Жаңа Қазақстандағы жер дауы, жетім дауы

21 шілде күні Алматы облысындағы Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме алдына жиналып, балалар үйін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімге қарсылық танытты. Бұл оқиғаға ақырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та араласты.
Тоқаев Алматы қаласының әкіміне арнайы тапсырма беріп, балалар үйін қала аумағында қалдыру керек деді. Қазіргі таңда бұл іске байланысты қызметтік тексеріс басталды. Жергілікті белсенділер мен сарапшылар өңірлік деңгейде шешілуге тиіс мәселенің Ақордаға дейін жетуі облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің әрекетсіздігі деп жатыр. Бұдан бөлек, балалар үйін Қонаевқа көшірудің артында ықпалды адамдар тұрғаны айтылды. Себебі сол орында қымбат үй салынып, балалар үйінің жері сол құрылысқа керек болған дейді. Ал ғимараттың аумағы 19 млн долларға бағаланған. Ықпалды адамдар қатарында Әлия Назарбаева мен «Аманат» депутаты Абзал Сағымбаевтың аты аталады.

Бұл дау осыдан екі жыл бұрын басталған. Сол кезде үйдің апатты жағдайда тұрғаны, оны күрделі жөндеуден өткізу үшін 1,8 млрд теңге қажет екені жазылды. Бірақ кейіннен балалар үйінің тәрбиешілері ғимараттың ешқандай апатты жағдайда емес екенін айтып, видеоүндеу жолдады. Ал биылғы наурыз айында балалар үйі Қонаевқа көшірілетіні белгілі болды. Бұл балалар үйі қызметкерлерінің жаппай қарсылығын тудырды. Балалар да әлеуметтік желілерде видеоүндеу жасап, өзі үйренген ортада қалдыруды сұрады. Сол кезде Алматы облысының билігі балаларды ешқайда көшірмейтінін мәлімдеп құтылған. Алайда арада бірнеше ай өткенде әкімдік сөзінен айнып, шілде айында көшіруді қайта күн тәртібіне шығарды. 2025 жылғы 9 шілдеде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қаулысымен балалар үйін Қонаевқа кезең-кезеңмен көшіру басталғаны ресми хабарланды. Облыстық әкімдік 180 орындық жаңа балалар үйі жеке инвесторлардың қаржысына – 4 млрд теңгеге салынып, мемлекет меншігіне берілгенін, заманауи талаптарға сай екенін айтты. Бұл шешім, әсіресе балалар үйі тәрбиеленушілерінің наразылығын туғызды. Олар өздерін үйренген қаласынан күштеп көшіруге көнбейді.

19 млн долларлық жер дауы
Азаматтық қоғам өкілдері балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру басталған бойда бұл әрекеттің астарында экономикалық мүдде бар екенін айта бастады. Олар Бас прокуратураға үндеу жолдап, балалар үйі орналасқан жерге көз тіккендер бар болуы мүмкін екенін айтты. Шынында да, балалар үйінің аумағы – Алматының ең қымбат аудандарының бірі, әл-Фараби даңғылы маңындағы 2,5 гектар жер. Сарапшылардың есебінше, бұл телімнің нарықтық құны 6,5–10 млрд теңге шамасында (шамамен 14–19 млн доллар). Осындай қомақты актив жеке құрылыс салушыларды қызықтыруы әбден мүмкін.
Кадастр деректері бұл күдіктерді күшейте түсті. Кадастр картасында 2,5 гектар аумақтың Алматы облысы білім басқармасына қарайтын «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының» меншігі ретінде, құқығы – «жекеменшік» деп көрсетілген. Дегенмен ресми жауапта жердің 2006 жылдан бері балалар үйіне тұрақты пайдалану құқығымен берілгені айтылған. Яғни жер ресми түрде мемлекетке тиесілі болғанымен, оны жекеменшікке өткізу схемасы жасалуы мүмкін деген күдік туындап жатыр. Бұдан бөлек, балалар үйінің Ерменсай ауылындағы саяжайы орналасқан жер телімі (7,18 гектар) шамамен 18 миллион долларға (9 миллиард теңге) бағаланған. Бұған дейін балалар тұрақты демалатын саяжай әдейі қараусыз қалдырылған. Яғни осы қосымша жер телімінің де болашағы бұлыңғыр деген күмән бар.

Әлия Назарбаева және Абзал Сағымбаев
Бағанашылдағы жерге қатысты күдік пайда болысымен, жаңа Қонаевтағы балалар үйін жедел тұрғызған инвестор да назарға ілікті. Жаңа ғимараттың құрылысын рекордтық қысқа мерзімде аяқтап, мемлекетке сыйға тартқан – Damu Development Group консорциумы болып шықты. Бұл консорциум құрамына Svoy Dom тәрізді ірі құрылыс компаниялары кіреді, алайда ең қызығы – консорциумның құрылтайшысы Астана қалалық мәслихатының депутаты Абзал Сағымбаев екені белгілі болды. Сағымбаев – «Аманат» партиясының өкілі әрі құрылыс саласында үлкен бизнес империя құрған тұлға. Оның депутаттық өмірбаянында «Damu Development Group» жеке компаниясының құрылтайшысы екені жазылған. Бұдан бөлек, отандық БАҚ-тың жазуынша, ол Qaz Stroy Standart атты компания арқылы 40-тан аса құрылыс компанияларын бақылайды. Damu Development Group – осы құрылымның жобаларының бірі. Сағымбаев депутат болған соң Qaz Stroy Standart компаниясының ақша айналымы 2023 жылы 169 млн теңгеден 2024 жылы 6,7 млрд теңгеге өскен. Консорциум серіктестерінің бірі Svoy Dom Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салады. Сол жобалардың бірі – Алматыдағы Tulpar базарының орнына салынуы тиіс «Берекелі» тұрғын үйі. Кадастр бойынша бұрынғы «Тұлпар» базарының 1 га жері де Абзал Сағымбаевқа қатысты компанияға тиесілі болып шыққан. Яғни Сағымбаевтың бизнес мүдделері Алматының қымбат жерлерімен тығыз байланысты, Бағанашылдағы балалар үйі аумағы да соның бір нысаны болуы ықтимал екені жазылып жатыр.
Балалар үйіне қатысты тағы бір деректі осыдан 2 жыл бұрын депутат Бақытжан Базарбек көтерген. Сол кезде Бостандық ауданындағы Ерменсай ықшамауданында орналасқан балалар үйінің жер телімі экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваға жақын адамдарға өтіп кеткені жөнінде мәлімдеген. Кейіннен балалар үйіне қатысты дау басталғанда жердің белгісіз жолмен жекеменшікке өтіп кеткенін, оның артында Әлия Назарбаева тұрғанын балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Бибігүл Мамай журналистерге айтқан.
Балалар үйіндегі заңсыздықтар
Балалар үйін көшіру жоспары іске аса бастағанда, қоғамдық бақылаушылар аумақтағы заңсыз әрекеттерді әшкереледі. Атап айтқанда, 2025 жылғы наурызда балалар үйінің бау-бақшасындағы тал-теректер түбінен кесіле бастаған. Жұрт шу көтерген соң тексеруге барған Алматы прокуратурасы 18 ағаштың заңсыз кесіліп, 36 ағаштың тамырымен қопарылғанын анықтады. Ең сорақысы – бұл жұмыс үшін экология басқармасынан ешқандай рұқсат алынбаған. Бұл жағдай бойынша жауапты мекеме кейін «рұқсатсыз ағаш кесілгенін» мойындап, кепіл хат жазуға мәжбүр болған.
Прокуратура тексеруінің нәтижесінде экология талаптарының өрескел бұзылғаны әшкереленсе де, жергілікті билік бастапқыда бәрін «құқыққа қайшы ағаш кесу әрекеті табылмады» деп, жылы жауып тастамақ болған. Тек жұрт наразылығы күшейген соң ғана құқықбұзушылық фактісі мойындалып отыр. Мұның өзі көшіру әрекетінің заңдылығына деген күмәнді тереңдете түсті.
Бағанашылдағы №1 балалар үйі төңірегіндегі дау осы мекемедегі алғашқы мәселе емес. 2019 жылы бұл балалар үйінде ірі ақша жымқыру фактілері анықталып, тәрбиеленушілердің құқықтары бұрыннан-ақ аяқасты болып келгені әшкере болған еді. Тергеу барысында әлеуметтік педагог М.Мустафина 2015 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың тамызына дейін балаларға тиесілі 67 миллион теңге жәрдемақыны өз қалтасына аударып отырғаны дәлелденді. Мустафина қамқорлығындағы балаларға банк есепшоттарын ашып, олардың атына мемлекеттік жәрдемақы рәсімдеп, кейін сол есептерден қаражатты өз шотына аударып алып отырған. Балалар үйінің директоры Г.Қондыбаева бұл ұрлықты 2018 жылы білгенімен, тиісті органдарға хабарламай, қол астындағы қызметкерін жұмыстан шығармаса да, қаржыны жымқыруына көз жұмып келген. Кейін іс сотқа жетіп, қос айыпты да кінәларын толық мойындады. 2021 жылы сот үкімімен Мустафинаға Қылмыстық кодекстің 189-бабы (сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену) бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, 10 жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салынды. Ал директор Қондыбаева әрекетсіздігі үшін 2,7 миллион теңге айыппұл төлеп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.

Сергей Пономарев, мәжіліс депутаты: Бұл дау кадрлық ауыс-түйіспен бітеді
– Балалар үйіне қатысты пікірімізді білдірдік. Бірақ бұған қатысты мәселенің нүктесін президенттің өзі қойды. Қызметтік тексеріс жайлы да тапсырма берді. Бұл өте салмақты тапсырма. Оның соңы кадрлық ауыс-түйіспен бітеді деп ойлаймын. Оның нақты бағасын тексеріс жүргізіп жатқан президент әкімшілігі береді. Әзірге бұған қатысты осыны ғана айта аламын.
Алайда облыс әкіміне қатысты айтарым бар. Ол шынымен де бұдан бұрын айтқанымдай, өзін «князь» сияқты сезінеді. Мысалы, ол Үндістан мен АҚШ инвесторларымен Қонаев қаласында фармацевтикалық зауыт және колледж салу бойынша меморандумға қол қойған. Бұдан бөлек, инвесторлар Алматы облысына 4 млрд теңгеге көпсалалы аурухана салып берген. Қазір ол жұмыс істеп тұр. Маған хабарласқан Алматы облысы ауруханасының бас дәрігері өңір басшылары инвесторларға қысым жасап жатқанын айтып берді. Екеуара келіссөзге әкім басшылықтан емес, қатардағы қызметкерді жіберген. Бұл келісім әлі даулы мәселе болып отыр. Одан бөлек, Іле ауданындағы «Сокол» автодромы, Қапшағай маңындағы «Марвен» кеспесі де осындай жағдайға тап болған. Бұдан шығатын қорытынды, Алматы облысы әкімдігінің инвесторларға деген қарым-қатынасы осындай дәрежеде ғана болып тұр.
Бұл президент араласатын іс пе еді?
Қоғам тарапынан облыс басшысы ретінде Сұлтанғазиев дауды дер кезінде шешпек түгілі, уәделерінен тайқып, инвесторлар мен жер дауына қатысты түсініксіз әрекеттерге жол бергені үшін айыпталып жатыр. Мысалы, Бағанашылдағы қымбат жер теліміне жеке инвесторлардың қызығушылығы бары қоғамда кеңінен талқыланды. Алайда облыс әкімі осы мәселеге қатысты анық-қанығын өзі тексеріп, түсінік беруге асыққан жоқ, инвестор мүддесін қоғам мүддесінен жоғары қойғанына наразылар көп.
Сұлтанғазиевтің атына тағылған айыптың тағы бірі – шетелдік инвестицияларды тартудағы селқостығы. Бұған дәлел ретінде Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан ірі көпсалалы аурухана жобасы. Бұл туралы Jas Alash «Енді көрмегеніміз Қазақстан болсын! «Князь» Сұлтанғазиев инвесторды қалай таңырқатты?» атпен көлемді зерттеу де жазды.
Сұлтанғазиевті осылай сынап жатқан жұрт ішінде Бағанашыл балалар үйінің төңірегіндегі дау президент деңгейінде шешілетіндей күрделі мәселе ме еді деген сұрақ қойылып жатыр. Рас, жергілікті билік оң шешім шығарса, бұл мәселе Ақордаға дейін жетпес еді. Сұлтанғазиевтің бұл оқиғадағы рөлі, анығырақ айтсақ, үнсіздігі мен әрекетсіздігі оның жалпы әкім ретіндегі салмағын төмендететін жағдай. Онсыз да ол әкім болғалы Алматы облысында шешілгеннен гөрі, қордаланып қалған мәселелер көбейіп тұр. Облыс экономикасы, әлеуметтік жағдайы жақсара қойған жоқ. Жемқорлық, жер дауы, инвесторларды шеттету, мемлекеттік қаражаттың орынсыз жұмсалуы сияқты айыптар күннен-күнге өршіп келеді. Соның су бетіне қалқып шыққан бір көрінісі – Бағанашылдағы дау. Жергілікті дәрежеде шешілетін істі сонша күрделендіргені үшін Сұлтанғазиевті Ақорда да басынан сипай қоймасы анық. Тіпті Тоқаевтың проблеманы шешуді Сұлтанғазиевке емес, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыға тапсыруы да қызық. Жұрт келгелі бері кетеді екен деп келе жатқан Сұлтанғазиевке бір тықыр таянса таянған-ақ шығар.
Тұрсынбек БАШАР