Жаңа аудан Тұран деп аталады
Шымкент қаласында жаңадан құрылып жатқан бесінші ауданға Тұран атауы берілмек.
Таяуда Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті.
Онда күн тәртібіне сәйкес, қала бюджетіне өзгерістер енгізу; бесінші ауданға атау беру мәселесі қаралды. Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Ғ. Мәуленқұлов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс-пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкімет жанындағы hеспубликалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады. Сөйтіп, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға тиісті ұсыныс жолдау туралы қала әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданды.
Мәслихат сессиясына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, сөз сөйледі.
– Бүгінгі сессияда депутаттық корпус аса маңызды тарихи шешім қабылдады. Жаңадан құрылған ауданға Тұран деген атау беру туралы ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданады. Жалпы, бесінші аудан құру – уақыттың талабынан туындаған шешім. Шымкенттегі 81 шағын аудан мен тұрғын алапқа инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіп, ондағы халыққа қолайлы жағдай жасауымыз керек. Жаңа ауданның құрылуы осы мәселені оңтайлы шешуге ықпал етеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.
Жаңа аудан ресми түрде 2023 жылы ашылмақ. Жыл соңына дейін ауданға атау беру, шекарасын бекіту, құжатын әзірлеп, Үкімет пен президентке жолдау шарасы іске асады.
Сондай-ақ сессияның күн тәртібіндегі 2022 жылға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізу туралы мәселені, мәслихат депуттары тағы бір мәрте қарап шықты.
«Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу – қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар 2022 жылға арналған қала бюджеті нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады», – деді шаһар басшысы.
Бұл ретте, қосымша сұралатын қаржыны қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев түсіндіріп берді. Қосымша сұралып отырған 7,2 млрд теңге сонымен, құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға, сирек кездесетін ауруларды емдеуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, балалар үйірмелеріне, жолдарды жөндеуге бағытталмақ.
Осы ретте айта кетейік, Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын ашық қоғамдық талқылау мәресіне жетті. Бір ай бойы жалғасқан талқылауға 2 мыңнан адам қатысып, 149 ұсыныс келіп түсті.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, тұрғындар тарапынан жасалған барлық ұсыныстар 2-ші кезең жұмыстарына сәйкес сараланып, құзырлы мемлекеттік органдармен келісіледі. Ең тиімді ұсыныстар бойынша бас жоспардың жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Нәтижесінде жыл соңына дейін қаланың жаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
–Тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстардың арасында ең жиі қозғалғаны инженерлік жабдықтау және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі. Бұл бағытта 30 ұсыныс пен сұрақ түскен. Сондай-ақ қала аумақтарын абаттандыру және саябақ салу жөнінде 24 ұсыныс болса, қоршаған ортаны қорғау бойынша 11 ұсыныс түсті. Қабылданған ұсыныстар салалар бойынша құзыретті мемлекеттік органдармен бірге сараланады. Сөйтіп олармен келісе отырып, бас жоспардың жобасына өзгерістер енгізілуі мүмкін, – деді спикер.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек, тұрғындар тарапынан қызыл сызыққа қатысты – 9, ЖОО, мектеп, балабақша және емхана, музей салу жөнінде – 9, спорт және демалыс орындарын салу туралы – 9, Нұршуақ шағын ауданында саябақ аумағын қайта құрау бағытында – 5 және көпқабатты үйлер салу мәселесі бойынша 3 ұсыныс түсіпті.
Айта кетейік, бас жоспарды әзірлеу үшін 2021 жылы «Градкомплекс» ЖШС-мен Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы арасында келісімшарт түзілген. Құжатты әзірлеуге ТМД елдерінен көлік инфрақұрылымы бойынша үздік мамандар, сәулет және құрылыс саласындағы ғалымдар мен бас жоспар әзірлеу жөнінде мол тәжірибеге ие сарапшылар шақырылды. Олар қаланың шекараларын айқындап, аумақтық даму схемаларын, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасын, орталықтарды, өндіріс орындарын, селитебті және рекреациялық аймақтарды орналастыру жобасын әзірлеген. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту ұстанымдары, соның ішінде жаңа әуежайдың, теміржол вокзалының, автобекеттің орналасатын орындарын анықтап, экономикалық кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша концептуалды ұсыныстар әзірлеген.