Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:19

Жаңа оқулықтар жазда дайындалады

Дидара Алина
Фото: Дидара Алина

Мектеп демалып жатқанда, оқулық жазылады. Қағазға түскен әр бөлім – мұғалім үшін құрал, бала үшін бағыт. Сондықтан бұл – жай баспа жұмысы емес, білім мазмұнын құрастыру процесі. Arman-PV бас директоры Дидара Алинамен болған бұл сұхбат — оқулық жазудың ішкі жауапкершілігі мен маңызытуралы ашық әңгіме.

— Дидара ханым, жазғы демалыс кезінде баспада қандай жұмыстар жүріп жатыр?

— Жаз – баспа үшін ең маңызды кезең. Қыркүйекте бала қолына сапалы оқулық ұстауы үшін дәл осы уақытта мазмұнды дайындауымыз керек. Бұл – Оқу-ағарту министрлігімен, оның ішінде Білім мазмұнын сараптау орталығымен бірлесе отырып, үлкен жауапкершілікпен жүргізілетін жұмыс. Қазіргі уақытта 7-сыныптың «Қазақ әдебиеті», «Физика», бастауыш деңгейдің «Русский язык», «Цифрлық сауаттылық» оқулықтары, сондай-ақ «Жаһандық құзыреттер» бағытындағы жоғары сыныптарға арналған жаңа материалдар әзірленуде.

— Сапалы оқулық жазу үшін басты талап қандай?

— Ең алдымен, мазмұн өмірмен үйлесуі керек. Бұл — біздің негізгі қағидамыз. Оқулық баланың ойлау қабілетін, өмірлік дағдыларын, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыратын орта. Сондықтан біз әрбір тақырыпты баланың өмірлік тәжірибесіне жақындатуға, оның ішкі қызығушылығын оятуға тырысамыз.

Біз практик мұғалімдермен, сарапшылармен, әдіскерлермен тығыз жұмыс істейміз. Себебі оқу процесінің нақты қалай жүріп жатқанын, қандай қиындықтар барын, не нәрсе көмектесетінін ең жақсы білетін — күнделікті сабақ беріп жүрген ұстаздар.

— Жазылған оқулықтар қалай бағаланады?

— Оқулық бірнеше кезеңнен өтеді. Бұл – бір күнде болатын жұмыс емес. Алдымен ішкі редакциялық сараптама, одан кейін лингвистикалық және әдістемелік талдау, соңынан міндетті түрде апробация кезеңі. Яғни, мектепте сабақта сыналып көру. Осы жұмыстардың барлығы Білім мазмұнын сараптау орталығымен (БМСО) бірлесіп, нақты тәртіппен, ресми бекітілген талаптар негізінде жүргізіледі. Арнайы портал арқылы құжаттар мен материалдар тапсырылады, кері байланыс хаттамалары тіркеледі.

Яғни оқулық – баспадан шықпас бұрын бірнеше сүзгіден өтетін, кәсіби және ашық сараптама нәтижесінде ғана мектепке жолданады.

— Сіздер үшін цифрлық ресурстар қаншалықты маңызды?

— Бүгінде цифрлық формат – баламен тіл табысудың негізгі жолдарының бірі. Біз әр оқулықпен бірге интерактивті материалдар, бейнежазбалар, тыңдалым тапсырмалары мен анимацияларды қоса әзірлейміз. Мұның бәрі ekitap.kz платформасында ұсынылады.. Сонымен қатар, біз арнайы мұғалімдерге арналған әдістемелік көмекші құралдар, видео-нұсқаулықтар мен цифрлық бағалау жүйелерін де дамытып келеміз.

— Авторлар оқу бағдарламасын әзірлеуге қатысып жатыр деген ақпаратты көзім шалды. Бұл өзгеріс қалай жүзеге асты?

— Бұрын оқу бағдарламасы орталық деңгейде жеке әзірленіп, автор тек дайын құжатқа бейімделіп жазатын. Қазір бұл тәсіл түбегейлі өзгерді. Оқу-ағарту министрлігі алғаш рет оқулық авторларын мазмұн қалыптастырудың бастапқы кезеңіне – яғни, оқу бағдарламасын жазу жұмысына – тікелей тартып отыр. Бұл – үлкен өзгеріс.

Біз бұл қадамды өте маңызды және дер кезінде жасалған шешім деп есептейміз. Бұл бір жағынан, авторларға мазмұнды жүйелі түрде жобалауға мүмкіндік береді, екінші жағынан, оқулық пен бағдарлама арасындағы алшақтықты жояды. Сонымен қатар, бұл процесс диалогтық форматта өтті: авторлар, пәндік сарапшылар, әдіскерлер және оқу-әдістемелік орталық мамандары бірлесе жұмыс істеді. Яғни, мазмұн жоғарыдан түспейді — ортақ шешім ретінде қалыптасады.

Бұл — біздің білім жүйеміздегі ашықтықтың, кәсібиліктің және педагогтерге деген сенімнің белгісі. Біз осы серіктестікті жоғары бағалаймыз және бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады деп сенеміз.

— Қазіргі таңда оқулыққа қойылатын талап өзгеріп жатыр. Болашақ оқулық қандай болуы керек деп ойлайсыз?

— Қазіргі оқулық тек ақпарат беріп қоймауы керек. Ол — баланың ойлау жүйесін қалыптастыратын, дағдысын дамытатын, өз бетімен ізденуге жетелейтін құрал болуы қажет. Болашақ оқулық — өмірмен сабақтас, баланың жас ерекшелігіне сай, әртүрлі деңгейдегі оқушыларға тең мүмкіндік беретін, инклюзивті, бейімделген мазмұн болуы тиіс.

Ол — пән мен шынайы өмірдің арасын жалғайтын көпір іспетті. Мысалы, бала математика сабағында есеп шығарып қана қоймай, сол есептің өмірдегі қолданылу аясын түсінуі керек. Әдебиеттен тек мазмұн емес, құндылық алуы шарт. Оқулық осыны бере алса — ол тиімді құралға айналады.

Сондықтан біз үшін мазмұн сапасымен қатар, әдістемелік негізі, визуалды құрылымы, тапсырма жүйесі, цифрлық ресурспен байланысы — барлығы маңызды. Болашақ оқулық — тек қағазда емес, баланың санасында жұмыс істеуі тиіс.

— Arman-PV баспасының болашақтағы басты басымдығы не? Жаңа буынға қандай миссиямен жұмыс істеп жатырсыздар?

— Біздің басты мақсатымыз — сапалы білімге жол ашатын, заманауи, мазмұны терең оқулық дайындау. Бірақ бұл миссия тек өнім шығарумен шектелмейді. Біз үшін маңыздысы — мектептегі нақты оқыту процесіне әсер ету, мұғалімге көмекші, балаға серік бола білу.

Arman-PV - 20 жылдан астам тәжірибесі бар, педагогикалық кеңістікпен қатар дамып келе жатқан, бүгінгі буынға емес, болашақ ұрпаққа қызмет етуді мақсат еткен ұйым. Бізге сенім артқан ұстаздардың, сарапшылардың, ата-аналардың пікірін назарда ұстай отырып, ашықтық пен кәсібилікті басты құндылық деп білеміз.

Келесі кезеңде біз цифрлық экожүйені дамытуға, оқу материалдарын, пән аралық байланысты күшейтуге басымдық беріп отырмыз. Біздің ұжым үшін, бұл — ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Тегтер: