілі. Ауылдарға арнайы мамандар бармайды. Ауыл медицинасы білікті маманға, қуатты технологияға зәру. Сондықтан қор үнемі ауылдағы ағайынның жағдайын бақылауда ұстағаны абзал.
Әттеген-айы, ауыл түгілі облыстық деңгейдегі аймақтардың халқына қордың қызметі қолжетімсіз болған сәттер кездескен. Мәселен, былтыр Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Салтанат Рахымова бұған қатысты президент Тоқаевқа хат та жолдапты. Ол өзінің хатында Атырауда оттегі баллонын өзімен бірге сүйретіп жүрген оқушы қыз бар екенін, ажалмен күн сайын бетпе-бет кеп, аяусыз күресіп жүрген қыздың жалғыз басты анасы, бір мүгедек інісі барын тәптіштеген. Өкініштісі, қор сол қыздың еміне көмек көрсетуден бас тартқан. Бұдан бөлек, қор шетелдік клиникаларға өз күшімен барғысы келетін науқастарға да көмек көрсетпейді.
Былтырғы деректерді сөйлетсек, аталмыш қордың ең ірі шығындары жұлын-бұлшық ет атрофиясы (SMA) диагнозы бар сирек, орфандық ауыр ауруға душар болған балаларға дәрілік препараттарын салғызумен байланысты болған. Сол дәріні 6 балаға салғызуға қор 5,3 млрд теңге жұмсаған. Бұдан соң бұлшық ет дистрофиясы (ДБД) диагнозы бар сирек, ауыр ауруға шалдыққан балаларға да қордың атынан көмек берілген.
Жалпы, қордың қызметінің құрамында бакалавриат бағыты бойынша білім гранттарын бөлу, ересектердің өз білімін жетілдіру, медиа, театр, музей, галереялар, туризм қызметтерін тамашалауға да қаражат бөлу қарастырылған. Сарапшылар осы бағытты алып тастап, қаражаттың көп бөлігі Қазақстанда емделмейтін, сирек кездесетін дерттермен, генетикалық ауытқуы бар, түрлі синдроммен ауыратын балалардың еміне жұмсалса, халықты арзан баспанамен қамтуға, төтенше жағдай кезінде елге көмек созуға бағытталса деген ұсыныстар айтып отыр. Негізінде, қордың қаражатын қалай ұқсатуды, өзі де қаржы министрі болған, елдегі ірі жобаларды арзан несиемен қамтып отыруы тиіс Қазақстан «Даму» банкін басқарған Болат Жәмішевтің білмеуі мүмкін емес. Бірақ үнемі басшылық қызмет атқарып келген Жәмішев халықтың ұсынысына құлақ аса қояр ма екен?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ