Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 20 Тамыз 2024

Жаңа оқу жылына қаншалықты дайынбыз?

мектеп
Фото: moscowchanges

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Еліміздің барлық өңірінде дайындық қызып, арнайы тексерістер күшейтілуде.

 Мәселен, Алматы облысында 2024-2025 оқу жылы 1747 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың ішінде 473 жалпы білім беретін мектеп, 1161 мектепке дейінгі мекеме, 40 колледж және 33 қосымша білім беру ұйымы бар. Жаңа оқу жылында 351 796 оқушы мектеп қабырғасында білім алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық.

Осыншама баланың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына жағдай жасау өте маңызды. Бұл мақсатта өңірдегі орын жетіспеушілігін азайту мен материалдық-техникалық базаны жаңартуға көп көңіл бөлініп отыр. Ол туралы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы айтып берді:

«Қазіргі таңда орын жетіспеушілігі мен үш ауысымды мектептер, апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесі бар екені баршамызға аян. Мұндай кезек күттірмейтін мәселелерді барынша жедел шешу үшін барлық шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, биыл 22 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 73 мектеп жаңа модификациядағы пәндік кабинеттермен жабдықталды. Себебі белгілі. Жылы да жайлы ғимарат пен арнайы кабинеттер ойды жинақтауға, сабақты барынша пайдалы өткізуге жағдай жасайды. Әсіресе жаңа модификациядағы пәндік кабинеттер қазіргі замандағы ғылым мен технология жетістігін пайдалана отырып көп көмегін тигізеді. Бұл бүгінгі күннің сұранысы деуге де болады. Арнайы модульдік парталар, орындықтар, жарықтандыру, жиһаз бен стендтер қарастырылып отыр. Интерактивті тақталардың санын арттырып, басқа да мультимедиалық керек-жарақтарды түгелдеу, заманауи компьютерлік жүйелерді әкелу процесті барынша жеңіл етері сөзсіз. Әрі танымдылық та артады. Соның нәтижесінде балалар әр пәндегі әрбір тақырыпты терең талдап, уақыт талабына сай жан-жақты ақпарат алады. Сәйкесінше, олардың дағдылары мен тақырыпты түсіну жолдары да жақсарады. Концепцияның өзі де осыны көздейді. Кабинеттерді инновациялық жабдықтау, пәнге қатысты зертханалық жағдай жасау арқылы сабақтар қызықтырақ болады, динамикасы артады. Онлайн ресурстар мен платформаларды қолдану білім беру бағдарламасының өзі талап ететін өзгеріс. Демек, бұл кабинеттер педагогтардың жұмысын жеңілдетеді, оқушылардың білім сапасын арттырады».

Бұдан бөлек, мектептердің оқу жылына дайындығы тағы алты талап бойынша тексерілген. Білім басқармасы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ержан Сапарұлының айтуынша, оқу нысандарының кезекті және күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауы, қауіпсіздік аспектілері, санитарлық жағдайлар, спорт залдары мен асханалар, жаңа модификациядағы пәндік кабинеттер мен робототехника кабинеттерінің болуы, интернет желісінің қолжетімділігі тексерілген. Жоғарыда айтылған кабинеттерден бөлек, асханалар мен спортзалдардың арнайы техникалық талаптарға сай болуы міндеттеледі. Одан бөлек, төтенше жағдайларға арналған жедел шаралар, эвакуация жоспары, алғашқы көмек көрсету, осының бәріне қажетті арнайы жабдықтар болуы тиіс. Тағы ерекше күтімді қажет ететін, мүгедектігі бар оқушылар мен ата-аналарға арналған инклюзивтілік те, қозғалыстың қолайлы болуы да қадағаланады.

Ал санитарлық талаптар өз алдына бөлек қаралады екен. Бұл талаптар қызметкерлер мен оқушылардың денсаулығы үшін маңызды. Ең әуелі ең қарапайым тазалық пен гигиена жағы жоспарланады. Мектеп ғимараты интервалды түрде арнайы тұрмыстық химияны қолдана отырып тазартылуы тиіс. Бұл микробтар мен бактериялардың, олардың таралуының алдын алады. Одан бөлек, қоқыс пен қалдықтарды шығаруда да арнайы утилизациялық шаралар назарда болады. Ауа мен вентиляция жүйесі ауаны тазалап, концентрацияны реттеп отырады, қажетті температураны сақтауға көмектеседі. Ең маңыздысы – ауыз су. Оның да тазалығы мен қауіпсіздігі жіті қаралады. Өңірдегі мектептерде осы факторлардың әрбірі мұқият тексерілген.

«Біз білім сапасын арттыру, қауіпсіздік мақсатында биыл 430 мектепке мониторинг жасадық. Оған қоса, барлық мектептерде бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және турникеттер орнатылып, 117 мектеп полицияның жедел диспетчерлік пункттеріне қосылған», – дейді Ержан Сапарұлы.

Иә, бүгінде тек мектептер ғана емес, барлық мекемелер мен ғимараттар, тіпті көшелер бейнебақылау камерасын орнатады. Себебі бұл қауіпсіздік үшін аса маңызды құрал. Ол арқылы барлық болған оқиғаны сол уақытта тіркеуге, құжаттауға, қажет болған жағдайда дәлелдеуге мүмкіндік бар. Әрі қызметкерлер мен оқушылардың келіп-кету деңгейін де бақылауға болады. Сол секілді мүлікті қорғауға да жағдай жасалады. Қазіргі таңда зорлық-зомбылық, буллинг, төбелес, тағы сол секілді инциденттердің көбеюіне байланысты бұл шаралар қажет те. Оның бірқатары мектеп қабырғасында, кабинетінде, әжетханаларда болатынын да көріп жүрсіз. Демек, сақтық шараларын арттыру – қажеттілік.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: