Жаңа ырым: ҚТЖ-ның проблемасы боқтаса азаяды

Әлеуметтік желілерде ҚТЖ басшысының онлайн жиналыста бейәдеп сөздер айтып, қызметкерлерге ескерту жасап жатқан видеосы тарады.
Артынша оның «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетов екені белгілі болды. Біреулер оны өз жұмысына жаны ашитын «нағыз басшы» деп жақтаса, екінші тарап басшылық позициядағы мамандардың бұлай артық кетуі орынсыз деп сынға алып жатыр.
Лезде танымал болып кеткен бейнероликте Асан Үмбетов жұмыс барысында жасалған қателіктер мен локацияларды, оған жол берген мамандарды атап көрсетеді. Ал ескертуін ашулы, эмоционалды күйде нормадан тыс сөздер арқылы, орысша-қазақша араластыра сөйлеп жеткізіп жатқанын көруге болады. Онлайн-конференцияға қатысушылардың бірі оның бәрін таспалап, желі беттерінде таратқан.
Әрине, мұндайда біздің компаниялар «шұғыл шара» қолданғыш келеді. Бейпіл қызметкерге байланысты қандай шара қолданғанын білу үшін ҚТЖ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, сұрадық.
«Іскерлік әдеп қағидаттарын сақтау және мінез-құлық жауапкершілігі ҚТЖ корпоративтік мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасарымен әдеп және мінез-құлық кодексін сақтаудың маңыздылығы туралы әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар оның реакциясы қызметкердің қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін елеулі қателіктеріне байланысты туындағанын атап өткен жөн. Әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінсіз саланың тұрақты дамуы мүмкін емес», – дейді ҚТЖ баспасөз қызметі.
ҚТЖ өкілі видеоны кім таратқаны анықталмағанын, ал Асан Үмбетовтің өзі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме немесе қандай да бір пікір білдірмегенін де айтты. Әдетте, басшылардың қарамағындағы қызметкерлерге мұндай қарым-қатынасына сынмен қарайтын қоғам осы жолы видеоны таратып жіберген адамға наразы. Олар жұмыс процесі кезінде және күрделі ситуацияларда мұндай лексиконды пайдалану қалыпты деген де ойларын айтып жатыр. Мәселен, «Жиналыс барысындағы ішкі әңгімені мақсатты түрде жазып алып тарату орынсыз. Автордың мақсаты да белгілі – басшысын қаралау. Осы салада жүрген маман ретінде айтарым, Үмбетов кез келген қызметкерге есігі ашық, өз жұмысына берілген азамат. Жұмысын 20 жыл бұрын машинистің көмекшісі болып бастаған. Өз еңбегімен көтерілген, барлық процесті жетік біледі. Сондықтан жаны ашып, ұрысады»; «Мен теміржол техникаларына қатысты салада жұмыс істеймін. Сондықтан видеодағы тақырыпты, айтылып тұрған мәселені түсініп тұрмын. Рельстен шығып кеткен 18 вагонды 13 шақырым бойы сүйреп келу деген сұмдық... Шпалдарды жинап, жолдарды зақымдаса, оның бәрін қалпына келтіру аз жұмыс емес. Вагондарды да жөндеу керек болады. Бос «составты» алып жүргені жақсы болыпты, жүк тиелген болса оған да жауап беру керек болады. Осының бәрін ескерсек, жиналысты өткізіп отырған адамның реакциясы қалыпты»; «12 жыл ҚТЖ-да жұмыс істедім. Алғаш орналасқан кезімде есептерді сұрап, бәріне хабар бергенім есімде. Ешкім жауап бермеді. Мен басшыма шағымданып, ол болса көзімше бәріне хабарласып, шамамен осы видеодағыдай лексиконмен «айғайды» салды. Есептер ертесіне келіп түсті... Бұдан не түсінеміз? Жұмыс барысында жұмыс тілімен сөйлескенді түсінбейтіндер де болады. Оларға ешқандай шара қолдана алмайтындықтан, басшылар сол тілде сөйлеуге мәжбүр болып жатады», – деген жазбалар бар. Әрине, бұл пікірлер шынайы ма, әлде «боттардың» жазғаны ма, анықтау қиын. Алайда салаға қатысы жоқтар да видеодағы басшынікі дұрыс деп жатыр.
13 шақырым рельссіз жүру
Иә, мұнда талқылайтын мәселе екеу. Біріншісі – бейпіл сөз, екіншісі – бейпіл сөзге жеткізген жағдай. Негізі, біздің қоғам мәселенің екі жағын да қатар талқылауы керек еді. Бірақ мұнда негізгі планға боқтатқан мәселе емес, боқтаған қызметкер шығып кетті. Рельстен шығып кеткен вагонды соншама жер сүйреп келген машинисті солай бейпіл сөзбен «тойдырып» жібере сала ма, басқалай шара қолданыла ма, ол туралы ҚТЖ ештеңе айтпады. Ал біз бұл жағдайды бағалап көру үшін зейнеткер машинист Мұхаммед Шагировтан сұрадық:
«Теміржолда қауіпсіздік бірінші орында. Машинистің, оның көмекшісінің денсаулығынан бастап, техниканың өзіне, оған тиелген жүкке дейін тексеріледі. Себебі маршрут жоспарлы түрде орындалып, уақытында аяқталуы тиіс. Материалдық шығын мен апаттарға да жол беруге болмайды. Вагон рельстен шығып кеткен жағдайда сағатына 70–80 км жылдамдықпен келе жатқанның өзінде 2-3 шақырымнан соң тоқтауы керек еді. Ал 13 шақырым деген тым көп. Теміржолды шынайы түсінбейтін адам оны қауіп деп қабылдамауы да мүмкін. Ал мына жағдайда 13 шақырым деген расымен таңғаларлық», – дейді Мұхаммед Шагиров.
Енді тағы бір мәселе – вагон неге теміржолдан шығып кетті деген сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын қазақстандықтар білетін болу керек, сондықтан бұл жағына бас қатырған ешкім жоқ. Иә, ҚТЖ-ның да арты қуыс. Машинисті ғана кінәлі етіп шығуға дәті бара қоймас. Себебі біздегі теміржол мен пойыздардың жағдайының не күйде екенін бәрі біледі. «Жас Алаш» та бұл төңіректе талай мақала жазған, сондықтан қайталап отырмай-ақ қояйық.
Аружан Абихан, коммуникация маманы: Жиналыста емін-еркін боқтап отыру – дабыл қағатын жағдай
– Бейнероликтің толық нұсқасын жарияланған күні-ақ көрдім. Халықтың реакциясын да бақылап отырмын. Әрине, жеке азамат ретінде мен Үмбетовтің өзіне кінә артпас едім. Бірақ қоғаммен байланыс маманы ретінде, сын көзбен қарауымыз керек. Басшының реакциясы – табиғи. Адами реакция. Мұндай лексикон әдетте ерлер көп жұмыс істейтін салаларда қалыпты да. Жасырып қайтеміз. Десек те, екінші жағынан, басшылық қызметтегі адамның үлкен жиналыста емін-еркін бейәдеп сөздерді сөз орамына қосуы, тұрақты қолдануы – дабыл қағатын жағдай.
Егер сол сөздердің бәрі жеке бір адамның басына қаратыла айтылса, үлкен дау болар ма еді? Ондай жағдайда тіпті сотқа жүгінуге болатыны да белгілі. Бірақ Үмбетов нақты біреуге емес, жалпы сөз арасында қолданып отыр. Фондағы ситуация да оңай емес... Содан болар, көпшілік басшыны, реалды жағдайды бағалап отыр. Бұл бір жағынан қоғамның өз ісіне шынайы берілген басшыларды керек ететінін, қолдайтынын көрсетеді. Әдетте, ресми басшылар, шенеуніктер іш пыстырарлық, немқұрайлы, тым «сұрғылт» мәтіндерімен шаршатады. Оларды тыңдағың да келмейді, ресми бейнероликтерін ешкім көрмейді де. Өткізіп жібереді.
Десек те, салыстырмалы түрде бағалау да объективті емес. Сондықтан видеоның «бас кейіпкері» халық алдына шығып, өз әрекеті туралы түсініктеме жасағаны жөн шығар. Классикалық үлгідегі «кешірім сұрау» ғана емес, шынайы жауап болса абзал. Одан соң, бейнероликте айтылып жатқан проблемаға байланысты қандай шаралар қабылданғаны туралы хабарланып, назарды әрекетке аударса, бұл даудың нүктесі қойылатын сынды. Ал ары қарайғы қызметтік шаралар мен процестер ҚТЖ-ның шешімінде.
ҚТЖ-лықтардың жүйкесі және психология
Енді бейәдеп сөзге қайта оралсақ. ҚТЖ-да проблема көп. Сондықтан да болу керек, бұрын осы салада істедім деген азаматтардың «бұл қалыпты жағдай» деп отырғаны. Нормадан тыс сөздерді пайдалану – ашу мен ызаның көрінісі ғана емес, психологиялық қорғаныш болуы да мүмкін дейді психолог Жанат Болатбек.
«Адам боқтау арқылы ашуын шығаратыны рас, бұл психологияда эмоцияны сыртқа шығарудың бір жолы ретінде де қарастырылады. Зерттеулер боқтау ауырсынуды азайтып, стресті төмендететінін, ішкі қысымды жеңілдетуге көмектесетінін көрсеткен. Себебі адам эмоцияны ішке жинамай, сыртқа шығара алады.
Алайда адам әлеуметтенген жаратылыс. Қоғамға сенің эмоцияң қажет емес. Егер адам орынсыз ауыр сөз айтып, эмоциясын бақылауда ұстай алмаса арты жақсылыққа әкелмейтіні белгілі. Әсіресе жұмыс уақытында ондағы регламенттерді сақтау қажет. Басшыға ақыл мен тәжірибе ғана емес, эмоционалдық саулық та керек дейтініміз содан. Үлкен ұжыммен, күйзеліспен, ауқымды проблемалармен қатар келетін адам қашанда соған дайын болғаны, өзін ұстағаны жөн», – дейді маман.
Психологтың сөзіне сүйенсек, ҚТЖ-лықтардың жүйкесін боқтық сөз сақтап тұрғандай әсер қалдырады. Бірақ ҚТЖ-да 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың арасындағы басшылардың да саны аз емес. Соның әрбірі «жұмысқа жаны ашып», «күйзелістің көп болуынан» осындай жиналыстар өткізсе, әр басшының айтқаны қалыпты қабылданса, әдеп кодексі не үшін, кімге керек? Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексіне сай басшылар да, өзге қызметкерлер де мәдениетті болуға міндеттелген. Қысқасын айтқанда, маман «дені дұрыс» коммуникация құруы қажет.
Ал енді мұндай бейәдептілікті қоғамның қабылдауы, ҚТЖ-ның қысқа жауабы мен бас кейіпкердің үнсіздігі бөлек әңгіме. Не де болса, ҚТЖ-ның бітпейтін проблемасы боқтаса азаятындай әсерде қалдық. Ырымшыл халықпыз ғой, бәлкім, ҚТЖ-ны сықпырта сыбауды күн тәртібіне енгізерміз?..
Баян Мұратбекқызы