Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 08 Тамыз 2024

Жаңа академиялық қалашық ғылым мен білімнің орталығына айнала ала ма?

1
Фото: иашық дереккөз

Қазақстанда жоғары білімге қажеттілік артып келеді. Демографиялық ахуал мен әлеуметтік қажеттіліктерге байланысты университет білімі мен дипломы өзекті екені белгілі.

Сәйкесінше, еңбек нарығындағы бәсеке ЖОО-лардың да бәсекесін арттырып, сапаға да, санға да әсер етуде. Бүгінде еліміздің ірі қалаларының, облыс орталығының бәрінде дерлік университеттер бар. Мемлекеттік мекемелер мен қоса жеке сектордың да үлес салмағы көбеюде. Кәсіпкерлер де бұл саланың болашағына, табыстылығына сенім арта бастаған. 

Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы оқу орындары өткен ғасырдың басында пайда болды. 1919-1920 жылдары Орынборда, Қызылордада, Семейде ағарту институттары, Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Бұдан кейін де қазақ жоғары оқу орындары үздіксіз ашылды, жетілді. Осы тарихи оқу орындары тәуелсіздік кезеңінде де өз маңызын жоғалтпай, қатары артты. Әртүрлі қалаларда халықаралық, ұлттық, мемлекеттік, өңірлік университеттер маман даярлау ісін бір ізге түсірген. Осы орайда кейбір қалалардағы студенттер ағынының көптігі байқалып отыр. Соңғы жылдары әсіресе Алматы мен Астанадағы оқу орындарының, оған сырттан келетін студенттердің көптігі бірқатар мәселе тудырған. Мысалы, қаладағы кептеліс, пәтер бағасының қымбаттауы, жатақхана жетіспеушілігі. Алғашқыда бір-екі қадаммен шешілердей көрінген бұл проблемалар урбанистика деңгейіндегі шешімдерді талап ете бастады. Демографияның артуы мен «перенаселение» аталып жүрген құбылыс, жергілікті әкімдіктердің жаңа жағдайларға дайын болмауы жаңа шешімдер іздеуге мәжбүрледі. Сонымен, тың әрі перспективалы идеялардың бірі ретінде академиялық қалашық салу айтылды. Бүгінде Алматы облысы осы бастаманы іске асыру жөнінде нақты жұмыстар мен жоспарлауға кірісіп те кеткен.

Бәрімізге белгілі, бұрынғы Алматы облысы екіге бөлініп, Талдықорған жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығы статусын алды. Ал Алматы облысының орталығы ретінде бұрынғы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласы бекітілді. Енді осы аумақта жаңа заман қаласын салу жоспарланып отыр. Соның бірі жоғарыда айтылған – академиялық қалашық. Облыстық баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа қала ғылым мен білімнің, инновацияның қаласы болмақ. Жоспар бойынша ол Үлкен Алматы айналма жолының жанында, Құлжа тас жолы мен Үлкен Алматы каналының қиылысында салынады. Онда 14500 студентке шақталған жатақханасы бар заманауи университеттік кампустар құрылысы жүргізіледі. Ал тұрғын үй қорының жалпы ауданы – 1 835 900 шаршы метр. Бұл орайда жан басына шамамен 30 шаршы метрден тұрғын үй беру жоспарланған. Оған қоса, тұрғын үй алаңдары, көпфункционалды орталықтар, сауда ойын-сауық кешендері, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету объектілері, жасыл демалыс аймақтары да қарастырылған. Мұндай ірі әрі маңызды жобаларда ең әуелі жұмыспен қамту мәселесі алға шығатыны айқын. Алдын ала есеп бойынша, қалада 25 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл күтіліп отырған 61 мың тұрғынға шақталған есеп. Қала тұрғындары үшін ЖОО-лардан бөлек, 12 600 орындық мектеп пен 5 440 орындық балабақша салынады. Тағы ауысымына мың келушіге арналған емхана құрылысы да жоспарда бар.

«Жобаның таныстырылымы кезінде көп мәселенің басы ашылып, белгілі болды. Қала құрылысы жөніндегі концепция жайдан-жай жасалмаған. Оның мақсаты – оқуға, өмір сүруге, жұмыс пен отбасылық өмірге қолайлы қала салу. Ғылым қаласының негізі – ғылыми кластер. Оның құрамына оқу кампустары мен жоғары сапалы жатақханалар кіреді. Бірақ бұған қарап асығыс қорытынды жасауға болмайды. Қала тек білім мен ғылым ордасы емес, инновациялық экономиканың ортасына айналады. Бұл қала дарынды да білімді, ізденімпаз, жаңашыл жастарды тартатын нүкте болмақ. Өз потенциалын ашқысы келгендер үшін жаңа қала – жаңа мүмкіндік», – дейді Алматы облыстық архитектура басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков.

Бұл облыста істеліп жатқан алғашқы жоба емес. Естеріңізде болса, жақында ғана облыстық маңызы бар Алатау қаласы құрылып, әкімі де тағайындалған еді. Президент «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы» жарлыққа қол қойып, соған сәйкес, Алматы облысының Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала қатарына жатқызылды. Оның жаңа атауы – Алатау қаласы. Жаңа қала Алматы қаласының орталығынан солтүстікке қарай 47 шақырым жерде орналасқан. Мұндай жаңа қалалардың әлеуметтік маңызы мен әсері туралы социолог маман Дана Рахымғали айтып берді:

«Әлемдік тәжірибе мен мысалдарға қарап-ақ жаңа қалалар салу немесе белгілі бір әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында құрылған қала салу сәтті жоба болатынын байқауға болады. Әсіресе инфрақұрылым мен құрылыс дамыған заманда, халық санының динамикалық артуы байқалып отырған кезеңде бұл ең оптималды шешім. Мәселен, ғылыми қала әлеуметтік өмір мен тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етуден бөлек, салаланған бағытқа бейімделеді. Онда ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттары, зертханалар, арнайы зерттеу аймақтары, колледждер мен университеттер, инновациялық парктер мен арнайы инфрақұрылым жұмыс істейді. Соның әсерінен ғалымдарға, ғылымға қызығатындарға қолайлы орта туындайды. Әрине, өз кезегінде осы ортаны қажет еткен сала мамандары қалаға тартылып, жұмыстарын жалғастыра береді. Әрине, бұл – позитивті сценарий. Бәрі сапалы әрі уақытылы болатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Десек те, концептуалды деңгейде алып қарасақ, қазіргі Қазақстанға ғылым қаласы қажет-ақ. Жаңа жоспар осы қажеттіліктерді қанағаттандыра алуы тиіс».

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы