Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 19 Қыркүйек 2022

Жаңа әкім бақылауды күшейтті

None
None

Түркістан облысының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды қызметіне тағайындалғалы бері бірнеше ауданды аралап шықты.

Облыс басшысы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуды стратегиялық маңызы бар нысандардан бастады.

 Дархан Сатыбалды жуырда Ордабасы ауданында орналасқан Бөген су қоймасында болып, осындағы жөндеу жұмыстарының жай-күйін бақылап қайтты.

– Сапар барысында жауапты сала басшыларының баяндамасын мұқият тыңдап, нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыру талабын қойдым. Қауіпсіздікті сақтау – басты мақсатымыз. Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы жан-жақты, әрі тұрақты бақылауда болады, – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бөген су қоймасы 1967 жылы салынған. Ол су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Сыйымдылығы – 370 миллион текше метрді құрайды. Өңірдің ауыл шаруашылығын ағын сумен қамтамасыз ету үшін аталған су қоймасының маңызы өте зор. Оның аумағы – 65 шаршы шақырымды, ұзындығы 13 шақырымды, ені 6 шақырымды, тереңдігі 15 метрді құрайды. Қойма Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.

Түркістан облыстық әкімдігінің хабарлауынша, стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп отырылады. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынған.

Мұның алдында Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданына жұмыс сапарында Қапшағай су қоймасына барып, оның бүгінгі ахуалымен танысып қайтқан болатын. Қазір аудан үшін ғана емес, облыс үшін маңызды стратегиялық нысанды жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жауаптылармен, мердігермен кездескен облыс әкімі су қоймасының құрылысы қоғам назарында тұрғанын жеткізді. Маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуінің қатаң бақылауда болатынын ескертті.

1982 жылы салынған Қапшағай су қоймасының сыйымдылығы – 34,5 миллион текше метр. Қазіргі таңда онда 5,5 миллион текше метр су бар. 2019 жылы су қоймасын реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасалған. Нәтижесінде жалпы құны 1,1 миллиард теңге қажет екені нақтыланған. 2020 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» кәсіпорны арқылы қаржыландыруға ұсынылған. Қазіргі таңда бюджеттен 192 миллион теңге қаржы қаралып, қойманың 6030 метрлік аумағын қоршау және 58 бейнекамера, 1 қызметтік үй салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылы су қоймасына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Түркістан облысы аграрлы аймақ саналады. Республикадағы суармалы жерлердің үштен бір бөлігі осы облысқа тиесілі, нақтырақ айтқанда өңірдегі суармалы жердің көлемі 548,2 мың гектарды құрайды. Облыстағы 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Тегтер: