Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:50, 15 Наурыз 2022

Жаңа Қазақстан құру үшін не істеу керек?

None
None

Қанды қаңтар көтерілісі тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа бетін ашты. Халық Жаңа Қазақстан құру бастамасының төңірегіне топтаса бастады.

Бүгінгі бұрылыс һам алуан түрлі ойлар мен мүдделер ашық алаңға шыққан кезеңде қоғам бір нәрсені ең басты назарда ұстауы керек. Ол – заң үстемдігі. Біз – республикалық елміз.  Республикалық тізімнің еңбасты ерекшелігі заң үстемдігінің салтанат құруы. Президент заң үстемдігінің кепілі.  

     Қ.Тоқаев президент ретінде алдымен қолданыстағы Конституция үстемдігін толық іске асыруы, беделін қалпына келтіруі керек. 

Қолданыстағы Конституциямызда «заңдар конституция негізінде жасалады, қайшы келсе конституция басшылыққа алынады» деп жазылған. Қазіргі Елбасы туралы заң, Сайлауға қатысты заңдарда конституцияға қайшы тұстары жетерлік. Бұл айтылып та, жазылып та келеді.

Айтар болсақ Конституцияның 14-бап:

1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.

 2. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.

Депутаттық сайлаудың партиялық тізіммен жасақталуы   Конституцияда жазылған Қазақстан азаматтарының сайлану құқына қайшы. Былтыр бұл мәселені қоғам белсендісі Макс Боқаев көтерді.  Қазақстан сотына жүгінді. Халық заңдарымыздағы бұл қайшылықты анық біліп отыр. Президент Конституцияның қадірін кетіретін бұл заңдарды жою керек. 

  Заң үстемдігінің айқын бір белгісі заңның әділ атқарылуы.

Қазір халық әділ сот бар екеніне сенбейді. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысқан ереуілшілерде қару болды. Күштік құрылымдардың өмірлеріне қауіп төнген соң, оқ атуға мәжбүр болды дегені, ешқандай заттық айғақ дәлелсіз, қорытынды үкімге кім сенеді.  Отыз жылдық тәуелсіздік тарихымызда халықтың көкейінде жүрген әділетсіз сот үкімдері көп. Бәрін қайта қарау керек. Қ.Тоқаев Конституциялық сотты дереу қалпына келтіру керек.

  Заң үстемдігінің және бір жарқын белгісі күшті құқықтық сананың қалыптасуы. 

Адамдардың құқы заң мен мораль арқылы реттеледі. Біз бұл жерде заңмен реттелген құқықты айтып отырмыз. Біз – құқықтық мемлекет құрамыз. Бар мәселені заңмен реттелген құқықтық тұрғыда бағалау, біздің құндылығымызға айналу тиіс. Қазір экс-президентке қандай баға беру күн тәртібінде тұр. Біз оған құқықтық тұрғыда баға бермесек, қоғамда құқықтық сана қалыптастыра алмаймыз. Құқықтық мемлекет құру нысанамызға ауыр, әрі зиян келеді. 

  Қ.Тоқаевтың президент ретінде енді бір істейтін ісі өзін тек билік транзитін жасаушы тұлға ретінде көрсету. 

Ел билігінің жаңа саяси күштерге бейбіт жолмен ауысуы өте маңызды. Қ.Тоқаев өзі бас болып, «Аманат» партиясы мүшелерінің, лауазымды тұлғаларының келесі президенттік сайласуға түсуге моральдық тұрғыда құқы жоқ екенін мойындауы керек. Саналы түрде президенттік сайлауға түсуден бас тартулары керек.

Біз тез арада, алдымен, президент сайлауын өткізуіміз керек. Қазір халық азаматтардың саяси өмірі жанданбаса, ешқандай өзгеріс те даму да болмайтынын анық түсінді. Саяси өмірдің жандануының басты кілті — президенттікке кандидаттар арасындағы ашық дебат.  Бұл норма саяси партиялар арасындағы әділ бәсекелестікті тудырады. Саяси бағдарламалар арасындағы бәсекелестікті қалыптастырады. Сонда ғана біз Қ.Тоқаев айтқандай, жаңа саяси мәдениетті біртіндеп қалыптастыра аламыз. Қ.Тоқаев келесі кезекті президент сайлауына түссе, ол өз қарсыласымен ашық пікірталасқа түспейді. Түссе, тас талқан болып жеңіледі. Саяси дода қызбайды.  Ел Қ.Тоқаевтың қарсыласына одан құтылу үшін дауыс береді.  «Аманаттың» партия ретінде ендігі өмір сүру жолы оппозициялық партияға айналу.

«Демократия жақсы нәрсе емес, бірақ адамзат қазірге дейін одан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ», деген қанатты сөзді барлығымыз естіп жүрміз, түсінеміз. Бізге демократияны ту етіп, қандай қиыншылық болса да азаматтардың саяси өмірін жандандырудан басқа жол жоқ. Бүгінгі билік жүйесіне халықтың сенімі сарқылып бітті. «Өтірікшінің шын сөзі зая» дегендей, шын айтып, шын істесе де ел сенуден қалды. Бүгінгі билік жүйесіне билікті өткізіп беруден басқа жол жоқ. Егер бүгінгі билік бұл жолды таңдамаса, ендігі жол халықтың билікпен алысуы ғана болады.   Қ.Тоқаев өзі айтқандай, барлығынан Мемлекет мүддесін жоғары қоятын азамат болса, ел айтқандай, қолы таза, ниеті түзу жан болса, бұл талапты орындайды, деп ойлаймыз.   

Тегтер: