Жаңа Конституцияны сынаған астаналық 15 тәулікке қамалды
Астананың тұрғыны, кәсіпкер Қантемір Алмышев 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұған дейін ол әлеуметтік желілерде жаңа Конституцияны және билікті сынаған бірнеше жазба жариялаған.
«Қантемірді 15 тәулікке қамады. Үкім шығарған судья – Әбішева», - деп жазды Threads желісінде Алмышевтің жұбайы Әзиза.
20 ақпанда Қантемір Алмышев Threads платформасында жұмыс орнына полиция қызметкерлерінің келгенін көрсететін видео жариялаған. Кейін әлеуметтік желілерде оны полиция басқармасына алып кеткені туралы ақпарат тарады. Әкімшілік сот Алмышевті «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапкершілікке тартқан.
Сот шешімінде 9 ақпанда Алмышевтің Threads әлеуметтік желісінде балағат сөздер қолдана отырып жазба жариялағаны, сол арқылы айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны айтылған.
The Village басылымының мәліметінше, кәсіпкер бірнеше күн бойы алдағы референдум туралы кең көлемді жазбалар жариялап, жаңа Конституцияға қарсы дауыс беруге шақырған. Алмышевтің айтуынша, оған Астана әкімдігінен президент стратегиясы мен Конституцияға енгізілетін түзетулер туралы жазбаларды өшіруді сұрап телефон соққан. Алайда ол бұл талаптан бас тартқан.
Қаңтар айында Астана жаңа Конституция қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Оның жобасы 11 ақпанда жарияланды. 15 наурызға референдум белгіленген, онда қазақстандықтар жаңа Конституция жобасын қабылдай ма, жоқ па – соған дауыс береді.
Конституциялық реформа жарияланған сәттен бері жаңа жобаға қарсы шыққандарға полицияның барғаны, сондай-ақ айыппұл салу мен әкімшілік қамауға алу фактілері туралы бірнеше рет хабарланған.