Жаңа Қазақстан: арман мен ақиқат

Поэма
Эсхатология
Һәм Жер-Ана кепиеті
Эсхатология – дүниежүзілік апат, әлемнің бұзылуы, топан су, әлемдік өрт, т.б. Негізгі зерттеу нысаны – адам жаны, о дүниедегі өмір, ғарыштағы тірлік, т.б.
Біз кімбіз?
Адамбыз.
Жер-Анамыз,
Тіршілікке
Тәңірден жараламыз.
Табиғаттан жүрекке – дем аламыз,
Жер-Анадан ізгілік – нәр аламыз.
Жер-Анамыз қуанып Далам үшін,
Он сегіз мың ғажайып Ғалам үшін,
Мәңгі-бақи аямас махаббатың,
Ақылы мол жаралған Адам үшін.
Сол ғаламға мен бүгін көзім тіктім,
Жүрегімде айтар ой, сезімді ұқтым.
Жер-Ананың атынан тебіреніп,
Ұялады жаныма өзіндік мұң.
Мұңға бөкпес демеңдер ер адамың,
Жерге қарап, көңіліме шер аламын.
Менің шерім – қайғысы Адамзаттың,
Менің шерім – көз жасы Жер-Ананың.
Адам үшін әсілі жаны құрбан,
Айналады Қара Жер дарынды ұлдан.
Ілім-ғылым-білімді иеленіп,
Бұл Адамзат Жер-Көкті бағындырған.
Бірақ достым, билесе құлқындары,
Бір-біріне тиісіп, жұлқынды әрі...
Жеті қат Жер, Көк Аспан күңіреніп,
Кәрін төкті табиғат тылсымдары!..
Бір жақтарды алапат өрт шалады,
Жайпап бәрін кетерге оқталады...
Бір жақтарды топан су-тасқын алып,
Бір жақтарда аптапқа қақталады...
Сөз өткендей қарғысты сүйегінен,
Адам бәрін табады ниетінен.
Күлкісінен айрылар ұлы адамзат,
Домбырадай айрылған тиегінен.
Соңғы кезде әйтеуір мұң кетпеді,
Адамзатқа жаудай боп індет келді.
Шартарапты шарпыған тәждівирус,
Топтасуға ғаламды міндеттеді...
Нәубет нағыз, білсеңіз бұл, ағайын,
Қырып кетті талайды қынадайын.
Індет-індет, сан-сапат апат болып,
Ойлы адамзат ертеңді қылады уайым.
Содан менің жаным да қызынып тұр,
Сұрқай дүние болмысы бұзылып тұр.
Бүтін әлем – жұлқынған текетірес,
Бір-біріне қошқардай сүзіліп тұр.
Қарасуық жан-жақтан есіп кетті,
Қауіп-қатер қарқыны өсіп кетті.
Зауал келіп ай-күннің аманында,
Бес миллион украин босып кетті...
Таға аламыз, біз – қазақ, кімге кінә,
Жерін жаулау өзгенің – бұл да күнә.
Арғы беттен Батыс та апшынады,
Ішкі сырын бүккендей тұрпатына?!
Жапа шексе сол қайғы қорлық көріп,
Әйелдер мен балалар зорлық көріп.
Адамзатты қыруға қақың бар ма?
Қаһарыңа сүйеніп, жарлық беріп!
Бұл – тегінде Қара Жер лағнеті,
Адамзаттың аз емес қарабеті.
Жанымызға батады, арымызға,
Жер-Ананың көрген көп тақсыреті!
Есіңді жый, адамзат, ей адамым,
Кейпіндемін мен бейне кейуананың.
Тізгіндей біл өзіңді есірген жұрт,
Кепиеті атпасын Жер-Ананың!
Опасыздық
Һәм Қаңтар қасіреті
Ай, заман-ай, кейде бір ұшынасың,
Газ бағасын қияға ұшырасың...
Көтеріліп кеткенде қалың қазақ,
Есте болсын, халықтың мысы басым!
Билік сатса жанын да, арын-дағы,
Басылмайды жастардың арындары.
Әділдіктің ақ жолын алға ұстанып,
От боп тұтап кетердей жалындары!
Аяз да әбден ашынған, дала қыс-ты,
Мұнайшылар көңілі алағызды...
Маңғыстауда басталған ереуілден,
Газ бағасы түсті де, жалақы өсті...
Адалдықпен бағалар бұл өмірді,
Мәрт жігіттер сертінде тұра білді.
Арандату, арбауға ермеді олар,
Түсірсе де тағынан Премьерді.
Қайталаумен айтамын несін мұны?
Текті жұрттар ұнатпас есіруді.
… Алматыны амал не, жалын қапты,
2022 жыл, қаңтардың бесі күні.
Зұлым күштер...
Аттандап әр қиырдан,
Біздің елге бас салды тұтқиылдан...
Опасыздық, сатқындық, қарақшылық,
Шейіт кетті көшеге жұрт жиылған...
Зұлым күштер
бас-көзге қарамайды,
Шеттерінен қатігез, арам ойлы.
Қаруы жоқ қолында полицейді,
Тепкіге алып, адамға санамайды.
Қалай-қалай қас-дұшпан басынады,
Қызыл қанға бояды жас ұланды.
Адамзатқа тән емес нағыз жауыз,
Жас сарбаздың кескілеп басын алды!..
О, сұмдық-ай, қиратып, тонап жатыр,
Аш қасқырдай аяусыз талап жатыр...
Жедел жәрдем, өртенді өрт көлігі,
Бәрін бірдей қанжоса сабап жатыр...
Мейманасы жаулардың тасып тұрды,
Билікті де басында жасыттырды.
Өртке орап, қиратып, өші бардай,
Үкіметтің үйіне басып кірді...
Ел Басшысы енді-енді жағдайды ұқты,
Азамат ең есіл Ер қандай мықты!
Содырларды атуға үкім етті,
Одан өзге амалы қалмай тіпті!
Ішкі істер мен ұландар күшіне енді,
Жауар бұлттай түнерген пішінге енді.
Жай отындай жайратып жауыздарды,
Аяушылық болмасын түсінеді!
Дұшпандар да бой бермей анталайды,
Қорқаулардай көздері қанталайды.
Полицейлер өліспей-беріспейді,
Оққа ұшырды атысқан сан-талайды.
Сойқан салған содырлар тепсінеді,
Тентектер де өзінше ерсінеді.
Шабуылдап Көктөбе-мұнараға,
Атой салып барынша белсенеді.
Жас-кәрі ме, мейлі жас балақай ма,
Оқ атқанда ешкімге қарамайды, ә...
Әуежайды сатқындар тастап кетті,
Терроршылар салсын деп талапайға...
Ел Басшысы күйзеліп, күңіренді,
Елді сатқан жандардан түңіледі.
Үндеу жасап халқына қайта-қайта,
Сабыр менен сақтыққа жүгінеді.
Ұйқы көрмей күні-түн тіксінеді,
Басын шайқап, өнбойы түршігеді.
Ел қорғаудың амалын ойластырып,
Дамыл таппай сенделіп, күрсінеді.
Елдің басын мейлінше біріктірді,
Сатқындарды тұзаққа іліктірді.
ҰҚШҰ-ны шақырып шұғыл түрде,
Құтырынған дұшпанды құрыққа ілді.
ҰҚШҰ-ның әскері ұшып келді,
Кәрі қақпас құйрығын қысып берді...
Ұлттық ұлан, ұйысып полиция,
Жауды жығар батырдың күшіне енді!
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Намыс бермес ер батыл әрекетпен.
Сардарлар мен сарбаздар сайыпқыран,
Туған елді қорғады бәлекеттен...
Алматы мен басқа да аймақтарда,
Зығырданды зұлым күш қайнатқанда,
Жүрегінің түгі бар қыран ұлдар,
Қуанды ел жауларды жайратқанда.
Баяғы бір секілді сасық қалмақ,
Ойы болған билікті басып алмақ.
Бүкіл елдің байлығын жұтқан Обыр,
Одан сайын ойы бар тасып-толмақ.
Мүлде шығып кеткендей ел есінен,
Байлықтың мас бусанған елесімен,
Жұтқан сайын жұтам деп жұтырынды,
Жұтқандары келсе де кересінен.
Құлқын менен қамы үшін қара бастың,
Бәрінен де таймайтын бір албастың.
Ақорданың өзіне шабуыл жасап,
Төңкеріс те жасауға жанталасты...
Бар әлемге бос кеуде болды мазақ,
«Көп асқанға бір тосқан» дейді қазақ.
Өз еліне қастандық жасағанды
Күтер дейсің бақида енді тозақ.
Қолға түсті сандаған бүлікшілер,
Қолға түсті қылмысқа күдіктілер.
Қолға түсті Отанға опасыздар,
Арандатқан халықты іріткілер.
Қолға түсті қанқұйлы қандыауыздар,
Ел үстінен күн көрген жемді ауыздар.
Халқымыздың байлығын иемденген,
Жемсауы әсте толмайтын жалмауыздар.
Қара басты күйттеген қасқалар-ай,
Жоныңыздан тілінсін таспалар-ай.
Опасызға ләйім кешірім жоқ,
Осы күннен ойлансын басқалар-ай!
Жетім қалған көз жасы балалардың,
Жесір қалған көз жасы аналардың,
Жібермейді жексұрын зәнталақты,
Мәңгі өшпейтін рухы бабалардың!
Елге қару кезенген қор боп өлмек,
Отанына опасыз көрде өкірмек.
Ішкі-сыртқы жауларды ауыздықтап,
Ұлы Далам асқақ бол өр көкірек!
Аманат
Һәм Ата-бабалар өсиеті
Бабам менің – көсілген Ұлы Дала,
Әулиелер-әмбие, Пірім – Баба!
Тәңірінің сиынып әміріне,
Тарихымда тектілік ғұмырнама!
Бұл Қазақтың жоқ әсте жаман аты,
Тегі – Қазақ – Түркінің қағанаты!
Арғы Сақ пен Ғұндар да – түп-тамырым,
Ұлы Дала – ұрпаққа аманаты!
Дейді Бабам: «Тарихқа тас атпаңдар,
Босбелбеу боп буынды босатпаңдар.
Қарыс сүйем жер үшін қасарысып,
Аманатқа қиянат жасатпаңдар!»
Дейді Бабам: «Бұл Дала қанмен келген,
Елдік намыс, арпалыс, армен келген.
Еншісі емес Жекенің Ұлы Дала,
Бұл – Халықтың еншісі термен келген!»
Дейді Бабам: «Іштейін ірімеңіз,
Сыртың түтін, іштейін ірісеңіз.
Іргең бүтін болса егер – ірі негіз,
Мәңгі өшпейтін халық боп тірілеміз!»
Дейді Бабам: «Қазағым, рухшыл бол,
Ана тілі, салт-дәстүр – ғұрыпшыл бол.
Еліңді сүй, жеріңді, Ұлы Дала,
Тамырыңа үңіліп, түрікшіл бол!»
Дейді Бабам: «Ұрпағың есті болсын,
Жауырыны қақпақтай, төсті болсын.
Саналы да, сәулелі,
Қазақ десе,
Жанын қияр ел үшін сесті болсын!»
Дейді Бабам: «Ілімді-білімді бол,
Көрегенді, көргенді, ұғымды бол.
Тектілігің танылсын тәрбиеңнен,
Жұғымды бол, өсіп-өн, ғұмырлы бол!»
Дейді Бабам: «Туады алтын заман,
Болашаққа жол тартып халқым аман.
Ұйқысынан дүр етіп сілкінер ме,
Көшпенділер мекені – Ұлы Далам!»
Демократия
һәм Көреген Ер қасиеті
«Қазақстан –Ұлы Отан, алтын ұям,
Ұлы Далам кең-байтақ, майлы қиян...
Сенің үшін, Тәуелсіз елім үшін,
Тұғырымнан таймастан жанды қиям!»
Деді есіл Ер танытып тарпаңдығын,
Азулыға алдырмас арландығын:
«Арқалауға дайынмын арымастан,
Иығыма халқымның артқан жүгін!
Жау шапқанда жан бағып қала алмаймын,
Елге берген антымнан тана алмаймын!
Ерегескен дұшпан мен есерлердің
Езгісіне ешқашан көне алмаймын!
Қашып-пысып, бір жаққа боса алмаймын,
Бір сәтке де уақытты тоса алмаймын.
Тәубесіне келтіріп тексіздерді,
Содырлардың мысын бір басардаймын!
Еңіреп бір ездердей бұға алмаймын,
Қатер төнсе, әйнектей сына алмаймын.
Халқым барда, қаймықпай қарабеттен,
Көкбайрағын Елімнің жыға алмаймын!»
Замананың түссе де бар салмағы,
Жүрегінде дем беріп қайсар қаны,
Тосын шапқан дүлейден айыл жимай,
Қара нардай қатепті тайсалмады.
Жан әлемі соншалық күйіп тұрды,
Пенделіктен өресі биік тұрды!
Шарасыздық танытпай,
Шамырқанып,
Қазақ Елін бірлікке ұйлықтырды.
Кісәпірдің іске аспай көздегені,
Енді болмас Ескінің өз дегені!
Отыз жылда опық жеп ойсырадық,
Енді мәлім замана өзгерері!
Патшаң түлкі болмасын, ез болмасын,
Енді қазақ сайтанға кез болмасын.
Халық қалай апшымас арқар мінез,
Алдау менен арбаудан мезі болғасын.
Хан тағында отырса қабылан Ер,
Елдің сонда бабы мен бағы келер.
Жаңаруға жол тартқан Қазақстан,
Жасампаздық әупірім шағы келер!
Енді халық өзара теңеседі,
Қоғам болып Сеніммен кеңеседі.
Президент жұртымен ақылдасса,
Санасына сәуле еніп ел өседі.
Ешкімнің де ешкімде жоқ ақысы,
Өссе қандай еңбекте жалақысы.
Әл-ауқаты халықтың әлді болса,
Кімнің дауға келеді жолағысы?
Берілмеген бір құқық ешкімге артық,
Жемқорларды аямас іске тартып!..
Бостандық пен теңдіктің түбіріндей –
Демократия дегенің –
Заң мен тәртіп!
Кемел келешек
Һәм түзу болсын ел ниеті!
Басшы болса ашитын елге жаны,
Ойлайтыны күн-түні елдің қамы,
Халықтың да ақылы кірер басқа,
Елдің бағы әлбетте ердің бағы!
Бүгінгідей ұлы уақыт белеңінде,
Үйір болу ессіздік ереуілге.
Тәуелсіздік, бауырым, бақытымыз,
Толғана біл орамды ой тереңінде.
Өз еліңде ұқсамай жат адамға,
Күйбең күймен күйініп қапаланба.
Түзу ұшса түтіні түндігіңнің,
Тыныш жатар бабалар, аталар да.
Берекеміз болар ма ұрысқанда,
Пышағыңды кеземе туысқанға!
Арандама сақалды, залым жандар,
От жағуға араға тырысқанда!
Кішік болсақ, беліміз бүкіреймес,
Ұлық болсақ, мұртымыз тікіреймес.
Ел-жұртына әкімдер жақын болып,
Шенеуніктер паңсынып, шікіреймес.
Елім аман, көңіл шат күн кешелік,
Жұдырықтай жұмылып, бірлеселік.
Ақиқатқа айналып арманымыз,
Өмірге риза пейілмен тілдеселік.
Тату болсақ, атымыз озар дәйім,
Қазақстан шыңға қол созар дәйім.
Ынтымақты, ырысты Ел болайық,
Мен осындай баталы сөз арнаймын!