«Жаңа Қазақстан» және Президенттік кадр резерві
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы үшін талантты жастарды қолдап, оларды мемлекеттік қызметке орналастыруға бағыт берудің маңызды екенін атап өткен болатын.
«Жаңа Қазақстанның» қалыптасу, даму кезеңінде білімді жастардың жұмылып бірге жұмыс жасап, келелі істерімен жұртқа пайдасын тигізіп жатса мемлекеттің ұтары көп болар еді.
Жақында үкімет үйінде ҚР премьер-министрі кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаев сонымен бірге кеңсенің бөлім басшылары президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесу өткізген болатын.
Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министр кеңсесінің құрылымы туралы толығырақ айтып өткен соң қатысушыларға құрылымдық бөлімдер мен қызметкерлер алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндірді.
Премьер-министр кеңсесінің басшысы мамандардың тәжірибесі мен біліктілігі оларға жүйелі шешімдер қабылдап, талдау жүргізуге және салалық мемлекеттік органдармен қатар әлеуметтік-экономикалық болжамдарды іске асыруда үлкен көмек болатынын тілге тиек етті. Мұнда меңгерген кәсіби бэкграунд білім мен практикалық дағдыларды әрі қарай да пайдалануға мүмкіншілік берілмек. Кездесу ашық диалог форматында өткізілген. Президенттік кадр резервіндегі жастар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға тастап талқылады. Тәжірибелі мамандарға түрлі сауалдар қойып, өзіндік пікір көзқарастарын да білдірді.
«Премьер-министр кеңсесінің әрбір қызметкері өзінің лауазымдық функцияларына кіретін ауқымды әрі жан-жақты мәселелерді шешеді. Пандемия, қасіретті қаңтар оқиғасы сияқты күрделі кезеңде кеңсе аппараты ел игілігі үшін өзінің тиімді және жедел жұмысын көрсетті», — деді Ғалымжан Қойшыбаев.
Кеңсе басшысы Ғалымжан Қойшыбаев президенттік жастар кадр резервінің өкілдері көтерген бірқатар бастамалар мен ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Ел болашағы саналатын жастардың бірінші кезекте қызметте адал болып мемлекетшіл идеядан ауытқымауы Жаңа Қазақстанның дамуы үшін маңызды болып қала береді.