Жаңа Конституциядан – жаңа экономикаға: Президент бастамалары қандай өзгеріс әкеледі?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін тағдырлы мәні бар бірқатар бастамаларды жариялады.
Жаңа Конституцияның қажеттілігі, экономикалық саясатты қайта жаңғырту, инвесторлармен жұмыс мәдениетін өзгерту және мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін күшейту – осының бәрі Қазақстанның даму бағытының түбегейлі жаңарғанын көрсетеді. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бұл реформалардың саяси-экономикалық мәнін түсіндіріп, олардың ел болашағына ықпалын бағамдайды.
– Президент Тоқаев жаңа Конституцияны не үшін қажет деп есептейді? Бұл реформа нені өзгертуге бағытталған?
– Меніңше, Президент бұл құжатты тек құқықтық түзету деп қарастырмайды. Бұл – мемлекетті басқарудың түпкілікті қайта құрылуы, билік институттары арасындағы теңгерімді күшейтуге бағытталған тарихи қадам.
Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаңа Конституция еліміздің негізін түбегейлі қайта құруға мүмкіндік беретінін тағы да нақты айтты.
Соңғы жылдары әлемдік тәжірибе айқын көрсеткендей, институционалдық тұрақтылықсыз экономикалық өсім ұзаққа созылмайды. Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде саяси реформалар кешеуілдегенде өсім баяулаған, Латын Америкасы тәжірибесі тұрақты институттарсыз экономикалық серпілістің тек уақытша екенін дәлелдеді
Президент ұсынған модель – күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет.
Мұның бәрі заң мен тәртіп аясында, әділеттілік принциптері бойынша жүзеге асуы тиіс. Ондағы негізгі мақсат – билік арасындағы теңгерімді күшейту, азамат құқықтарын нақты және тиімді механизмдер арқылы қорғау.
– Конституциялық комиссияның шетелдік сарапшыларсыз құрылғаны неге ерекше айтылды?
– Бұл – өте символдық, бірақ өте маңызды саяси месседж.
Бүгінде әлемде конституциялық реформалар көбіне сыртқы ықпалмен жүргізіледі деген күмән жиі айтылады. Президент осы күмәнді алдын ала жоққа шығарды.
Бұл – реформа сыртқы күштердің ықпалы емес, ішкі сұраныстың нәтижесі екенін көрсетеді.
Мысалы, Польша, Венгрия және тағы басқа елдерде реформаның легитимділігі көбіне «сыртқы ықпал» тақырыбымен сыналған. Қазақстан мұндай сценарийден саналы түрде алшақтап отыр.
Бұл – егемендікке қатысты өте анық сигнал.
– Деглобализация жағдайында экономикалық саясатты қайта жүктеу қаншалықты өзекті?
– Шыны керек, қазіргі әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан халықаралық байланыстың өзгере бастауы. Бүгін Президент жаһандық инвестицияның азайып бара жатқанын ашық айтты. Әсіресе, дамушы елдерге бұл үдеріс қиын тиетіні сөзсіз.
2023-2024 жылдары БҰҰ дерегі бойынша дамушы елдерге тікелей инвестиция көлемі айтарлықтай төмендеді. Капитал қауіпсіз әрі тұрақты нарықтарға кетіп жатыр.
2024 жылы Дүниежүзілік банктің тікелей шетелдік инвестиция рейтингісінде АҚШ көш бастап тұр. Бұл ел 348,7 миллион доллар инвестиция тартса, Сингапур 175,2 миллион, Гонконг 111,1 миллион, Бразилия 64,2 миллион, Канада 47,7 миллион доллар инвестиция алды. Ал біздің елге келген инвестиция тек 5,3 миллион долларды құрады, бұл АҚШ-пен салыстырғанда шамамен 60 есе төмен көрсеткіш.
Осыған байланысты Президент «экономикалық саясатты қайта жаңғырту» қажеттігін атап өтті. Әсіресе, арнайы экономикалық аймақтар елдің экономика секторына нақты ықпал жасап, инвестицияның келуіне жағдай жасауға тиіс. Мұндай тәжірибе Индонезия, Вьетнам, Сауд Арабиясында сәтті жүргізілуде. Бұл елдерде ұлттық өндірісті күшейту, технологиялық жаңару және адам капиталына инвестиция салу секілді бағыттарда жүйелі жұмыстар бар.
Міне, бұл – жаңа экономикалық парадигма. Елдің тұрақты дамуы үшін біз де осы тәжірибені игеріп, инвестицияның келуін ынталандырып, экономикалық өсімді нақты нәтижеге айналдыруымыз қажет.
– ЖІӨ өсімін халық табысымен байланыстыру нені білдіреді?
– Бұл – экономикалық саясаттағы өте маңызды бетбұрыс.
Президент ЖІӨ өсуі тек статистикалық көрсеткіш қана емес, ол азаматтардың нақты табысымен қатар жүруі керектігін нақты айтты. Яғни елдің экономикалық өсімі халықтың тұрмыс сапасын арттырмайынша, еш мәнге ие емес.
Әлемдік тәжірибеден кейбір Латын Америкасындағы елдерде экономикалық өсім жылдар бойы байқалғанымен, халық табысы артпаған, соның салдарынан әлеуметтік шиеленістер күшейгенін жақсы білеміз.
Сондықтан ЖІӨ мен халық табысын байланыстыру – тек экономикалық міндет қана емес, бұл әлеуметтік келісімнің нақты формуласы.
Бұл – мемлекеттің азаматқа деген жауапкершілігі және ел дамуының өлшемі. Халық өзінің еңбегінің жемісін көргенде ғана экономикалық өсім тұрақты болады, билікке сенім артады, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс нығаяды. Біз осылайша елді тұрақты даму жолына шығарамыз, азаматтардың тұрмысын жақсартамыз, әлеуметтік шиеленістерді төмендетеміз.
– Инвесторларға қатысты айтылған мәлімдемелер қаншалықты маңызды?
– Инвесторлар үшін ең маңыздысы – сенім. Одан кейін тұрақтылық, инфрақұрылым тағысы тағы.
Президент мемлекет инвесторлар алдындағы барлық міндеттемесін толық орындауы тиіс екенін айтты. Бұл – инвестициялық климаттың негізі, елге капитал тартудың басты факторының бірі.
Мұны Дүниежүзілік банктің зерттеуі де дәлелдейді.
Инвестиция ағынына ықпал ететін фактор – тек салықтық жеңілдіктер емес, құқықтық кепілдік. Яғни инвестор мемлекетке сенім арта алмаса, қандай да бір жеңілдік немесе субсидия еш нәтиже бермейді.
Президент бюрократияны қысқарту, шешім қабылдауды жеделдету мәселесіне де тоқталды.
Бұл – тек әкімшілік оңтайландыру емес, бұл – нақты әрекет.
«Бір терезе» қағидатына көшу арқылы инвесторлар барлық процедураны бір жерден, жылдам әрі ашық ала алуы тиіс. Бұл тапсырма кезекті рет айтылып отыр.
Бізге бастысы, инвестор сеніміне ие болатын оң өзгерістер керек. Ал, инвестициялық сенім – тұрақты даму мен экономикалық өсу кепілі.
– Үкіметке қатысты қатаң сын қандай сигнал береді?
– Мемлекет басшысы түрлі аспектіне бек рет «нақты нәтиже керек» деп шегелеп айтты. Бұл сөздерден басқару стилінің өзгергені анық байқалады.
Президент ведомстволар арасындағы үйлесімсіздік пен бюрократияны ашық сынға алды.
Бұл – классикалық реформалық кезеңнің белгісі. Сингапурда да реформалар дәл осындай қатаң талаптардан басталған.
Бұл – мемлекеттік аппаратқа берілген нақты сигнал – нәтиже болмаса, жауапкершілік болады.
Мұны халық та талап етіп отыр. Сондықтан атқарушы билікке қағаздағы есептен қарағанда, халықтың шынайы әлеуметтік жағдайына назар аударатын кез келді.
– Арнайы экономикалық аймақтарға жаңа модель енгізу қандай нәтиже береді?
– Президент соңғы 25 жылда арнайы экономикалық аймақтардың ЖІӨ-ге үлесі небәрі 1 пайыздан сәл асқанын нақты айтты. Бұл – өте төмен көрсеткіш, біздің әлеуетімізді толық ашуға мүмкіндік бермейтін деңгей.
Салыстырып қарасақ, Қытайда арнайы экономикалық аймақтар ел экспортының 20-30 пайызын қамтамасыз етеді. Вьетнамда өнеркәсіп экспортының жартысынан астамын арнайы экономикалық аймақтар береді. Біз әлі оларға жеткен жоқпыз, мүмкіндігімізді толық пайдалана алмай отырмыз.
Жоғары аудит палатасының АЭА тексеріс есебін қарасаңыз, қомақты қаржылардың мақсатсыз жұмсалып жатқанын байқайсыз. Бақылау аз, тиімділікке қарағанда тамыр-таныстыққа басымдық берілгендей. Бұл – жүйелі кемшіліктің белгісі.
Енді Үкіметке нақты серпін беру қажет. АЭА мәселесіне жауапкершілікпен қарап, оны индустриялық серпілістің жаңа кезеңі ретінде қайта құру керек. Онсыз орнықты даму жолын табу қиын.
Тағы бір маңызды мәселе – квазимемлекеттік сектордың жұмысын қайта қарап, қажет болса оңтайландырып, жүйелеу. Елдегі кейбір экономикалық сарапшылардың пікірінше, квазимемлекеттік сектор кейде бизнесті тұншықтырып отыр. Біз бұл секторды тиімді етуіміз керек, инвестициялық тартымдылықты арттыруымыз қажет.
Біз өзіміздің экономикалық әлеуетімізді толық ашып, жаңа индустриялық серпіліс арқылы елді дамытудың нақты жолын көрсетуіміз керек. Тек жүйелі әрекет арқылы ғана Қазақстанды тұрақты даму жолына шығара аламыз.