Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 03 Ақпан 2022

«Жаңа Қазақстан» ескі жүйенің шідерін үзе ала ма?!

None
None

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді дамудың жаңа кезеңіне шығаратын реформаларды жария етті.

Мемлекет басшысы халықты Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Қазір ел құлағы елеңдеп, көңілі алаңдап, шынымен де жаңашылдықтан үміттеніп отыр.

    Жалпы, Мамин үкіметі отставкаға кетіп, Смайылов үкіметі келгелі бері жұртшылықтың бір бөлігі жаңа тағайындалған үкіметке көңілі толса, енді бірі «қосылғыштар ауысқанымен, қосындының мәні өзгере ме», деген саяси пәлсапаны алдыға кесе көлденең тартты. Жаңа үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың бұған дейін де үкімет мүшесі болып, 2019 жылдан бері премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарғанын алға тартқан қайсыбір мамандар «мұндай ескі кадрлармен «Жаңа Қазақстанды» құра алмаймыз», деген пікірінен танбады. Бұған қатысты, саясаттанушы Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, егер «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, осы бір сәтті пайдаланып, атқарушы билік сапына жаңа кадр, жаңа тұлғаларды әкеліп алу керек еді.

– Кезінде Қазақстаннан Азия барысын жасағысы келгендер болған. Бірақ экономикалық параметрлер жағынан алғанда, біз өспедік.  ЖІӨ бес пайыздан артық өспейтін ел дамушы күйінде қалады. Қазақстан қазір де сол дамушы күйден арыла алмай отыр. Бұдан шығудың бір жолы шикізатқа байланған санадан ажырап, экономиканың инновациялық сегментін дамыту. Бірақ олай жасау үшін адам капиталы керек. Білікті мамандар, саналы жастар қажет, –дейді Жандос Өмірәлиев.

Маманның айтуынша, біз 30 жыл бойы әуелі – экономика, сосын – саясат деген бағытты ұстандық. Бірақ бұдан экономикамыз дамыған жоқ. Керісінше, қарызға баттық, бюджеттің қаражатын шаштық. Халықты тарықтырдық. Құрғақ уәде, орындалмайтын әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға уақыт текке кетті. Осының барлығын көріп, біліп отырып, «Жаңа Қазақстанға» ескі кадрлармен барамақпыз.

– Бастапқы уақытта белгілі бір өзгерістер болар, бірақ ескі кадрлармен бүкіл қоғамды, саясатты өзгертеміз, деп сенімді айта алмаймыз. Себебі ескі жүйеден сабақ алған бұл кадрлар бәрібір өзінің дегеніне салып, бұған дейінгі тәжірибесіне қайта-қайта оралары даусыз. «Жаңа Қазақстан» ескі жүйенің ықпалынан шығуы керек. Егер ескі саяси элита тиімсіз мемлекеттік аппаратты қолданса, мәселелер шешілмейді, – дейді ойын түйіндеген саясаттанушы.

Ал экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтың пікірінше, біз енді Ата заңда жазылғандай, әлеуметтік қоғам құруға бет бұруымыз керек.

– Біздің Конституциямызда мемлекет үшін бірінші маңызды дүние – халықтың әлеуметтік жағдайы екені жазылған. Бірақ осы 30 жыл бойы әлеуметтік мәселелерді нақты шеше алмадық. Елдің әлеуметтік жағдайы сырт қалды. Жыл сайын жәрдемақы, зейнетақы көлемін арттырғаннан өзге бұл салаларда жаңашылдық бола қойған жоқ. Мемлекеттің әлеуметке арналған стратегиялық бағдарламалары біз ойлағандай, ғажап нәтиже бере қойған жоқ. Енді «Жаңа Қазақстанда» осы дүниелер ескерілуі тиіс. Қандай кадрлар келсе де бірінші кезекте халықтың жағдайын шешетін, ауыртпалығын жеңілдететін бағытта жұмыс істеуі керек деп есептеймін, –дейді экономист-ғалым.

Негізінен, мамандардың айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайы, жалпы экономика жақсару үшін әу бастан ұлттық холдингтер, квазимемлекеттік секторлар қарқынды жұмыс істеуі керек-тін. Өкінішке қарай, бізде олай болмады. Бұл ретте, мамандар «мұның барлығын үйлестіруі тиіс «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы болуы тиіс еді, бірақ аталмыш холдингтің экономиканың, әлеуметтік жағдайдың локомотивіне айналуға әлеуеті жетпеді. Бұл әл-ауқат қорын басқарғандардың білімі төмен болды. Бұл арада тағы да сол кадр мәселесінің құлағы қылтияды», дегенді алға тартты.

– Қазір «Жаңа Қазақстан» аясында жасалып жатқан бір реформа – бұл «Самұрық Қазынаны» трансформациялау екені айтылды. 2008 жылы құрылған бұл қор  халықтың жағдайын, әл-ауқатымызды арттыру үшін қажет болды. Бірақ аталмыш қордың айналасына білікті мамандарды жинай алмадық.  Бұл қордың айналасына білікті, сауатты мамандар жиналғанда, қордың жұмысы осынша тоқырамас еді. Мұнай-газ, өндіріс, теміржол, стратегиялық жобалармен жұмыс істеу тек бір қордың аясында болу дұрыс емес. Мұндай жұмыстарды әрбір министрлікке жүктеп, әркім өз саласына жауапты болса, бөлінген қаражаттың да сұрауы болады, істеген істің де нәтижесі көрінеді, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Бұдан бөлек, «Жаңа Қазақстанға» қадам басу дегенде, «саяси партиялардың белсенділігі артуы қажет», дейтін мамандар да бар. Бұған қатысты, саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пайымдауынша, бізге экономикалық қадамдардан бөлек, саяси партиялардың белсенділігін арттыру қажеттілігі туындап отыр. «Осы уақытқа дейін билік партиясы атанып келген «Nur Otan» консервативті ұйым ретінде жұмыс істеді. Мұндай ұйымның бізге қажеттілігі шамалы. Болашақта партияның жұмысын реформалау керек. Бұдан бөлек,  Президент Тоқаевтың осы партияға төраға болуын да өз басым аса қолдамаймын. Президент партияда болмауы тиіс. Реформаны, міне, осыдан бастау керек», – дейді саясаттанушы.

Жалпы «Жаңа Қазақстанға» экономика мен саясаттан бөлек, тілімізбен, ділімізге дейін өзгеріп барғаны жөн екенін мамандар баса айтып отыр. Бұған қатысты сала мамандары: «Егер біз болашақта Қазақстанның беделін халықаралық деңгейге көтергіміз келсе, алдымен, билік қазақша ойлап, қазақтың жағдайын түсіне алуы тиіс. «Халықаралық саяси арена түсінсін», деп ресми тілде сөйлеуді доғару керек. Президенттің берген сұхбаттары, сөйлеген сөздері, баяндамалары түгелдей, қазақ тілінде болғаны дұрыс. Қазақ тілінде, қазақша ойлайтын реформаторлар болғанда ғана қазақтың ұпайы түгел болады. Сондықтан мемлекет басшысынан бастап, өзге шенеуніктер, министрлер, ең алдымен, қазақтың тілін, ділін, мәдениетін бойларына сіңіруі керек. Сол кезде билік халықтың мұң-мұқтажын жанымен түсінетін болады», – дейді.

Сөйтіп, «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың айтуынша, «Жаңа Қазақстанға» батыл ену үшін бізге, ең алдымен, ескі жүйенің шідерін үзу керек. Олай етпесек, қолға алып жатқан реформалардың ауқымы тар болады. Нәтижесінде, халық тағы да жаңашылдықтың не екенін сезінбей, билікке деген сенімге селкеу түсуі әбден мүмкін. Сондықтан енді халықтың сенімінен айырылмауы үшін билікке әділ шешімдер мен батылдық және  халыққа жақындық керек екені даусыз...

Тегтер: