Жаңа Қазақстан қандай болуы керек?

Біз жаңа Қазақстан қандай болу керек деген сұраққа жауап іздеместен бұрын әуелі мынандай сұрақтарға жауап табуымыз керек.
Өткен тәуелсіздігіміздің отыз жылында Қазақстанда қандай мемлекет орнаттық. Осы уақыт ішінде елімізде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салаларда қандай жетістіктерге қол жеткіздік немесе неден кенже қалдық.
Болмаса кешегі қаңтар оқиғасының шығу себебі не, оған кім кінәлі? Осы сұрақтарға толық және объективті жауап тапқаннан кейін жаңа Қазақстан қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздеуге болады. Оның бер жағында өткен отыз жылға объективті жауап таппай тұрып, болашаққа жоспар жасау мүмкін емес.
Бұл қазақ халқының болашақ тағдырында шешуші рөл атқаратын сұрақтар. Осы сұрақтарға қазақ халқы әділ және объективті жауап тауып, өзінің ұлттық мүддесін дұрыс түсініп, алдарына дұрыс мақсат қойып, соған қол жеткізу үшін батыл қадамдар жасаса, өзінің тәуелсіздігі мен мемлекетінің тұтастығын сақтап қала алады.
Біз өткен отыз жылда, бір адамның айтқаны мен уағызына сеніп, соның көрсеткен жолымен жүрдік. Ол – «Қазақстан-2030 стратегиясы», «Қазақстан – 2050 бағдарламасы» деп аталды және ол стратегиялық бағдарламалар қате жасалынған болатын. Мысалы, «2030 стратегиясында» еліміздің рухани тәуелсіздігі, яғни тілі, діні, салт-дәстүрі жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Уақытында коммунистер де «Совет Одағында коммунизм орнатамыз» деп халықты 70 жыл бойы алдаған болатын, бірақ та ол уәденің қалай аяқталғанын жақсы білеміз. Сол сияқты экс-президент Назарбаевтың «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдегі ең өркениетті алдыңғы қатарлы 40 елдің қатарына қостым» деген болатын. Экс-тің бұл айтқандары жалған, өтірік екенін өткендегі қаңтардағы Қазақстанда болған оқиғалар толық әшкере етті.
Егерде, саяси тәуелсіздік туралы айтатын болсақ Совет одағы 1991 жылы ыдырағаннан кейін Қазақстан жалғыз жұртта қалуына байланысты билік амалсыздан тәуелсіздікті жариялауға мәжбүр болды. Оған дейін сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Назарбаев Совет одағын сақтап қалу үшін күресті. Ол – Қазақстан тәуелсіздігін алып, өзі президент болып сайланғаннан кейін Қазақстанның материалдық байлығы мен саяси билігін бұрын өзі сияқты отаршылдарға қызмет еткен бюрократ шенеуніктерге бөліп беріп, Қазақстанның бірден-бір қожасы болып өзі билікте отыз жыл отырып ойына келгенін жасады. Осы отыз жылда Қазақстанның материалдық байлығының тең жартысын 162 адамның қолына шоғырланған екен, қалған халық не істейтін жұмыс жоқ, не тұратын үйлері жоқ, кедейшіліктің азабын көріп өмір сүрулеріне тура келді.
Қазақстан халқы бірнеше ғасыр патшалық Ресейдің соңынан қызыл империяның боданы болса, Одақ ыдырағаннан кейін бұрын отыршылдарға қызмет еткен бюрократ шенеуніктердің езгісіне түсіп, өздерін тәуелсіз ұлт ретінде сезіне алмады. Бұрын отаршылдарға қызмет еткен шенеуніктер Кремльдің бақылауынан құтылғаннан кейін Қазақстанда авторитарлық саяси жүйе орнатып, бұрынғы отаршылдардың саясатын жалғастыра берді. Егерде Қазақстанда қазақтарды орыстандыру процесі қалай жүрсе, қазір де солай, бұрын ана тілін білмейтін мәңгүрттер 40 пайыз десек, қазір 50 пайыз болыпты.
Осы кезге дейін қазақ жастарының көбі, соның ішінде бюрократ шенеуніктердің балалары мен немерелері орыс мектептерінде оқып білім алып, тәрбиеленеді. Іс қағаздары орыс тілінде жүреді. Қазіргі қолданыстағы қарпімізді 2025 жылы латын қарпіне ауысады дейміз, ол қазақ тілінде оқитындарға байланысты болмақ. Олай болса іс қағаздары орыс тілінде орыс қарпінде қала берсе қазақ мектебін бітірген балалар әкімшілдік жұмыстан шеттетіледі деген сөз. Бұл мүмкін қазіргі орыстілді шенеуніктердің ойлап тапқан қулығы шығар. Бұл мәселені қазірден қоғам талқысына салып шешіп алу керек. Әйтпесе қоғам ішіндегі қайшылықтар уақыт өткен сайын күрделеніп бейбіт жолмен шешу мүмкін болмай қалады. Қазіргі қоғам ішіндегі қайшылықтың бәрі Қазақстанда Назарбаев өзін Елбасы жасап, қоғамда авторитарлық жүйе орнатып, шексіз билік жүргізуінің салдары.
Қазақстан тәуелсіз ел атанса да рухани тәуелсіздікке отыз жыл бойы қол жеткізе алған жоқ. Болашақта мұның бәріне кім кінәлі екенін уақыт бағасын берері анық. Оған дейін қазақ халқы сабырлылық сақтап, қазіргі тарих сыйлаған тәуелсіздігін сақтап, халықтың бірлігін нығайта беруі керек.
Қазақстанда қаңтарда болған қылмысты шет елдерден келген террористер ұйымдастырды деу ешқандай қисынға келмейтін әңгіме, оны ұйымдастырған орыстілді биліктен шыққан мәңгүрттермен соңғы отыз жылда өмірге келген және Назарбаевтың интернационализм идеологиясымен тәрбиеленген, ұлттық идеядан хабары жоқ, істейтін жұмыстары жоқ, материалдық қиыншылық көріп, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздікке наразы қазақтың жастары.
Қаңтар оқиғасының шығу себебін және оған кінәлілерді уақыт көрсетеді, ол жөнінде комиссия құрылып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонда да қазірдің өзінде отыз жыл бойы Назарбаев жалған айтып халықты алдап келгені анық болды, себебі Қазақстан мемлекеті іштен шыққан бүлікке қарсы тұра алмай, сырттан қарулы көмек шақыруға мәжбүр болды. Бұл Назарбаевтың «отыз жыл ішінде Қазақстанды дамыған 40 елдің қатарына қостым» дегені, жалған, ешқандай мәні жоқ жәй айтыла салған сөз екені белгілі болды. Олай болса, қандай қателіктерге жол бердік, соны анықтап алуымыз керек.
Біздің басты қателігіміз, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін билік басында отаршылдарға қызмет еткен бюрократ шенеуніктер саяси билік басында қалып қойды. Оларда туған халқына деген патриоттық сезім, имандылық, адамгершілік қасиет болған жоқ. Бар мақсаттары шексіз билік пен тегін байлыққа ие болып, шалқып өмір сүру еді. Осы мақсатта қоғамымызда авторитарлық саяси жүйе орнатып, Назарбаевты «Елбасы» сайлап жеке басқа табыну тәртібін орнатты. «Екінші қателігіміз, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қоғамымызда отарсыздандыру саясатын жүргізбей, бәрін сол бұрынғы қалпында қалдырдық. Үшінші қателігіміз, мемлекет құрушы қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғайтын ұлттық идеология жасамай, сол бұрынғы коммунистердің интернационалдық идеологиясында өмір сүруді жалғастыра бердік. Соның салдарынан еліміздің тәуелсіздігін жариялағанына отыз жыл болғаннан кейін осындай трагедияға тап болдық. Бұған әрине бірінші кезекте елімізде авторитарлы саяси жүйе орнатқан билік кінәлі. Олар – мемлекет құрушы қазақ халқының мүддесін қорғамай, оған наразылық білдірген адамдарға қарсы мемлекеттің күш қолдану тәсілін пайдаланып, адамдардың құқығын шектеп, жаншып отырды. Олар тұңғыш президент туралы конституциялық заң шығарып, бір адамның мүддесін халықтың мүддесінен жоғары қойып, осындай әділетсіз саясат жүргізді.
Қазақстан өткенде жіберген қателіктерін ескере отырып, алдағы уақытта алдарына қандай мақсат қойып, қандай саясат жүргізуі тиіс деген сауал тұр. Бұл сауалға дұрыс жауап табу үшін біз әуелі ұлттық идеологиямызды жасауымыз керек. Сол идеология арқылы болашағымызды болжап, алдымызға айқын мақсат қойып, соған қол жеткізуіміз үшін әрекет етуіміз керек.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан жасаумыз керек деп ұсыныс жасады. Бірақ сол жаңа Қазақстанда осы мемлекетті құрушы титулды ұлт қазақ халқының ұлттық мүддесін қалай шешу керек және Қазақстанда қандай қоғам орнатуымыз қажет, ол үшін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салаларда не істеуіміз керек екені айтылған жоқ. Сонымен қатар Қазақстанда болашақта қандай саяси жүйе орнатуымыз керек екенін анықтап алуымыз керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шын ниетімен Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап, мемлекетін нығайтқысы келсе, бірінші кезекте Қазақстанды Отаным деп санайтын ұлт патриоттарын, ұлттық болмысты сақтап, ұлттық құндылықтарды дамытып, ұлттық намысты қорғағысы келетін азаматтарды тәрбиелеп өсіруге күш салуы керек. Ол үшін елімізде «ұлттық идеология жасап» соның негізінде «мемлекеттік идеологияның» бағдарламасын қабылдап, алдымызға айқын мақсат қойып соны іске асыруға еңбек етуіміз керек.
Кешегі қаңтарда Қазақстанда болған қанды оқиға осы биліктің қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенімсіздік білдіріп, оны билік басынан кетіру мақсатында ұйымдастырған әрекеті. Бірақ бұл жолы олардың жоспары іске аспады. Бұл олардың мақсатынан бас тартты дегенді білдірмейді, себебі олардың қолдарында билік те, байлық та бар және олардың қылмыстары түгел әшкереленген жоқ, сондықтан олар өздерінің мақсатына жету үшін әлі талай әрекетке баратындары анық. Қазақ халқы саяси сауатты болып, өздерінің ұлттық мүддесін қорғауы үшін олардың қолында ұлттық идеологиясы болуы керек және осы идеология арқылы алдарына айқын мақсат қойып, сол үшін күресе білулері тиіс. Қазақтың ұлттық мүддесіне бүгінгі күні тәуелсіздігіміздің нығаюын, жеріміздің тұтастығын, тіліміздің дамуын, дініміздің сақталуын, салт-дәстүріміздің өркендеуін жатқызуға болады. Осы ұлттық мүддемізді санамызға сіңіріп, соны қорғап дамытуды алдымызға мақсат етіп қойып, соны іске асыруға ұмтылуымыз керек.
Екінші қауіп Ресейдің империалистік экспансиясы, оны қазіргі Ресей билігі алдарына басты мақсат етіп қойып отыр, оған Ресейдің қазіргі Украинада жүргізіп отырған саясаты айқын дәлел бола алады. Украинаның тарихи тағдыры қазақ халқының тағдырына өте ұқсас. Украиндықтар да бірнеше ғасыр Ресейдің отары болып, басында билігі болмады және халқының біраз бөлігі ассимиляцияға ұшырап ұлттық болмысын, тілін жоғалтып мәңгүрттеніп кеткен болатын. 1991 жылы Совет одағы деген империя күйрегеннен кейін Украина тәуелсіздігін жариялап, өз алдына егемендігін алған соң украин тілін мемлекеттік тіл деп жариялаған болатын, бірақ совет одағы кезінде барлық іс қағаздар орыс тілінде болғандықтан және украин тілі орыс тіліне жақын болғандықтан украиндардың көбі орыс тілінде сөйлеуге үйреніп кеткен болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін украин билігі ұлттық мүддені қорғау үшін украинша сөйлеуді талап ете бастады, бірақ бұл талап орыс шовенистеріне онша ұнамады, сондықтан 2014 жылы Украин патриоттары Ресейдің қолжаулық президенті Януковичті тақтан тайдырды. Осы уақиғаны пайдаланып Путин Қырым облысында референдум ұйымдастырып Қырымның жарты аралын Ресейге қосып алды және Донецк мен Луганскідегі сеператистерге қару мен материалдық көмек көрсетіп олардың Украинадан бөлініп шығуына күш салуда. Ертең Украинада істеген әрекетін Қазақстанға да қолданары анық. Путиннің негізгі мақсаты – Ресей империясын қайта қалпына келтіру. Сол үшін Батыс Европа елдері мен АҚШ-ты атом соғысымен қорқытып совет одағын қалпына келтіруге тырысуда. Демократиялық елдер үшінші дүниежүзілік соғысты қаламайды, Путин соны пайдаланып, Қытаймен одақтасып, дүниені қайта бөліске салғысы келеді. Ол үшін Путин авторитарлы елдердегі диктаторларды қолдап, солардың көмегімен қайтадан Ресейдің империясын құрғысы келеді. Сондықтан бұрын орыстардың отары болған елдер күш біріктіріп, демократиялық елдердің Путиннің экспансиясына қарап күресіне қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана Қазақстан өзінің тәуелсіздігі мен мемлекеттігін сақтап қала алады. Оның бер жағында Путиннің сөз жүзіндегі Ресейдің Қазақстанға территория жөнінде ешқандай талабы жоқ дегеніне ешқандай сенуге болмайды, ол үшін жазбаша түрде халықаралық шарт жасау керек. Совет одағы кезінде басқа ұлттардың бәрін орыстандырып оны совет халқы деп атап коммунизм тұсында ұлтқа бөліну болмайды, мемлекет болмайды деп қиялға беріліп, адамдарды алдап келген болса, қазір Путин ашық түрде орыстандыру саясатын жүргізіп отыр. Украиндағы соғыстың басты себебі Украинадағы орыс диаспоралары украинша сөйлегілері келмейді Украинаның мемлекеттік тіл туралы заңына бағынбайды. Қайта керісінше, Беларуссияда Қазақстандағы сияқты іс қағаздары орыс тілінде жүріп, орыс тілінің үстем болғанын қалайды. Осы елдердегі өсіп келе жатқан жастар ана тілін білмей орыс тілінде сөйлесе олардың ұлттық санасын жойып, ассимиляциялау оларға жеңілдеу болады.
Бұрынғы совет одағының құрамында болған республикалардың ішінде Қазақстан мен Беларуссияда осы күнге дейін іс қағаздары орыс тілінде жүреді, заңдары орыс тілінде әзірленеді. Сондықтан орыс диаспоралары сепаратистік әрекетке бара қойған жоқ. Себебі Назарбаев пен Лукашенко тіл проблемасын сол бұрынғы совет одағы кезіндегідей сол бұрынғы күйінде қалдырды.
Назарбаев отыз жыл бойы басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда тыныштық пен татулық халықтар достығының арқасында салтанат құруда деп мақтанып келді. Ал шын мәнісінде ол тыныштық Назарбаевтың қазақ халқының ұлттық мүддесін ойламай аяқ асты етіп, орыс диаспораларының талаптарын орындауға тырысып келді. Соның салдарынан қазақ халқының ұлттық құндылықтары дамымай рухани тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алмай келеді.
Біз Қазақстанда Жаңа Қазақстан орнатқымыз келсе оны рухани тәуелсіздіктен бастауымыз керек. Қазақстанда рухани тәуелсіздіктің басты атрибуты мемлекет құрушы титулды қазақ ұлтының тілі. Сондықтан мемлекеттік тіл, қазақ тілі Ресей конституциясында жазылғандай Қазақстан азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге міндетті деп Конституциямызға жазып қоюға тиіспіз, сонда ғана Қазақстанда тіл проблемасы әділ шешілетін болады.
Кейбіреулердің ойлауы мүмкін «президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалай Жаңа Қазақстан құрамын дейді, егер де оның өзі орысша оқып, орыс мәдениетінде тәрбиеленсе қалай қазақ рухындағы мемлекет, қазақ мәдениетіндегі қоғам құра алады» деп ойлайды. Меніңше бұл қате пікір, себебі әңгіме адамның санасы мен ниетіне байланысты. Егер адам ненің қате, ненің дұрыс екенін саналы түрде шешсе, барлық уақытта дұрыс жол табуға болады, тек ниеті дұрыс болса болғаны.
Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген мақал бар, біздер алдағы уақытта тағы алданып қалмас үшін қолымызда ұлттық идеология болуы керек, сол арқылы ненің дұрыс, ненің қате екенін айыра алатын боламыз.