«Жаңа адамдар». «Жас отан» мен Комсомолдың мұрагері

Қазақ қоғамында жаңа Қазақстанның «Жаңа адамдары» жайлы талқы қызып тұр. «Жаңа адамдар» – 2022 жылы 22 желтоқсанда тіркелген жастар қозғалысы.
Бірер жыл бұрын ғана құрылғанына және кіл жастардан тұратынына қарап, оларды қауқарсыз, қатардағы көп бірлестіктің бірі деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Ресми ақпаратқа сенсек, қозғалыс 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық мүшесі бар іргелі ұйымға айналып үлгерген.
«Жаңа адамдар» 8 ақпан күні Астанада форум өткізіп, екі жылда атқарған жұмысы жайлы ел президентіне есеп берді. Өздері мұны «жаңа, әділетті Қазақстан жақтастарының кездесуі» деп атапты. Ал қозғалыстың «президенттің соңынан еріп, сананы өзгертумен айналысатындар өздерін жаңа адамдар деп атайды» деген анықтамасы бар екен.
Көпшілік жаңа Қазақстанның ескі Қазақстанға қатты ұқсайтыны сияқты, «Жаңа адамдардың» да бұрынғы партия-ұйымдардан еш айырмасы жоқ екенін айтады. 70 жылдан аса қызыл коммунистердің қол шоқпары – комсомолдардан таяқ жеген, 20 жылға жуық бұрынғы «Жас Отан», кейінгі «Жастар рухының» жүзеге аспайтын жұмыстарына «тойған» жұрттың бұлай айтуға әбден қақысы бар. Өйткені биліктің жасанды партиялары, қолдан құрылған қозғалыстары, бюджеттен жем жейтін белсенділері халықтың сенімінен әлдеқашан айырылған. Билік мұны «саяси технология» деп санайды, бірақ сәтсіз, нәтижесіз қадам екенін мойындамайды.
«Жаңа адамдардың» Астанада өткізген форумы «алға, Нұр Отан, алға, Нұрсұлтан» стиліндегі флешмобтарды еске салады. Мысалы, «Жаңа адамдар» форумына қатысқан жастар «Мен Қазақстанмын» деген жазуы бар бірыңғай күлгін түсті жейде киіп, қолына жалау мен әртүрлі ұран жазылған плакат ұстаған. Мұның сары-көк түсті жейде киіп, сайлау сайын «Нұр Отан», «Жас Отан» деп жүгіріп жүретін ескі Қазақстан жастарынан қандай айырмасы бар екенін біле алмадық.

Сондай-ақ «жаңашыл» жастарымыздың «мен Қазақстанмын» ұраны «Жас Отанның» 2010 жылғы «біз қазақстандықпыз» ұранымен сәйкес келіп тұрғандай. «Жас Отанның» негізгі міндеті «мемлекет басшысының саясатын қолдап, жастарды біріктіру» болатын. «Жаңа адамдар» да «президентке жақтас болу басты мақсатымыз» деп отыр. «Жас Отан» әр науқанға атсалысып, түрлі акция ұйымдастырып жүретін, төтенше жағдай кезінде волонтер болатын. Жаңа жастар қозғалысы да тура осы жолмен жүріп келе жатыр.
Ескі Қазақстанда бүкіл билік ресурсын бақылаған «Нұр Отан» партиясы 2022 жылы құрылымын, қызметін өзгертпей, бұрынғы кемшілік-қателіктері үшін ешкімнен кешірім сұрамай, атауын ғана «Аманат» деп ауыстырып, жаңа Қазақстанның төріне жайғасып алды. Сол кезде ағасынан қалыспай «Жас Отан» да «Жастар рухы» атанып, тонын теріс айналдырып кие салған. Яғни «Аманаттың» «Жастар рухы» жастар қанаты «Жас Отанның» жолымен жүріп, сол ұйымның жоғарыда біз айтқан барлық қызметін жалғастырып жатыр.
«Жастар рухының» ресми сайтындағы ақпарат бойынша ұйымның 20 филиалы, 125 мың мүшесі бар. Мемлекеттік органдар «Жастар рухымен» әлі бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Ал «Жаңа адамдар» 19 қалада кампусы бар екенін айтып жүр. Яғни екі ұйым да елдің әр түкпіріне қанат жайып үлгерген. Ендеше, мемлекетке мақсат-міндеті, жүрер жолы бірдей екі ұйым қажет пе деген заңды сұрақ туындайды.
«Жаңа адамдар» кімдер?
Қозғалыс 2022 жылы желтоқсанда тіркелгенін айттық. Бірақ жұртқа одан сәл ертерек белгілі болды. Сол жылы 14 қарашада БАҚ-та мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділерімен кездескені жайлы ақпарат тарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде белсенді жастарды қашан да қолдайтынын айтқан.
Ал 26 қарашада «Жаңа адамдар» Тоқаевтың инаугурациясына қатысып, әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Президентпен алғашқы кездесуде де, инаугурацияда да жастар бірдей киім киген. Алғашқысында «Менің жауапкершілігім» деген жазуы бар кеудеше кисе, салтанатты шарада қара кәстөм және күлгін водолазкамен көзге түсті.
Ең қызығы, отандық ірі сайт-порталдар, мемлекеттік БАҚ «Жаңа адамдар» жайлы жазуға әуес. Тіпті ұйым ресми тіркелмей тұрып, 2020 жылғы 22 қарашада елдегі ең танымал сайтта «Жаңа адамдардың» әлдебір бастамасы жайлы ақпарат шықты. Әдетте қатардағы ұйым, қозғалыстар жайлы жақ ашпайтын, оппозиция белсенділеріне назар аудармайтын порталдар әлі тіркелмеген қозғалысты жаппай қолдағаны «Жаңа адамдардың» жай адамдар емес екенін аңғартады.
«Жаңа адамдар» екі жылдан бері түрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Өзге азаматтық белсенділер кішігірім акция өткізуге, өз үнін жоғарыға жеткізуге биліктен рұқсат ала алмай жүргенде «Жаңа адамдар» еш кедергісіз жұмыс істеп келеді. Қозғалыс «124», «Жоқ!», «Тұмар», «ВандализмOff», AntiTrash, «Халық қаһары», «Баланы ұрма!» деген сияқты акциялар өткізді. Мұның біршамасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әлеуметтік жобалар.
Мұндағы «124», «СтопTox» сияқты жобалар құқық қорғау органдарының қызметін атқарып жүргендей әсер қалдырады. Мысалы, қозғалыс мүшелері жасөспірімдермен сөйлесіп, кездеспек болған адамдарды анықтап, ұятқа қалдырып, жазалайды. Екінші жобада сауда дүкендерін аралап, жарамсыз тауар сатқан саудагерлермен күреседі. Сондай-ақ 2023 жылы ел президентіне қарата айтқан «Краш, туған күніңізбен!» деген құттықтауымен есте қалды.
«Жаңа адамдардың» ең шулы әрі жұртқа ұнамаған ұсынысы – елтаңбаны ауыстыру болды. Қозғалыс белсенділері бір топ адамға сауалнама жүргізіп, олардың 70 пайызы елтаңбаны танымағанын айтып, оны ауыстыруды ұсынған. Мұндай ұсыныс түскенін Тоқаев ұлттық құрылтайда айтты, бірақ ұсыныс қоғамнан қолдау таппай, күн тәртібінен алынды.

Қозғалыстың демеушісі кім, қаржысы қандай деген сұрақтарға ашық жауап жоқ. Ұйым жетекшісі Әсел Бәденова астаналық жас бизнесмендер қолдау көрсететінін айтқан. Бірақ бұған сену қиын. «Жаңа адамдардың» бас корпусы Астана төріндегі ЭКСПО кешенінде орналасқан. Оның мемлекетке тиесілі әрі өте қымбат ғимарат екені белгілі. Оның үстіне, 19 қалада кампусы бар екенін, бірнеше мың адам жиналған ірі іс-шаралар өткізетінін өздері айтып жүр. Мұның бәрі өте көп шығынды талап етеді. Оның бәріне аты-жөні белгісіз кәсіпкерлер демеуші бола беруі мүмкін бе?
Ашық дереккөздегі мәліметтер бойынша қозғалыстың 10 құрылтайшысы бар. Оның бәрі осы ұйымның белсенділері. Қозғалыстың қаржы айналымы немесе мемлекеттен алған тапсырысы жайлы ақпарат жоқ. Яғни «Жаңа адамдар» құжат жүзінде құпия, көрер көзге жария ұйым болып отыр. Көрер көзге жария дегенді бекер айтып отырған жоқпыз, сарапшылар ұйымның құрылған сәттен бергі жұмысына, биліктің, мемлекеттік БАҚ-тың қолдауына қарап, оны биліктің жобасы болуы мүмкін деп топшылайды. Бәденова «ата-анасына, достарына, жұмыс беруші мен мемлекетке, яғни ешкімге жалтақтамай, өз күнін өзі көретін Қазақстанның бір буынын қалыптастырамыз» дегенімен, деректер олардың ешкімге жалтақтамайтынына күмән туғызады.
«Жаңа адамдар» «Новые людидің» жолымен жүре ме?
Отандық саясаттанушылар «Жаңа адамдардың» уақытша белсенділік танытып, кейін ұмыт болатын билікшіл топтардың бірі емес, ұзаққа жалғасуы мүмкін қозғалыс екенін байқаған. Олардың айтуынша, бүгінгі белсенді жастар, ертеңгі билік өкілдеріне айналуы мүмкін.
Мысалы, 2020 жылы Ресейде «Новые люди» деген партия құрылған. Ол құрамында студент жастардың көптігімен ерекшеленетін. Бұл партия да алғаш құрылғанда өздерін жаңа Ресей құратын жаңа адамдар деп атаған. Тіпті кейде Ресейдің «Аманаты» – «Единая Россияны» сынап қоятын, бірақ Владимир Путиннің билігіне қарсы шыққан емес. 2021 жылғы парламент сайлауында партия 5,46 пайыз дауыс жинап, думаға 13 мүшесі депутат болды. Сарапшылар «Новые людиді» жастардың даусын өзіне жинайтын спойлер-партия деп сынайды.
Жұрт «Жаңа адамдар» қозғалысы ресейлік «Новые люди» партиясының жолымен жүруі мүмкін деп болжайды. Астанадағы форумда президент Тоқаев «Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе парламенттің құрамына кіретініне, тіпті үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін» деді.
Сондай-ақ КСРО кезіндегі комсомол ұйымын, тәуелсіз Қазақстандағы «Жас Отанды» жастар арасынан болашақ шенеунік дайындайтын шеберхана деуге болады. Бұрын мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін алдымен комсомолға, кейін коммунистік партияға мүше болу міндетті болса, кейінгі 20 жылда алдымен «Жас Отанға», кейін «Нұр Отанға» өту жазылмаған қағидаға айналды. Осыны көріп өскен жастар карьера жасау үшін билікшіл ұйымдарға бет бұруы мүмкін.
Қазақстанда жастардың белсенділігі волонтерлік және флешмоб деңгейінен аспайды. Саяси мәдениеті төмен, өз құқығы мен қоғамдағы орнын білмейтін жастар пропагандалық ұйымдарға қосылып, солардың сойылын соғып жүруді патриотизм немесе өз міндеті санайды. Біздің билік жастарды мемлекеттік үгіт-насихат құралы ретінде ғана пайдаланып келеді. Бұл жастардың өзіне де, мемлекетке де тиімсіз.
Дамыған елдер жастардың оқып, білім алуына, өз-өзін дамытуына баса мән береді. Өйткені ғылым-білім және мәдениетпен айналысатын жастар ғана қоғам дамуының маңызды қозғаушы күші бола алады. Ал өзі толық түсінбейтін саяси ойындардың ортасында өскен, білім алатын уақытын «массовка» болуға арнаған жастардан «жаңа адам» емес, ескі жүйенің туын жықпай, жалғастыра беретін жаңа буын бюрократ шенділер ғана шығады.

Саясаттанушы, Қасиет Темірзахқызы:
– Тарихи тұрғыда жастар әрдайым қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші болған. Студенттер, жастар қозғалысы көптеген елдерде авторитарлық билікті құлатып, демократиялық реформаларға жол ашуға ықпал еткен. Мысалы, Оңтүстік Корея немесе Индонезияда диктаторлар дәл осындай студенттер қозғалысы нәтижесінде биліктен кеткен болатын. Қазақстан тарихында да жастардың саяси белсенділігі ерекше орын алады. Барлығымыз білетін 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі соның бірі. Ал қазір Oyan, Qazaqstan сияқты қозғалыстар бірінші президент биліктен кеткен соң жастардың саяси белсенділігін жаңа белеске шығарды. Бұл қозғалыстар жүйелі реформалар талап етіп, елдегі саяси өзгерістерге ықпал етуге тырысады.
Авторитарлық билік жастардың осындай тәуелсіз белсенділігін өзіне қауіп ретінде қабылдайды. Сондықтан оларды бақылауда ұстаудың бірнеше тәсілін қолданады. Біріншіден, репрессия жасап, тәуелсіз белсенді жастарды қудалайды, оларға қысым көрсетеді. Екіншісі, альтернативті ұйымдар құрады. Билік өзі бақылай алатын жастар ұйымын құру арқылы тәуелсіз қозғалыстардың ықпалын әлсіретуге тырысады. Осындай мақсатта құрылған ұйымдардың бірі – «Жаңа адамдар».
Бұл ұйымның екі негізгі мақсаты бар. Біріншісі, тәуелсіз жастар қозғалыстарының ықпалын азайту. Мұндай ұйымдар билікке сын айтатын топтардың риторикасына қарсы жұмыс істейді. Тәуелсіз қозғалыстар жүйелі реформа жасауды талап етсе, «Жаңа адамдар» жеке жауапкершілік, өзін-өзі дамыту деген сияқты билікке тиімді ұрандарды қолданады. Бұл назарды саяси мәселелерден әлеуметтік және моральдық дискустарға бұрудың әдісі деп есептеймін. Екіншісі, билікке лояльды кадрлар дайындау. Билік болашақ элитаны өзіне бейімдеп, лояльды жастарды мемлекеттік қызмет пен саяси маңызды рөлдерге дайындайды. Бұл жастар болашақта саяси сахнаға шыққан кезде қазіргі жүйеге, қазір билікте отырған адамдарға қарсы шықпайды. Сол үшін бұндай қозғалыстар келесі биліктегі элитаны дайындаудың бір әдісі деп білемін.
Қазақстанда жастарды, әсіресе студенттерді саяси шараларға мәжбүрлеп қатыстыру кең таралған тәжірибе. Оны сайлау кезінде көріп жатамыз. Жастарды сайлау кезінде дауыс беруге міндеттеу, биліктің форумдарына, пропагандалық шараларына «массовка» ретінде пайдалану біздің билік үшін қалыпты құбылыс саналады. Жастар мұндай шараға тек мәжбүрлі түрде қатыспайды, көптеген жастар үшін «Жаңа адамдар» сияқты ұйымдардың жиындарына қатысу үлкен мүмкіндік. Әсіресе алыс аймақтардағы жастар мұндай форумға қатысса, Астанаға бару, өзі жақсы көретін әртістерді көру сияқты мүмкіндіктерге ие болады. Бұл көптеген жас үшін тиімді ұсыныс болуы мүмкін.
Осы орайда мұның бәрін кім қаржыландырып жатыр деген сұрақ туындайды. Белсенділердің жолын, жатар орнын, жиналыс өтетін аренаны кім төлеп жатыр? Қазақстанда тәуелсіз азаматтық қоғам ұйымдарынан ашықтық талап етіледі. Тәуелсіз ұйымдар қоғам алдында ақша қайдан келгенін, қандай халықаралық қордан қаржы алғанын айтып, есеп беріп жатады. Ал билік өзі қолдап отырған «Жаңа адамдар» сияқты ұйымдардың қаржы көзі белгісіз. Олар әлі ашық есеп берген жоқ, оларды кім қаржыландыратынын әлі ешкім білмейді.
Бірнеше жылдан кейін, мысалы, келесі сайлауда «Жаңа адамдар» қозғалысы партия ретінде парламентке кірсе, таңғаларлық жағдай емес деп ойлаймын. Оған дейін ұйым мүшелері өздерінің билікке лояльды екенін дәлелдеп, саяси сахнаға шығуға дайын болып қалатын шығар. Бірақ олар тәуелсіз саяси күш ретінде емес, биліктің жастарды қолдайтынын көрсететін саяси декорация ретінде әрекет етеді. Ұйым жастардың мүддесін шынайы қорғаудан гөрі билік жастармен диалог жүргізіп жатқандай көрініс қалыптастыру мақсатында жұмыс істейді. «Жаңа адамдар» парламентке өтсе, жастардың атынан билік саясатын қолдайтын құралға айналады. Олар нақты саяси өзгерістерді талап етпейді, керісінше, тәуелсіз жастар қозғалысына балама ретінде билік ұстанымын легитимизациялауға көмектеседі.
Қуаныш Қаппас