Жаңа инфрақұрылымдық операторды құру бойынша жұмыстар атқарылуда
Қазіргі уақытта Қазақстанда үшінші инфрақұрылым операторын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеме жасады:
«Телекоммуникация нарығын монополиясыздандыру аясында үшінші инфрақұрылым операторын құру жұмыстары жүргізілуде. Біздің міндетіміз – елдегі байланыс сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін адал, әділ, бәсекеге қабілетті ортаны дамыту», — деді ол.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде бүкіл әлемде ойын-сауық контенті үшін интернет-трафикті пайдалану қарқынының айтарлықтай өсуі байқалады. Бұл коммуникациялық инфрақұрылымға жүктемені 34%-ға арттырып отыр.
«Сонымен қатар инвестициялар тұрақты түрде азайып келеді, бүгінде бұл көрсеткіш 43%-ға азайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдер коммуникациялық инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Біз өткізген алғашқы 5G аукционы телекоммуникация нарығының озық тиімді жобаларға инвестициялауға үлкен қызығушылық танытқанын көрсетті», — деп қосып өтті.
Министрлік «Қолжетімді Интернет» атты жаңа ұлттық жобаны дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, оның мақсаты халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен (100 Мбит/с) қамтамасыз ету болып табылады.
Аталмыш ұлттық жобаның басты оқиғаларының бірі – 3 мың елді мекенге оптика төсеу. Демек, мектеп, аурухана, әкімдік сияқты әкімшілік ғимараттарды ғана емес, ең алдымен, жоғары жылдамдықты интернетке нақты үй шаруашылықтарын қосу міндеті алға қойылған деген сөз. Осыған байланысты Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, шағын және орта операторларды субсидиялау, яғни капиталдық шығындарды өтеу үшін «соңғы миль» интернетке қосылуға арнайы гранттар бөлінгелі жатыр.
Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, 20 қалада бесінші буын ұялы байланыс желілерін енгізу және салу қолға алынады: барлық салада ақпараттық-коммуникациялық шешімдерді қолдану өсімі артып келе жатыр, сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы артып отырғанын байқауға болады.
Сонымен, бүгінгі күні қолжеткізіліп отырған цифрлық жетітіктер:
- 2022 жылға дейінгі «Қазақстан киберқалқаны» тұжырымдамасы аясында нормативтік құқықтық база қалыптастырылып, «электрондық үкімет» объектілері мен аса маңызды объектілерді қорғау талаптары белгіленді.
- Интернет-алаяқтықпен күресу үшін ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, халықаралық трафикті өңдеу және жалған нөмірлерді одан әрі бұғаттау арқылы анықтаумен алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою тәсілдерін әзірленді;
- Сонымен қатар, қаңтар оқиғасы төтенше жағдай кезінде мемлекет байланыс желілерінің жұмысын тоқтатпау керектігін дәлелдегені анық. Бірқатар өмірлік маңызды нысандар, мемлекеттік және жеке ұйымдар интернетке үздіксіз қол жеткізуді қажет етеді. Сондықтан министрлік деректерді беру желілерінің статикалық мекенжайларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітіп отыр. Бұл төтенше жағдай кезінде интернетке үздіксіз қол жеткізе алатын ұйымдардың тізімін жасауға мүмкіндік береді.