Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:53, 13 Сәуір 2020

Жаңа емледегі жаңа нормалар

2019 жылдың наурызынан бастап А.Байтұрсынұлыатындағы Тіл білімі институтында жаңа әліпби мен емле ережелері бойыншаорфографиялық сөздік даярланып жатыр.

Сөздікшілер былтырғы жылы сөзтізбеніқұрастыру, емле проблемаларын анықтау, зерттеу, жүйелеу, жаңа сөздер менқолданыстар және тіркестермен толықтыру жұмыстарын жүргізсе, биылғы жылысөздікті одан әрі жетілдіру міндеттерін атқаруда. Осы орайда Сіздерге күрделісөздердің бірге не бөлек жазылу нормалары қалай реттелу үстінде екеніненақпарат беріп отыруды жөн көрдік. Көмек болатын пікіреріңізді күтеміз.

Тілімізде сөзсыңарымен келетін біршамасөздер бар. Олардың дені бөлек жазылады. Мысалы:  өлең сөз, шешендік сөз, жалпақ cөз, жел сөз, байлау сөз, қасам сөз, ескі сөз, ақтау сөз, алыпқашпасөз, аталы сөз, қағыс сөз, тақас сөз, құптау сөз, тәмсіл сөз,ұят сөз, үшбу сөз,берен сөз, шайпау сөз, дөрекі сөз, әбес сөз, нақыл сөз, жаман сөз, жақсы сөз...Мұнда «сөз» сөзі«сөйленген ой», «жарыққа шыққан ой», орысша айтқанда, «речь» мәнінде турамағынада жұмсалып тұр. Сол себепті бұл тіркестер бөлек жазылады.

Сондай-ақ қаратпа сөз, төл сөз, төлеу сөз, қос сөз, құрама сөз, күрделісөз, кіріккен сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз, кітаби сөз,кірме сөз, діни сөз, тірек сөз, кәсіби сөз, жергілікті сөз, көне сөз сияқты лингвистикалықтерминдердегі «сөз» сыңары лексика-грамматикалық бірлік, сөйлемнің бір мүшесіретінде, анықтаушы-анықталушы қатынаста тұрғандықтан бөлек жазылады.

Ал баспасөз, жарыссөз,келіссөз, дәйексөз, жұмбақсөз сияқты зат не ұғымды атауүшін «қолдан жасалып», тілімізге жап-жақсы орнығып кеткен сөздер «туғанынан»бірге жазылады. Осылардың қатарын қарасөз, алқасөз, көркемсөз (көркем әдебиет стилі), көсемсөз(жазба публицистикалық стиль), шаршысөз (ауызша публицистикалық стиль), замансөз сияқты жаңа қызметке көшкенатаулар толықтырды. Мұндағы көсемсөз,көркемсөз, шаршысөздегендер қазіргі қазақ тілінің функционалдыстильдерінің атауларына ұсынылып жүрген қазақша нұсқалар, яғни көркем әдебиетстилі – көркемсөз стилі, публицистикалық стиль – шаршысөз стилі(жазбатүрі), көсемсөз (ауызша түрі). Қоғамсөз деген де атау бар.

Енді емледегі жаңалық – алғысөз (пролог), кіріспесөз, соңғысөз(эпилог) атауларының біріктіріліп берілгені болып отыр. Бұлар – көркемшығарманың құрылымын атайтын терминдер. Мұндағы сөз сыңарылексика-грамматикалықбірлік емес, сөйлемнің бір мүшесі болып тұрған жоқ, анықтаушы-анықталушықатынас көмескіленген. Сол себепті аталған сөздерді осы кезге дейін біресебірге, біресе бөлек жазу тәжірибеде жиі. Өйткені сана бұл сөздерді екі «жартысыңардан» құралғанын, екеуі біріккенде ғана толыққанды сөз болатынын «біліп тұр».Сол себепті жаңа емле сөздігінде бұл сөздер бірге жазылып көрсетілді. 

Сондай-ақ қазақ емлесінде тойсөзімен келетін атаулардыңбіразы бірге жазылатынын естеріңізге салғымыз келеді.  Атап айтқанда, алтынтой, бесіктой, күмістой,мүшелтой, орамалтой, қазантой, қоныстой, мерейтой, наурызтой, сабантой,сырғатой, шілдетой. Бұлардың ішінде алтынтой,күмістой, қолатойсөздері орыс тілінен аударылған (золотая свадьба,серебрянная свадьба, бронзовая свадьба). Бірақ біздегі «той» тура мағынасынан гөрі«айтулы күн, мерейлі дата» деген мағынада тұр. Сондықтан бірге жазылған.

Ал бесіктой, мүшелтой,орамалтой, қоныстой, мерейтой, наурызтой, сабантой, сырғатой, шілдетойлар изафеттің 3 типінен жасалған қалпындажұмсалса, бөлек жазылар еді: бесік тойы, мүшел тойы, орамал тойы, қоныстойы, мерей тойы, наурыз тойы, сабан тойы, сырға тойы(ертеректесәбиі тоқтамаған жағдайда баланың құлағына сырға салып қойып, кейін оны алғандажасалатын ғұрып), шілде тойы. Алайдақолданыс барысында -ы жұрнағы ықшамдалып, сөз бірігіп жазыла бастаған. Мысалы, Бесіктой негізінен, тұңғыш балаға жасалынады (ҚазақҰлттық Энциклопедиясы). Орамалтой жасаған үйге жақындары орамал деп кездеме,мал, ақша т.б заттар апарады (Қазақ тілінің аймақтық сөздігі). Наурызтой –көктем тойы, көңіл тойы, Жақсылық болсын дейтін өмір бойы. Аянбай Наурызғаарнап шалып жатыр, Бар болса қорасында кімнің қойы (Т.Молдағалиев, Шақырады жазмені). Баланың ат жалын тартып мінер жасқа жеткенде сырғасын алып, “с ыр ғ а т о й” атқарған (Д.Қатран, Қазақтың ас-тағам мәдениеті). Бір-бір сүндет атымыз болады екен, «Сүндеттой»болғанда сол сүндет атымызға мініп шығады екеміз, ендігі жылы оқу оқиды екеміз,ақылды болады екеміз (Ғ.Мүсірепов, Белдерде).

Ал торқалы той, үйлену тойы, ұзату тойыдеген сөздер бөлекжазылады. Бұларда көзге көрініп тұрған грамматикалық қарсылықтар бар: екісыңардың арасындағы –лы, –у қосымшалары және тәуелдіктің 3 жағы.

Қанша жылғы емле жасау тәжірибесіндебайқағанымыз – сөздердің бірге жазылуын сөздік немесе емле ережесінен бұрынжазу практикасы «шығарады» екен. Сөздік немесе емле ережесі тек осы дағдылардынормалайды, қалыптандырады, соңында енді өздеріне міндеттейді! Өйткені жазутәжірибесі – миллиондардың когнитивті санасындағы ақиқатты көрсетеді. 

Құралай Күдеринова

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтыныңбас

ғылыми қызметкері,ф.ғ.д., профессор

Тегтер: