«Жаңа Қазақстан» һәм ескі проблемалар
Оңтүстікте мақта теру науқаны қызған шағына келді. Бірақ биылғы науқан шаруаның ала жаздайғы еңбегін ақтамай тұр.
Билік тарапынан айтылған уәделердің бәрі айдалада қалды.
Бұған дейін жазғанымыздай, мақта теру науқаны басталардың алдында облыс әкімдігі «биыл мақтаның келісі 400 теңге болады» деген ақпарат таратқан еді. Шаруаның қуанышында шек болмаған. Алайда жағдай күрт өзгерді. Бұдан кейін қыркүйектің ортасында облыстық әкімдік бағаға қатысты мәліметті басқаша құбылтты.
– Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізді. Бүгінгі күнге мақта бағасының 1 тоннасы 374 мың теңгені құрады. Шитті мақтаны қабылдау үшін 18 мақта өңдеу зауытының 209 мақта қабылдау бекеттері жұмыстарын жүргізеді, – деген ақпаратты жария еткен әкімдік мақта зауыттарының «ақ алтынның» тоннасына 150-200 мың теңгеден аванс беріп жатқанын жария етті. Ал қалған қалдық қаражат қара күзде берілетін болып шешілген.
400 теңгеге құлақ үйреткен шаруалардың әжептәуір көңіл күйі түсіп қалған еді. Енді, міне, дәл қазір мақташы үшін 374 теңге де арман болып тұр.
Кешегі күні «Жас Алаштың» қосынына хабарласқан жетісайлық шаруалардың бірі әкімдік, зауыт басшылары тарапынан берілген уәделердің орындалмағанын алға тарты.
– Аванс деген атымен жоқ. Зауыттар әкелген мақтаның келісін 187-200 теңгенің шамасында қабылдап алады да «хабар алып тұрыңыз» деп шығарып салады. Беріп жатқан ешқандай аванс та, ақша да жоқ. Сонда 400 теңге, 374 теңге дегендері қайда қалды? Пандемиядан кейін әлемдік нарықта мақтаның бағасы қымбаттады деп жатыр. Біздің Жетісайда неге арзан? Кешегі күні бір зауыт мақтаны 330 теңгеден қабылдап жатыр екен деп естідік. Бірақ оның өзінде де ақшаны екі аптадан кейін беретін көрінеді. Шаруалар қашанға дейін сорлай береді? – деді хабарласқан азамат.
Оңтүстікте мақта бағасының арзандығын шаруалар соңғы жиырма жылда шырылдап айтып келеді. Қайбір жылдары жекеменшік мақта зауыттарына бәсекелес болсын, бағаны көтерсін деген ниетпен мемлекеттік мақта зауыты салынған. Бірақ ол зауыт үмітті ақтамады, ақыр аяғында жекешеленіп кетті.
Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен халықаралық мақта саудагерлерімен кездесу өткізді.
– Жалпы, келешекте сіздерді тек мақтаны тазалап, сатпай, қайта өңдеумен айналысуды қолға алуға шақырар едім. Тігін фабрикалары ашылса, көп мәселе шешіледі. Шаруаларға да тиімді, ішкі нарық артады. Жұмыс орындары да ашылады. Осы істі қолға алсаңыздар, біз қолдауға дайынбыз, – деді кездесуде облыс әкімі.
Оның артынша Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының мақталы өңірлерде өсірілген мақтаның бағасын қалыптастыру және мақтаны терең өңдеу өндірістерін дамыту қажеттілігі бойынша берген тапсырмасына орай көршілес Өзбекстан елінің Anteks Group компаниясының өкілдері Даврон Касымов пен Акмаль Абдувалиевті қабылдады.
Жетісай ауданы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, кездесу барысында шетелдік қонақтарға аудандағы өсірілген мақта шикізатын диқандардан нарықтағы қалыптасқан бағамен сатып алу жұмыстарын шұғыл түрде ұйымдастыру және оны жергілікті зауыттарда өңдеу арқылы экспортқа шығару, мақта талшығын терең өңдеу үшін ауданда қуаттылығы 5 мың тонна жіп иіру фабрикасын салу жөнінде ұсыныстар айтылған.
«Біздің ұсыныстарды қабыл алып, аудан аумағынан мақта шикізатын қайта өңдейтін кәсіпорын ашатын болсаңыздар, біз сіздерге жан-жақты көмектесуге дайынбыз. Жер беру, инфрақұрылыммен қамту, инвестициялық субсидиялау, кедендік, салықтық құжаттандыру және басқа да әкімшілік кедергілерді болдырмау бойынша қолдау көрсетілетін болады» депті аудан басшысы.
Түркістан облысы республикада мақта егетін бірден-бір өңір. Оңтүстіктің мақтасы – әлемдік нарыққа ықпалы аз шығар, бірақ оның тым құрыса ішкі нарықты мақта өнімдерімен қамтамасыз ете алмайтыны түсініксіздеу. Мақта шетелге шикізат күйінде экспортталып, су тегінге сатылып кетеді. Тәуелсіздік алғалы жіп иіретін, мата тоқитын кәсіпорындардың салынғанын естімеппіз. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын Шымкентте мақта-тоқыма кластерін дамыту үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл аймақтың не тындырып жатқанын ешкім білмейді. «Мақта-тоқыма өндірісін дамытамыз» деп, мемлекеттен миллиардтаған қаражат алған кәсіпорындар қайда? Енді келіп бір әкім мақта зауытының басшыларын тігін фарикаларын салуды қолға алуға шақырса, енді бір әкім шетел инвесторларына шұғыл түрде жіп иіру фабрикасын салуды ұсынады.
Қысқасы, «Жаңа Қазақстан» болғанымызбен, сол баяғы ескі проблемалар. Оны шешіп жатқан ешкім жоқ.